Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » ӘДЕБИЕТ ПЕН ТАРИХ ТОҒЫСЫНДАҒЫ ТАҒДЫР

ӘДЕБИЕТ ПЕН ТАРИХ ТОҒЫСЫНДАҒЫ ТАҒДЫР

Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында көрнекті жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы және әуезовтанушы Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың 75 жылдығына арналған «Әдебиет пен тарих тоғысындағы тағдыр» атты кітап көрмесі жасақталды.

Тұрсын Жұртбай 1951 жылы 15 тамызда Семей облысы, Абай ауданының Шаған ауылында дүниеге келген. Ол саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен тарихының өзекті мәселелерін зерттеуге, Алаш қайраткерлерінің тағдыры мен шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа танытуға арнаған көрнекті тұлға.

Көрмеге қаламгердің «Ұраным – Алаш!..», «Бесігіңді түзе!», «Бейуақ» және басқа да құнды еңбектері қойылып, ғылыми және шығармашылық мұрасы кеңінен таныстырылды.

Кітап көрмесі арқылы оқырмандар ғалымның ұлт тарихын зерделеуге, Алаш мұрасын жаңғыртуға және қазақ руханиятын дамытуға қосқан елеулі үлесімен таныса алады.

Тұрсын Құдакелдіұлының «Абай шыңы – Мұхтар шыңы» атты алғашқы шығармасы 1966 жылы мектеп оқушыларының республикалық байқауында бәйгеге ие болып, он бес жасында баспасөзде жарияланды. Содан бері ол қазақ сөз өнерінің барлық жанрында қалам тартып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Оның шығармашылық жолы ақын ретінде басталды. Оның алғашқы өлеңдері он алты жасында республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде О.Бөкеевтің «Тұсаукесерімен» жарық көрді. «Қоңыр қаз», «Жүрегімде – жұмыр жер» атты жыр жинақтары кезінде әдеби сыннан жақсы бағасын алды. Проза саласындағы алғашқы туындылары «Бесқарагер» мен «Аэродром» хикаяттары жастарға арналған республикалық конкурста бірінші, екінші бәйгеге ие болды. Оның «Мөлдір көз», «Көгілдір әлем», «Шилі өзен қамыс-ай», «Қар астындағы көбелек», «Ұш, маған, ұш балалығым», «Қалампыр» сияқты прозалық шығармалары лирикалық сыршылдығымен, соны түрлік ізденісімен, философиялық ой иірімдерімен ерекшеленді. «Бір уыс жусан», «Болашақтың бәйтерегі», «Түйешінің қызы» әңгімелерінде өмір мен өлімнің мәнін толғайтын жалған мен фанидің жік арасындағы мәңгілік аңсарлы сағыныш суреттелген.

Т.Жұртбай өзінің «Ұраным – Алаш!..» атты 3 томдық (2008-2011) іргелі зерттеу еңбегі мен «Алаш ақиықтары» атты сирек деректер жинағының негізінде біртұтас алаш идеясының тұжырымдамасын жасады.

Тұрсын Жұртбайдың еңбектері оқырманды өткенді танумен қатар, тарихи деректерге сыни көзқараспен қарап, ұлттың рухани мұрасын терең түсінуге жетелейді. Мұндай зерттеулер жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттырып, ізденіс пен танымның маңызын ұғынуға ықпал етеді.

Түркістан қаласында ұйымдастырылған бұл көрме әдебиет пен тарихқа қызығушылық танытатын оқырмандар үшін тағылымды мәдени кеңістік қалыптастырады. Қаламгердің шығармаларымен танысу арқылы оқырман ұлттық құндылықтарды зерделеп, ел тарихына қатысты тың мәліметтерге қаныға алады.

Осындай рухани шаралар кітап оқу мәдениетін дамытуға және қоғамның білімге ұмтылысын қолдауға қызмет етеді. Тарих пен әдебиетті сабақтастыра насихаттау арқылы жас буынның ой-өрісін кеңейтіп, ұлттық мұраға жанашыр, ізденімпаз әрі жасампаз азамат қалыптастыруға жол ашылады.

Барша кітапсүйер қауымды көрмені тамашалауға шақырамыз!

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*