Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Аймақ тынысы » САУРАН АУДАНЫНДА МАЛ ҰРЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

САУРАН АУДАНЫНДА МАЛ ҰРЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Сауран ауданының Шорнақ ауылдық округінде мал ұрлығының алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және төрт түлікті қараусыз жаюдың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды.

Іс-шараға Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, аудан әкімі аппаратының заң бөлімі, аудандық ветеринариялық қызмет мекемесінің қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары және Шорнақ ауылдық округі әкімдігі аппаратының мамандары қатысты.

Кездесу барысында тұрғындарға мал ұрлығының алдын алуда әрбір мал иесінің жауапкершілігі ерекше маңызға ие екені түсіндірілді. Мамандар төрт түлікті қараусыз жайылымға жібермеу, малды міндетті түрде сырғалап немесе таңбалап тіркеу, бақташы арқылы жаю және қора-жайлардың қауіпсіздігін күшейту қажеттігі жөнінде нақты ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен қатар, қараусыз жайылған малдың жол-көлік оқиғаларына себеп болуы, егістік алқаптарына залал келтіруі және басқа да құқық бұзушылықтарға алып келуі мүмкін екені айтылды. Осыған байланысты тұрғындарға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, малды қараусыз қалдырған азаматтардың әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны ескертілді.

Тұрғындармен пікір алмасу барысында мал ұстау және жайылымға шығару кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Әсіресе, малды түнгі уақытта қараусыз қалдырмау, қора-жайлардың есік-қақпаларын берік бекіту және жайылым аумағын бақылауда ұстау қажеттігі атап өтілді.

Мамандар малдың жоғалған немесе ұрланған жағдайда оның тез арада табылуына мүмкіндік беретін негізгі белгілерді алдын ала тіркеп қоюдың маңыздылығын түсіндірді. Малдың түсі, жасы, ерекше белгілері және сәйкестендіру нөмірі туралы мәліметтердің болуы іздестіру жұмыстарын жеделдетуге ықпал ететіні айтылды.

Кездесу кезінде тұрғындарға ауылдық округ аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың ғана емес, жергілікті тұрғындардың да ортақ міндеті екені жеткізілді. Азаматтардың қырағылығы мен өзара ақпарат алмасуы құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

Сонымен бірге, тұрғындарға мал ұрлығы немесе өзге де күмәнді әрекеттер туралы ақпаратты жасырмай, тиісті органдарға дер кезінде хабарлау қажеттігі ескертілді. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай әрекет ету құқық бұзушылықтың жолын кесіп, келтірілуі мүмкін шығынның алдын алуға мүмкіндік береді.

Іс-шара аясында тұрғындарға арнайы ақпараттық жадынамалар таратылып, мал ұрлығының алдын алу бойынша сақтық шараларын ұдайы сақтау, сондай-ақ күмәнді жағдайлар анықталған кезде құқық қорғау органдарына уақытылы хабарлау қажеттігі түсіндірілді.

Алдағы уақытта да Сауран ауданында мал ұрлығының алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасын табады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*