Түлкібас ауданына облыс әкімінің орынбасары Сабитов Арман Сабитұлы және облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Пашимов Марат Орынбасарұлы жұмыс сапарымен келіп, аудан аумағындағы денсаулық сақтау мекемелерінің бүгінгі жай-күйімен танысты.
Бірінші кезекте Арман Сабитұлы орталық аурухана мен емханаға табан тіреп, мекеме аумағындағы іске асып жатқан құрылыс жұмыстарын бақылады. Әр ғимаратты жеке-жеке аралап, жауапты мердігерге биылдан қалдырмай құрылыс жұмыстарын сапалы етіп аяқтауды тапсырды. Бүгінде эпидемиялогиялық жағдайдың күрделі екеніне тоқтап, аурухананың бас дәрігеріне екпе егу жұмыстарын барынша жандандыру қажеттігін атап өтті.
Қазіргі таңда аудандық аурухананың перзентхана, неврология және гинекология бөлімдерінің күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды десе болады. Тек қана Турция елінен тапсырыспен алдыртып жатқан медициналық лифтіні орнату жұмыстары қалып отыр. Ал, бас ғимараты 26 пайызға, орталықтандырылған асханасы 88 пайызға аяқталған.
Келесі кезекте Арман Сабитұлы Қарағашты ауылында орын тепкен «Ақбұлақ» балалар шипажайына ат басын бұрып, ол жердегі балаларға қызмет көрсету сапасы мен мекеме аумағында жүзеге асып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
200 балаға шақталған мекеме түрлі дерттермен ауырған және ауыр травма алған балаларға реабилитация қызметін көрсетеді.
Бүгінде шипажай аумағында өткен жылдан өтпелі болып монша, кір жуу(прачечная), асхана ғимараттарының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Шипажай ғимараттарын толық аралап шыққан Арман Сабитұлы, мекеменің бас дәрігеріне шипажайға кіре берісті толық жөндеуді және балалар демалатын бөлмелердегі жиһаздарды жаңалауды тапсырды.
Облыс әкімінің орынбасары Түлкібас ауданына іс-сапарын «Дәрігерлер аллеясында» тәмәмдап, биыл медицина қызметкерлерінің төл мерекесіне орай ашылған нысанмен танысты.