Сауран ауданында жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтық пен қаржылық қылмыстардың алдын алу мақсатында «Қаржылық қауіпсіздік: алаяқтықтан сақтан!» атты ақпараттық форум өтті.
Форумға құқық қорғау және қаржы саласының өкілдері, сала мамандары мен жастар қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – жастарға қаржылық қауіпсіздік талаптарын түсіндіру, алаяқтықтың кең таралған түрлерінен сақтану жолдарын көрсету және азаматтардың құқықтық әрі қаржылық сауаттылығын арттыру болды.
Форумға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев модераторлық етіп, жиынның күн тәртібін таныстырды. Ол қазіргі таңда қаржылық және интернет-алаяқтықтың алдын алуда ақпараттық сауаттылықтың маңызы жоғары екенін атап өтіп, жастарды мамандармен ашық пікір алмасуға шақырды.
Жиын барысында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірінші жедел басқармасының аға жедел өкілі Жанболат Тұрапбай қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында баяндама жасады. Ол алаяқтардың азаматтарды алдау тәсілдері, күмәнді қаржылық операциялар, жеке және банктік деректерді қорғау, сондай-ақ бөтен тұлғалардың нұсқауымен ақша аударудың қауіптері жөнінде кеңінен түсіндірді.
Сонымен қатар «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның аға менеджері Досалы Мұсаханов банк қызметтерін пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарына тоқталды. Банк карталарының деректерін, құпиясөздер мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және қаржылық операциялар кезінде сақтық таныту қажеттігін жеткізді.
Форумның маңызды бөлігі жастармен ашық сұрақ-жауап форматында жалғасты. Қатысушылар интернет арқылы жасалатын алаяқтық, банк карталарының қауіпсіздігі, күмәнді қоңыраулар мен хабарламалар, онлайн несие және жеке деректерді қорғауға қатысты сауалдарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.
Форум барысында қатысушыларға әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын жалған инвестициялық ұсыныстарға, оңай әрі тез табыс табуға шақыратын жарнамаларға ерекше сақтықпен қарау қажеттігі түсіндірілді. Кез келген қаржылық ұсыныстың заңдылығын тексермей тұрып ақша аудармау керектігі ескертілді.
Мамандар азаматтардың жеке деректерін қорғаудың маңыздылығын атап өтіп, телефон нөмірі, банк картасының мәліметтері, жеке сәйкестендіру деректері мен электронды банкингке кіру ақпараттарын бөгде тұлғаларға бермеуге шақырды. Күдікті жағдай туындаған кезде эмоцияға берілмей, ақпаратты қайта тексеру қажеттігі айтылды.
Жастарға қаржылық шешім қабылдау кезінде асығыстық танытпау, ресми ақпарат көздерін пайдалану және күмәнді ұсыныстарға сын көзбен қарау жөнінде кеңестер берілді. Әсіресе, әлеуметтік желідегі танымал тұлғалардың атынан жасалатын жалған жарнамалар мен жалған акцияларға назар аудару қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ қатысушыларға алаяқтыққа кездейсоқ араласып кетудің алдын алу мәселесі түсіндірілді. Өзінің банк шотын немесе картасын бөгде адамдардың ақша аударымдары үшін пайдалануға берудің құқықтық салдары болуы мүмкін екені ескертіліп, қаржылық операциялардың заңдылығына көз жеткізу қажеттігі айтылды.
Іс-шара соңында жастар алған ақпараттарын отбасы мүшелері мен достарына жеткізіп, қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлес қосуға шақырылды. Мұндай ақпараттық кездесулердің азаматтардың алаяқтық схемаларын ерте танып, өз қаражаты мен жеке деректерін қорғауына оң ықпал ететіні атап өтілді.
Кездесу қорытындысында қаржылық алаяқтықтың алдын алуда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу, әсіресе жастардың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру маңызды екені атап өтілді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары