Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » ТҮРКІСТАНДА «ТҮНГЕ ТАМҒАН БІР ШУМАҚ» ПОЭЗИЯ КЕШІ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА «ТҮНГЕ ТАМҒАН БІР ШУМАҚ» ПОЭЗИЯ КЕШІ ӨТТІ

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының «Түнгі кітапхана» жобасы аясында Қолөнершілер қалашығында «Түнге тамған бір шумақ» атты поэзия кеші өтті.

Ашық аспан астында ұйымдастырылған рухани кеш әсем әнмен басталып, жыр сүйер қауымды бір арнаға тоғыстырды. Алтын күздің ажарын кіргізген кітапханашылардың қолынан шыққан инсталляциялық көрмелер мен айналаны көмкерген жарықшамдар кешке ерекше сән беріп, ақындарға шабыт сыйласа, көрермен көңіліне жылылық ұялатты. Күзгі кештің қоңыр салқыны, түнгі Түркістанның әсем көрінісі мен төгілген жыр бір-бірімен үйлесіп, поэзияға толы айрықша атмосфера қалыптастырды.

Кештің басты ерекшелігі – екі буын ақындарының шығармашылық үндестігін танытқан әдеби дуэль болды.

Жыр додасына (-40+) «Отызда орда бұзғандар» және «Қырықта қамал алғандар» топтары қатысты. «Отызда орда бұзғандар» тобында Нұрғали Сердалиев, Бауыржан Ерман, Арқалық Әмәлият, Әйгерім Жұмабаева жыр сайысына түссе, «Қырықта қамал алғандар» құрамында Айдар Сейдазым, Асылзат Арыстанбек және композитор Жанар Болатбекова бақ сынады.

Кеш тізгінін ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлаухан Жоланов ұстады.

Поэзиялық сайыс екі кезең бойынша өрбіді. Алғашқы кезеңде қатысушылар ел мен жерге деген сүйіспеншілікті арқау еткен патриоттық жырларын оқып, туған жерге деген ыстық ықыласын өлеңмен өрнектеді. Екінші кезең лирикалық поэзияға ұласып, ақындар жүрек сырын, сағыныш пен нәзік сезімді арқау еткен шығармаларын көпшілік назарына ұсынды.

Кеш барысында Түркістан төріне ат басын тіреген Астаналық ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Асантемір Қаршығаұлы да арнайы қонақ ретінде келіп, делебесі қозып сахнада өз туындыларымен ыстық ықыласын білдірді.

Әдеби дуэль барысында екі топта бір-біріне үлкен ілтипатпен қарап, поэзия әлемінде үндестік тауып, тың туындыларымен табиғаттың тамырын иіткендей әсер қалдырджы. Көпшілік көрерменнің көңілінен шыққан жыр кеші жас жүректердің жігерін тасытып, жас буын ақындармен жыр сүйер қауым өз өнерлерін ортаға салды.

Кеш соңында белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.

«Түнге тамған бір шумақ» – алтын күздің әсемдігі мен түнгі Түркістанның тынысын жырмен тоғыстырып, ақын мен оқырман арасын жақындатқан, поэзияның құдіретін сезіндірген тағылымды рухани кездесу болды.

Поэзия кешіне келген көрермендер ақындардың шығармашылығына жақынырақ үңіліп, олардың өлеңдерінен әр кезеңнің тынысын, адам болмысының сан қырлы сезімдерін байқады. Әр туындының өзіндік үні мен айтар ойы кештің мазмұнын тереңдете түсті.

Шара барысында әдеби орта өкілдері мен оқырмандар арасында еркін шығармашылық байланыс орнады. Қатысушылардың пікір алмасуы өлеңнің тек сахнада орындалатын шығарма емес, адамдарды ортақ ой мен сезімге біріктіретін рухани күш екенін көрсетті.

Кешке жиналған жастар үшін ақындардың өнері ерекше әсер қалдырды. Қалам ұстаған жас буынға аға буын өкілдерінің шығармашылық жолы үлгі болып, әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде поэзияның кейінгі ұрпақпен сабақтастығын нығайта түсетіні сөзсіз.

Түркістанның тарихи ортасында өткен мәдени басқосу қаладағы әдеби-мәдени ортаның жандана түскенін аңғартты. Қолөнершілер қалашығының өзіндік келбеті мен шығармашылық орта кеш қонақтарына ұлттық мәдениет пен заманауи өнердің үйлесімін сезінуге мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Түнгі кітапхана» жобасы аясындағы мұндай кездесулер кітапхана кеңістігін жаңа форматта таныстырып, кітап пен әдебиетті көпшілікке жақындатуға бағытталған. Еркін форматтағы әдеби басқосулар оқырманның кітапханаға деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қауымдастықтың қалыптасуына жол ашады.

Кештің мазмұны мен шығармашылық сипаты қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлап, өлең өнерінің адам жанын тебірентер қуатын тағы бір мәрте танытты. Әдебиетке жанашыр қауым үшін бұл кездесу жаңа әсер мен шабыт сыйлаған мазмұнды мәдени шара ретінде есте қалды.

Кеш барысында өлең оқумен қатар, көрермендерге шығармашылық еркіндікке мүмкіндік беріліп, әдеби ортада өзара пікір бөлісуге жол ашылды. Жырдың әр жолынан өмірдің түрлі сәттері мен адам көңіліндегі толғаныстар көрініс тауып, тыңдарманға ой саларлық әсер қалдырды.

Осындай мәдени кездесулер қаланың рухани өмірін жандандырып қана қоймай, шығармашылық адамдардың басын қосып, әдеби байланысты нығайтуға ықпал етеді. Поэзияға деген қызығушылықты арттыратын бұл бастамалар кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*