Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » САЛАУАТТЫ АУЫЛ – САНАЛЫ ТАҢДАУ: САУРАНДА 20 АУЫЛ АРАҚТАН БАС ТАРТТЫ

САЛАУАТТЫ АУЫЛ – САНАЛЫ ТАҢДАУ: САУРАНДА 20 АУЫЛ АРАҚТАН БАС ТАРТТЫ

Бүгін Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округіне қарасты Аша елді мекенінде «Арақсыз ауыл» жобасы және «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыптары аясында кездесу өтті. Жиынды Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ашып, жүргізді. Кездесуге аудандық ақсақалдар мен ардагерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, дін қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар, ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер қатысты.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров «Арақсыз ауыл – берекелі ауыл» бастамасы аясында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бүгінде Сауран ауданындағы 20 елді мекеннің тұрғындары алкогольдік ішімдіктерден бас тарту жөнінде ортақ шешім қабылдағанын мәлімдеді. Аудан басшысы бұл бастаманың негізгі мақсаты ішімдікке тәуелділіктің алдын алу, отбасылық құндылықтарды нығайту, жастарды зиянды әдеттерден қорғау, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және қоғамдық тәртіпті сақтау екенін атап өтті.

Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатымен сабақтасып, қоғамдағы жауапкершілікті арттыруға бағытталғаны айтылды.

Сауран ауданы құрылғаннан бері бес ауыл аталған бастаманы қолдап, алкогольдік ішімдіктерден бас тартқан болатын. Соңғы кезеңде аудан көлеміндегі қоғамдық ұйымдар мен ақсақалдардың бастамасымен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жобаға қосылған елді мекендердің қатары артты.

Бүгінгі таңда Үлгілі, Шыпан, Шекербұлақ, Нұртас, Серт, Құмтүйін, Абай, Ескі Сауран, Қаражон, Егізқара, Игілік, Ойық, Мәшһүр Жүсіп, Шойтөбе, С.Қожанов, Жалаңтөс, Бершінтөбе, Қосқорған, Қосмезгіл және Аша ауылдары алкогольдік ішімдіктерден бас тарту туралы шешім қабылдаған. Аталған шешімдер жергілікті қоғамдастық пен ауыл ақсақалдарының қатысуымен өткізілген жиындардың хаттамалары негізінде қабылданған. Жиындарға тұрғындармен бірге сауда нысандарының иелері де қатысып, алкоголь өнімдерін сатудан бас тарту мәселесі бойынша ортақ келісімге келген.

Кездесу барысында алкогольдік ішімдіктер мен есірткі заттарының таралуының алдын алу, жастар тәрбиесі, отбасылық жауапкершілікті арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері де кеңінен талқыланды. Жиында аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Балтабай Ермекбайұлы, аудан прокурорының орынбасары Ержан Ахметов және аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Данияр Түймебаев сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікірлерін білдірді.

Кездесуде тұрғындарға алкогольдік ішімдіктен бас тартудың ең алдымен отбасы тыныштығы мен ауылдағы қоғамдық ахуалға оң әсер ететіні түсіндірілді. Ата-аналардың бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы, жастарға дұрыс бағыт көрсетуі және отбасында салауатты өмір салтын қалыптастыруы маңызды екені атап өтілді.

Сонымен қатар есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстарды күшейту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және оларды спорттық, мәдени және қоғамдық шараларға белсенді тарту мәселелері көтерілді. Жасөспірімдер арасында зиянды әдеттердің алдын алу үшін ата-ана, мектеп, қоғам және құқық қорғау органдарының өзара байланысын нығайтудың маңызы айтылды.

Сауран ауданында «Арақсыз ауыл» бастамасының кеңінен қолдау табуы тұрғындардың қоғамдық тәртіп пен салауатты орта қалыптастыруға деген жауапкершілігінің артып келе жатқанын көрсетеді. Ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің ортақ шешімі ішімдікке байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға және елді мекендердегі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам екені айтылды.

Жиын қорытындысында бұл бастаманы басқа да елді мекендерде жалғастыру, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу және қоғамдық ұйымдар мен ақсақалдардың белсенділігін арттыру қажеттігі атап өтілді. Салауатты өмір салтын насихаттау, отбасылық құндылықтарды сақтау және жастарды зиянды әдеттерден қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны айтылды.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*