Шымкент қаласында «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері «Дәрігерлерге мың алғыс!» жалпыхалықтық акциясына қатысты, деп жазады қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «jetpisbai.kz» ақпараттық агенттігі.
Қайырымдылық акциясы аясында еріктілер 200-ден астам денсаулық себетін дайындады. Қала жастары оны «Асардағы» жұқпалы аурулар ауруханасында тынымысыз еңбек етіп жүрген ақ халаттыларға тапсырды. Дәрігерлерге арналған себеттегі азық-түлік иммунитетті нығайтуға арналған. Антына адал, еселі еңбек иелері бұған дән риза.
Ізгі шараға Шымкенттегі Silkway Халықаралық университеті қолдау білдірді.
– Акцияның мақсаты – өз өмірін қатерге тігіп, бүгінгі қоғамның батырларына айналған ақ халатты абзал жандарға жастар атынан алғыс айту. Қолдау көрсету. Әлемді жаулаған инфекция ешкімді бейжай қалдырмады. Осындай сын сағатта бірінші кезекте ақ халатты абзал жандар өзгелердің өмірі үшін аянбай күресуде, — дейді «Jas Otan» мүшелері.
Айта кетейік, акция барысында барлық сақтық шаралары ескерілді.