Қарапайым халықтың әл-ауқатын көтерудегі негізгі басымдықтардың бірі – баспанамен қамту. Әсіресе, ең аз қамтамасыз етілген азаматтардың тұрғын үйге қол жеткізуіне қолғабыс етуде мемлекет қамқорлығы сезіледі. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау жөніндегі бастамасын тездетіп жүзеге асыруды тапсырғаны белгілі.
Бүгінде Шымкент қаласында тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялауға жолданған 591 азаматтың өтінімі мақұлданды, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі. Оның ішінде 380 азамат пен Отбасы банкі арасында келісім шарт түзіліп, тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызына мемлекет тарапынан төлемдер аударылды.
Субсидия — мемлекет тарапынан төленетін тұрғын үй кезегін күткен азаматтардың жалдамалы пәтерлері арендалық құнының 50 пайыздық ақысы. Бағдарлама талаптарына сәйкес бұл жеңілдікке пәтер кезегіндегі 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалар, оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар өтініш бере алады.
Айта кетеейік, өтініш берушінің отбасыдағы соңғы 6 айдағы табысы адам басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен (яғни 1 КМ=40 567 теңгеден) аспауы тиіс. Азаматтар субсидиялауға қатысты сұрақтары бойынша Отбасы банк кеңесшілеріне жүгіне алады.
Жалдау төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар өтініш бере алады:
- І және ІІ топтағы мүгедектер;
- мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
- көп балалы отбасылар.
Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс.
Сонымен қатар, мереке қарсаңында бірқатар шымкенттіктер тұрғын үй кілтіне ие болып, Наурыз мейрамын қуанышпен қарсы алатын болды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегіндегі 98 отбасы арендалық баспанамен қамтылды. Оның ішінде 74 пәтер көпбалалы отбасыларға, 24 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы азаматтарға берілді. Жаңа баспаналар Нұрсәт және Шымсити шағын аудандарында орналасқан.
Айта кетейік, жыл соңына дейін Шымкентте 2833 азаматты баспанамен қамту жоспарланған. Тұрғын үй кезегіне санаттар бойынша тіркелген азаматтарға 324 пәтер, жастарға — 888 пәтер, несиелік бағытта 1621 пәтер беру көзделуде.