Биыл халық жазушысы, қазақ әдебиеті мен журналистика саласында өшпес із қалдырған белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның туылғанына 90 жыл толды.
Түлкібас ауданындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектепте Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қордың ұйытқы болуымен «Тұғыры биік тұлға» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Оған Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары М.Жанесен, аудан және Жамбыл облысының белгілі ғалымдары мен жазушылары және аудан зиялылары, мұғалімдер қатысты.
«Түркі әлеміне қызметі үшін сыйлықтың лауреаты», Абайтанушы М.Мырзахметұлы бастаған бір топ ғалымдар мен жазушылар, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының профессоры М.Көпбаева, Тараз қаласындағы Шерхантану ғылыми зерттеу орталығының директоры Қ.Тамабаева, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының доцент Т.Мұқашев және ҚР Журналистер Одағының мүшесі Е.Әбдиев бүкіл ғұмырын ұлттық мәдениет пен әдебиеттің дамуына арнап, кейінгі ұрпаққа рухани бай мұра қалдырған қаламгер Шерхан Мұртазаның шығармалары мен еңбегі жайында баяндамалар жасады.
— Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қор жыл басынан бері осы айтулы күнді мемлекеттік деңгейде атап өту туралы мәселені көтерді. Шерхан Мұртазаның еңбегін жаңғырту бағынында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі шараны қолдаған барша азаматтарға алғыс айтамыз. Шер — аға кезінде
«Түркібасы – түркілердің мекені», деп талай айтты. Кейінгі ұрпаққа аманат қылды. Осы қор ұлы тұлғаның өшпес мұрасын ұрпаққа таныту жолында аянбай жұмыс істеп келе жатыр, — деді «Ш.Мұртаза атындағы қайырымдылық қор» төрағасының орынбасары Ералы Сенбек.
«Түлкібасы-тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер»-деген теңеудің авторы Шераға 1932 жылы еншілес Түлкібас пен Жуалы аудандары бір аудан болып тұрған шағында өмір есігін Талапты(Жуалы) ауылында ашқан. Сол себептен, көрнекті қайраткерді Түлкібас ауданымен көп нәрсе байланыстырады.
Мерейтойлық жиында келген қонақтарға «Ұлттық құндылықтар-ұлт қазынасы» және «Ұлттық Рухтың жаршысы» атты тақырыпта қолөнер бұйымдары мен кітап көрмесі ұсынылып, мектептің мұражайы таныстырылды.