Әрбір ұлттың өзіне ғана тән ерекшелігін айқындайтын ең басты құндылығы – оның тілі. Тіл – халықтың жаны, рухы, мәдениеті мен тарихының алтын қазығы. Ұлттың сан ғасырлық өмір тәжірибесі, дүниетанымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен рухани мұрасы тіл арқылы сақталып, келер ұрпаққа аманат болып жетеді. Сондықтан тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, халықтың болмысын танытатын баға жетпес құндылық.
Қазақ халқы ежелден сөз өнерін ерекше қадірлеген. Халқымыздың шешендік сөздері, жыр-дастандары, айтыс өнері – қазақ тілінің байлығын айқындайтын асыл мұралар. «Өнер алды – қызыл тіл», «Ана тілің – арың бұл» сияқты халық даналығы сөздің мәнін айқын көрсетеді.
Тіл арқылы адам өз ойын жеткізіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, туған халқымен рухани байланысын нығайтады.
Ана тілі – әр адамның өміріндегі ең алғашқы әрі ең қастерлі тіл. Бала дүниеге келген сәттен бастап анасының әлдиін, туған елінің үнін естіп өседі. Ана тілі арқылы ол мейірімділікті, адамгершілікті, ұлттық тәрбиені бойына сіңіреді. Ана тілін құрметтеу – өзіңді, отбасыңды, туған жеріңді құрметтеумен тең.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – қоғамның ортақ міндеті. Соңғы жылдары қазақ тілінің білім беру жүйесінде, мемлекеттік басқаруда, бұқаралық ақпарат құралдарында, ғылым мен мәдениет саласында қолданылу аясы кеңейіп келеді. Сонымен қатар цифрлық технологиялардың дамуы қазақ тілінің жаңа мүмкіндіктерін ашуда. Қазақ тілінде кітаптар, ғылыми еңбектер, мобильді қосымшалар, сайттар мен электронды ресурстар саны артып келеді.
Мемлекеттік тілді дамыту тек мекемелердің немесе білім беру ұйымдарының міндеті емес, әрбір отбасының, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Үйде балалармен қазақ тілінде сөйлесу, қазақ әдебиетін оқу, ұлттық мәдениетке қызығушылық таныту, мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, сауатты жазуға ұмтылу – тілдің болашағына қосылған маңызды үлес.
Әсіресе жастардың қазақ тілін ғылымда, кәсіпкерлікте, ақпараттық технологияда және халықаралық деңгейде кеңінен қолдануы – тілдің өміршеңдігін арттырады.
Тіл – ұлттың мәңгілік мұрасы. Тілін сақтай алған халық қана өзінің тәуелсіздігін, мәдениетін және рухани байлығын сақтай алады.
Қорытындылай келе, тіл – халықтың жаны, болмысы және елдігіміздің басты белгісі. Ана тілімізді ардақтау, оның мәртебесін көтеру, күнделікті өмірде кеңінен қолдану – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Ұлттық рухымызды нығайтып, болашақ ұрпаққа бай да көркем қазақ тілін аманат ету – бәрімізге ортақ міндет. Тіліміз мәңгі жасай берсін!
Ақбота Кәрімбай
«Тілдерді оқыту және дамыту орталығы»КММ ағылшын тілі оқытушысы.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары