Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сауран ауданында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстардың, құқықбұзушылықтардың, суицидтің және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Жиында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және жауапты мекемелердің өзара іс-қимылын күшейту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.

Мәжілісте алғашқы болып Сауран аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Түймебаев Данияр баяндама жасап, кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалған қылмыстардың, құқықбұзушылықтардың, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында жүзеге асырылып жатқан профилактикалық іс-шаралар туралы мәлімет берді.

Келесі кезекте аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейіржан Адилбеков жасөспірімдер арасындағы суицидтің, құқықбұзушылықтың және ерте жүктіліктің алдын алу бағытында білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Баяндама барысында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналармен байланыс орнату және психологиялық қолдау жұмыстарын жетілдіру мәселелері көтерілді.

Сондай-ақ жиында қызметтік автокөліктер бойынша берешектерді өндіру мәселесі қаралып, бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндады.

Сонымен қатар, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңызы атап өтілді. Оқушыларды спорттық, шығармашылық және қоғамдық бағыттағы үйірмелерге кеңінен тарту олардың теріс әрекеттерге бой алдырмауына және әлеуметтік ортаға белсенді араласуына ықпал ететіні айтылды.

Жиында ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігіне де ерекше назар аударылды. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, онымен ашық сөйлесу, мектеппен тұрақты байланыста болу және қауіпсіз орта қалыптастыру қажеттігі түсіндірілді.

Құқық бұзушылықтың алдын алуда мектеп, ата-ана, полиция және жергілікті атқарушы органдар арасындағы жүйелі байланысты күшейту қажеттігі айтылды. Әсіресе, профилактикалық жұмыстарды тек мәселе туындағаннан кейін емес, оның алдын ала жүргізу маңызды екені атап өтілді.

Жол қауіпсіздігі мәселесіне қатысты оқушылардың жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру, жаяу жүргіншілер өткелдерінде сақтық таныту және ата-аналардың балаларға жеке үлгі көрсетуі қажеттігі сөз болды. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу қажеттігі де ескертілді.

Жауапты мекемелерге анықталған мәселелер бойынша жұмыстарды өзара үйлестіріп, нәтижелілігін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды. Балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған шараларды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығы қорытынды ретінде атап өтілді.

Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі жауапты мемлекеттік органдарға кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту, профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру және көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау барлық жауапты мекемелердің ортақ міндеті екені атап өтілді.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*