Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары шағын кәсібін жүргізіп отырған қала тұрғындарын БАҚ өкілдеріне таныстырды. Мемлекет тарапынан қолдау көрген азаматтың бірі – Бекжан Ерназаров. Ол ағаштан бұйымдар жасап, кәсіпкерлікпен айналысады. Ісін дамытпақ болып, 2020 жылдың шілде айында «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасымен оқып, сертификат алды. Конкурсқа құжат өткізіп, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде грантқа қол жеткізді.
Бекжан бүгінде сандық шеберханасын ашып, тапсырысқа заманауи үлгіде түрлі ою-өрнектелген сандықтарды, қыз-жасауы мен басқа да тұрмысқа қажет заттарды жасауды қолға алған.
– Өзіме ұнайтын іспен айналысып, тапсырыс берушілердің көңілінен шығуға тырысамын. Әр қазақтың үйінде осындай ою-өрнегі бар сандықтар болуы керек, – дейді Бекжан.
Ол алдағы уақытта өз ісін одан әрі дамытып, сапалы жиһаздар істеуді жоспарлап отыр. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ісін жүргізіп отырған келесі тұрғын – Кәмшат Махмұт. Ол да арнайы бағдарлама оқып, сертификат арқылы 200 АЕК көлемінде грант алған. Бүгінде тапсырыстар алып, тәтті тағамдар әзірлеуде.
© Jetpisbai.kz