Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » САУРАН: С. ҚОЖАНОВ АУЫЛЫ «АРАҚСЫЗ АУЫЛ» БАСТАМАСЫН ҚОЛДАДЫ

САУРАН: С. ҚОЖАНОВ АУЫЛЫ «АРАҚСЫЗ АУЫЛ» БАСТАМАСЫН ҚОЛДАДЫ

Сауран ауданы,Үшқайық ауылдық округіне қарасты С. Қожанов ауылында тұрғындар мен ауыл ақсақалдарының бастамасымен «Арақсыз ауыл» жобасы аясында жиын өтті. Іс-шараға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, Сауран ауданының бас имамы Е. Полатов, Үшқайық ауылдық округінің әкімі Болат Сенбеков, тиісті сала мамандары, кәсіпкерлер, ұстаздар, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Жиын барысында салауатты өмір салтын қалыптастыру, алкогольдік ішімдіктердің зиянын түсіндіру, құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жастарды зиянды әдеттерден қорғау мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ ауданның бас имамы Е.Полатов ішімдіктің адам денсаулығына, отбасы тәрбиесіне және қоғамға тигізетін кері әсері жөнінде айтып, тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Кездесу барысында алкогольдік ішімдіктерден бас тартудың ауылдағы қоғамдық тәртіп пен отбасылық берекені сақтаудағы маңызы атап өтілді. Тұрғындарға ішімдікке байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін әр азаматтың жауапкершілігі жоғары екені түсіндіріліп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар берудің қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар кәсіпкерлерге қолданыстағы заң талаптарын сақтау, алкоголь өнімдерін сатуға қатысты белгіленген тәртіпті бұзбау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің бірлескен ұстанымы бастаманың нәтижелі жүзеге асуына ықпал ететіні атап өтілді.

Жиында жастарды зиянды әдеттерден аулақ ұстау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және спорттық, мәдени әрі қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуына жағдай жасау мәселелері де қозғалды. Ата-ана, ұстаз, ақсақалдар және қоғам өкілдерінің бірлесе жұмыс істеуі жас ұрпақтың тәрбиесіне оң әсер ететіні айтылды.

С. Қожанов ауылы тұрғындарының бұл бастаманы бірауыздан қолдауы елді мекенде салауатты әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға деген ортақ ниетті көрсетеді. Алдағы уақытта «Арақсыз ауыл» жобасы аясындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытындағы шараларды күшейту көзделіп отыр.

Жиында ауыл ақсақалдары, тұрғындар мен кәсіпкерлер аталған бастамаға қолдау білдіріп, елді мекенде алкогольдік ішімдіктерден бас тартуға бағытталған жұмыстарды бірлесіп жүргізуге ниетті екендерін жеткізді. Кездесу қорытындысында тұрғындардың ортақ қолдауымен С. Қожанов ауылы «Арақсыз ауыл» бастамасына қосылды.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*