Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » САУРАНДА «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ТҰРАҚТЫЛЫҚ НЕГІЗІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖИЫН ӨТТІ

САУРАНДА «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ТҰРАҚТЫЛЫҚ НЕГІЗІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖИЫН ӨТТІ

Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі мен Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ Сауран аудандық филиалының бірлесе ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп –тұрақтылықтың негізі» тақырыбында жиын өтті. Шараға «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ Түркістан облысы бойынша төрағасы Ғ.Рысбеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Қалеке, Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ Сауран аудандық филиалының басшысы А.Раматуллаев, аудандық прокуратура және полиция өкілдері, білім саласының қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар, медиаторлар, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Семинар барысында заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланды. Жиында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының Түркістан облысы бойынша төрағасы Ғани Рысбеков өңірдегі заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамда адалдық пен парасаттылық құндылықтарын қалыптастыру және азаматтық белсенділікті арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Семинарда «Қарнақ-Шекербұлақ» бауырлас ауылдары бойынша өткізілген іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы Жүйнек ауылдық округіндегі «Қазыбек би» атындағы мектеп директоры Жұман Досманов баяндама жасады.

Сонымен қатар, Сауран ауданында заңдылықты қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Данияр Түймебаев хабарлап өтті.

Жиын барысында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызына да ерекше назар аударылды. Өскелең ұрпаққа заң талаптарын түсіндіру, өз құқықтары мен міндеттерін білуге үйрету және құқық бұзушылықтың кез келген түріне немқұрайлы қарамау қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде ашықтық пен адалдық қағидаттарын сақтау мәселелері қозғалды. Қоғамның әр мүшесі заң талаптарын құрметтеп, әділдік пен жауапкершілік қағидаларын ұстанған жағдайда ғана тұрақты әрі қауіпсіз орта қалыптасатыны атап өтілді.

Сонымен бірге қоғамдық ортада өзара сыйластық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселесі көтерілді. Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, дау-дамайды ушықтырмай, мәселелерді бейбіт жолмен шешу және азаматтардың заңды талаптарға құрметпен қарауы тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды шарттары екені түсіндірілді.

Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізудің қажеттігі айтылды. Әсіресе азаматтарға өз құқықтарын қорғау тетіктерін түсіндіру, құқық қорғау органдарымен кері байланысты күшейту және туындаған мәселелерді заң аясында шешу мәдениетін қалыптастыру маңызды екені сөз болды.

Кездесуде этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жұмыстардың маңызы да атап өтілді. Әртүрлі этнос өкілдері арасында өзара құрмет пен түсіністікті сақтау, ортақ құндылықтар төңірегінде бірігу және қоғамдағы тұрақтылыққа кері әсер ететін арандатушылық әрекеттерге жол бермеу қажеттігі айтылды.

Жиын қорытындысында Сауран ауданында заң мен тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен тұрғындар арасындағы өзара байланысты нығайту қажеттігі атап өтілді. Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау – барша азаматтардың ортақ міндеті екені айтылды.

Жиын барысында қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, аудан аумағында заң мен тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық келісімді одан әрі күшейтуге бағытталған мәселелерді талқылады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*