Төлеби ауданында «Отбасы банк» филиалы іске қосылды. Мекеме ғимараты Ленгір қаласы, Төлеби көшесі 260А үйде орналасқан.
«Отбасы банк» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) – тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін (ТҚЖ) іске асыратын еліміздегі бірегей банк. ТҚЖ жүйесі салымшылардың ақшасын тұрғын үй құрылыс депозиттеріне тартып, оларға тұрғын үй қарыздарын беру арқылы халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сәйкес, салымшы ай сайын 3 жыл бойы депозитіне жарна енгізіп келеді. Банк жинақ сомасына жылдық 2% қосып береді. Сондай-ақ салымшыларға жыл сайын 200 АЕК дейінгі сомаға жылдық 20% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы беріледі.
«Отбасы банк» өз клиенттеріне тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған займдардың үш түрін ұсынады.
Қарыздың негізгі түрі – бұл тұрғын үйді Қазақстандағы ең тиімді пайыздық мөлшерлемемен, яғни жылдық 3.5%-дан бастап несиеге сатып алуға мүмкіндік беретін тұрғын үй қарызы. Тұрғын үй займы Банк салымшысына тұрғын үйді сатып алу үшін қажетті соманың кемінде 50%-ын ең аз дегенде 3 жыл мерзім жинаған жағдайда, сондай-ақ бағалау көрсеткішінің ең төменгі деңгейіне 16-ға жеткен кезде беріледі. Тұрғын үй займы бойынша кредит беру мөлшерлемесі жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейін. Несиелеу мерзімі 25 жылға дейін.
Егер сіздің жинағыңыздың мерзімі үш жылға жетпесе, бірақ сізде тұрғын үй құнының 50%-ы болса, сіз жылдық 7%-дан басталатын мөлшерлеме бойынша 25 жылға дейінгі мерзімге аралық қарыз ала аласыз.
Алдын ала тұрғын үй займдары мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде ғана жылдық 2%-дан басталатын мөлшерлеме бойынша 10%-дан басталатын жинақ шартымен беріледі.
Банктің миссиясы қазақстандық отбасыларды жеке баспанамен қамтамасыз ету және Отанға деген сезімін нығайту болып табылады.
Банк өзіне мынадай стратегиялық міндеттерді қояды:
ТҚЖ жүйесіне қатысушылардың үлесін экономикалық белсенді халыққа 20%-ға дейін арттыру;
Ипотекалық кредит беру нарығындағы үлесті 36%-ға дейін арттыру;
Озат технологияларды енгізу және банк қызметін автоматтандыру арқылы клиенттерге online қызмет көрсету операцияларын 70%-ға көтеру. Бұл әсіресе пандемия жағдайында өте қажет.
Бүгінгі таңда банкте 1 миллион 830 мыңға жуық депозит бар.