Төлеби ауданындағы шаруа қожалықтар қазіргі кезде сүтті және етті бағыттағы ірі қара мал санын өсіруді қолға алған. Аймақта сүт өнімі үлкен сұранысқа ие болғандықтан, сүтті бағыттағы сиырлар көбейіп келеді. Оған мемлекет тарапынан қаржылай қолжау көрсетіледі. Бұл мақсатта «Сыбаға» бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама аясында «Агрофинанс» қаржылай қолдау қоры арқылы Тасарық ауылдық округі тұрғыны жеке кәсіпкер Ерболат Есенәлі 12 бас асыл тұқымды «Гольштейн» сиырын 12 млн теңгеге сатып алған. Ірі қаралардың әрқайсысынан күніне 25 литр сүт алып, жалпы 300 литр сүтті өндіріп отыр. Шағын жанұялық сүт фермасының иесі дайын өнімді «Фуд Мастер» компаниясына өткізіп отыр.
Жас кәсіпкер бүгінде ауылдың 3 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып, тиісті жалақысын төлейді.
«Осыдан екі жыл бұрын алып келінген аналық бас сиырлардың барлығы төлдеді. Алдағы уақытта қора-жайды кеңейтіп, мал басын көбейтуді жоспарлап отырмын. Шағын сүт фермасының жұмысын жандандырып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды мақсат етіп отырмын»,- дейді кәсіпкер.