Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі мәжіліс өтті. Жиынға аудан прокуроры Алмаз Асылбеков, аудандық полиция бөлімінің басшылары, дербес бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде аудандағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Жиын барысында аудандағы құқық бұзушылықтардың жай-күйі сараланып, қоғамдық тәртіпті сақтау, профилактикалық жұмыстарды күшейту, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар жауапты сала басшыларының атқарылған жұмыстар жөніндегі баяндамалары тыңдалып, құқық бұзушылыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және оларды жою бағытындағы ұсыныстар ортаға салынды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп, жауапты органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Мәжіліс барысында отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту, жанжалдардың ушығуына жол бермеу және қиын жағдайға тап болған азаматтарға дер кезінде көмек көрсету қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ жастар мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және теріс ықпалдардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жандандыру тапсырылды. Білім беру ұйымдары, ата-аналар, полиция және жергілікті атқарушы органдар арасындағы байланысты нығайту маңызды екені атап өтілді.
Бұдан бөлек, Сауран ауданында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру және радикалды идеологияның таралуына жол бермеу бағытындағы профилактикалық шараларды тұрақты жүргізу қажеттігі айтылды. Жауапты мекемелерге халықпен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қоғамдық тұрақтылық пен келісімді сақтау бағытындағы шараларды жалғастыру жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары