Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Түркістан » Тәртіп бар жерде әділдік бар

Тәртіп бар жерде әділдік бар

Әдеп ережелерін сақтау – мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген міндеті.

Атап айтсақ, ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 4-бабына сай, мемлекеттік қызмет негізделетін қағидаттарының бірі әдептілік болса, осы Заңның 10-бабында мемлекеттік қызметшілер қызметтік әдепті сақтауға міндетті деп көрсетілген. Оған қоса, аталған Заңның 49-бабында мемлекеттік қызметшілерге қызметтік әдепті сақтау бойынша қойылатын келесі талаптар көзделген:

1) заңдылық қағидатын басшылыққа алуға;

2) мемлекеттік саясатты жақтауға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, өзінің әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекеттік қызметке кір келтіретіндей әрекеттер жасауға жол бермеуге;

3) мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға;

4) жалпыға ортақ қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға;

5) ҚР мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға;

6) қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден лауазымдық өкілеттіктерінен тыс тапсырмалар орындауын талап етпеуге;

7) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінде көзделген өзге де әдеп қағидаларын сақтауға.

Өз кезегінде, Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттары белгіленген.

Мысалы, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптардың ішінде:

1) қарапайым болу, жалпыға бірдей қабылданған моральдік-әдептік нормаларды сақтау, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпау;

2) мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру;

3) заңда белгіленген шектеулерді сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау;

4) азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен өзгелер тарапынан сынға себепкер болмау;

5) іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеу көзделген.

Қызметтік әдеп стандарттарын бұзу тәртіптік жауапкершілікке әкеп соғады.

Мемлекеттік қызметшілермен осы принциптерді күнделікті сақтаудың арқасында халықтың мемлекеттік билікке деген сенімі арта түсу керек.

Дегенмен, мемлекеттік органдардың тәжірибесінде тиісті мәселе бойынша дұрыс әрі заңды қабылданған шешімге қарамастан халықтың наразылығы мен келіспеушілігі орын алатын жағдайлар кездесетіні жасырын емес. Бұл ретте, дауды шешудің жолы ретінде ашық, конструктивті диалог пен тиімді түсіндірмені қарастыру қажет деп ойлаймыз. Келесі маңызды жәйт – халықтың құқықтық сауаттылығын және мемлекеттік билік институттарымен байланыс орнатудың мәдениетін арттыру.

Шымкент қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін бұзудың алдын алу шаралары жүйелі түрде өткізеді. Соның ішінде қызметкерлерге заңнама талаптарын түсіндіру, коммуникация саласында мамандардың, психологтардың қатысуымен тренингтер ұйымдастырылады.

Оған қоса, көрсетілген қызмет деңгейі мен сапасы туралы пікірді білу үшін әлеуметтік желілерде онлайн-сауалнама іске қосылды (инстаграмдағы Департаменттің shymkent.adilet.gov.kz парақшасында сауалнамаға бағыттайтын QR-сілтеме орналастырылды).

Қызметіміздің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жұмыс бағыттары туралы ақпараттарды жариялауға көңіл бөлінуде. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатын көздейтін кездесулер дәстүрге айналды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет салаларындағы заңнама бойынша азаматтармен де, қызметкерлермен де кеңес өткізетін Әдеп жөніндегі уәкілге ұжымда қызметтік әдепті нығайту жұмыстары жүктелген. Әдеп жөніндегі уәкілге жүгіну үшін байланыс деректері: 8 (7252) 33-76-76, электронды мекенжай: ai.isabekova@adilet.gov.kz.

Айнұр ИСАБЕКОВА,
Шымкент қаласы Әділет департаменті
басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкілі

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*