Сауран ауданы, Бабайқорған ауылдық округінің Мәдениет үйінде аудандық қоғамдық ұйымдардың бастамасымен «Арақсыз ауыл» жобасы және «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыптары аясында кездесу өтті. Жиынға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, құқық қорғау саласының қызметкерлері, ардагерлер, дін өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесуде алкогольдік ішімдіктерді тұтыну мен есірткі заттарының таралуының алдын алу, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастар тәрбиесіне көңіл бөлу, отбасылық құндылықтарды нығайту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров салауатты қоғам қалыптастыруда әрбір азаматтың жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті. Жастарды зиянды әдеттерден қорғау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен және қоғамдық жұмыстармен айналысуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігіне тоқталды.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Баймұратов, «Сауран» мешітінің имамы Н.Ақылбеков, Түркістан облысының бас биі Т.Балтабайұлы, Жібек жолы ауылдық округінің тұрғыны Г.Ибраимова, учаскелік полиция инспекторы М.Мұсаханов және ауыл тұрғындары сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Кездесу барысында Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Абай елді мекенінің тұрғындары «Арақсыз ауыл» бастамасын бірауыздан қолдады. Тұрғындар елді мекен аумағында алкогольдік ішімдіктерді сатуға жол бермеу, қоғамдық тыныштық пен отбасылық құндылықтарды сақтау, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру жөнінде ортақ ұстаным білдірді.
Абай елді мекенінің тұрғындары салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған бастамаға қолдау білдіріп, «Арақсыз ауыл» атанды. Жиын қорытындысында алкоголь мен есірткінің алдын алу, жастар тәрбиесі, қоғамдық тәртіп пен отбасылық құндылықтарды нығайту бағытындағы жұмыстарды тұрғындар және қоғамдық ұйымдармен бірлесе жүйелі жалғастыру қажеттігі айтылды.
Кездесу барысында тұрғындарға алкогольдік ішімдіктерден бас тартудың отбасы берекесі мен қоғамдық ортаға тигізер оң әсері түсіндірілді. Ата-аналардың бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруі және отбасында салауатты өмір салтын насихаттауы маңызды екені атап өтілді.
Сонымен қатар есірткі заттарының зияны, оның адам денсаулығы мен болашағына кері әсері жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, күмәнді ортадан аулақ болу және бос уақытты пайдалы істерге арнаудың маңыздылығы айтылды.
Сауран ауданында мұндай бастамалардың негізгі мақсаты – тұрғындардың ортақ жауапкершілігін арттырып, қауіпсіз әрі салауатты орта қалыптастыру. Ауыл тұрғындарының өзара қолдауы мен белсенді азаматтық ұстанымы қоғамдық тәртіпті нығайтып, жастарға өнегелі орта қалыптастыруға ықпал ететіні сөз болды.
Жиын барысында қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, ішімдікке байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне де назар аударылды. Бұл бағытта ауыл азаматтарының өзара түсіністігі мен бірлескен әрекеті маңызды екені айтылды.
Тұрғындар тарапынан бастамаға қолдау білдіріліп, Абай елді мекенінде салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды спортқа және қоғамдық жұмыстарға тарту бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту жөнінде ұсыныстар айтылды.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары