Шымкент қаласы күніне орай бұқаралық жүгіру, сондай ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Қала күніне арналған жалпықалалық бұқаралық жүгіру сайысына 500-ден астам қала тұрғыны қатысты.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Пернебайұлы Исахов саламатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
5 шақырымдық жаппай жүгіру сайысы Royal фитнес клубының алдынан басталып, Наурыз алаңында қорытындыланды.
Саламатты өмір салтын насихаттап, белсенді қатысқан тұрғындар естелік медальдармен марапатталды.
Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов іс-шара одан әрі жалғасын табатынын атап өтті.
Сондай-ақ, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері, Азия чемпионатының жеңімпаздары да іс-шарада белсенділік танытты.
Сонымен қатар, қала күні қарсаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге Шымкенттегі тауар өндірушілермен қатар Түркістан облысының көрші аудандарынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер, дихандар мен шаруалар қатысты.
– Дәстүрлі жәрмеңкеге 200-ге жуық кәсіпкер қатысуда. Олар өз өнімдерін базар нарқынан 10-15 пайызға төмен сатуда. Жалпы көлемі 100 тоннадан астам өнім ұсынылған, – деді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жандос Ханаев.
Айта кетейік, жәрмеңкеде құмшекер де сатылуда. Жалпы салмағы 4 тонна шекер әр адамға бес келіге дейін, келісі 480 теңгеден босатылуда.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Шымкент қаласына республикалық дәреже беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері 19 маусым Шымкентте Қала күні ретінде аталып өтіледі. Яғни бұл күн Шымкент қаласының мерейлі мерекесі. Биыл мегаполистің туған күнін 4-ші жыл тойлап отырмыз.