Қала әкімі аппараты, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы бірлесе ұйымдастырған іс-шараға ЖОО-ның студенттері және колледж шәкірттері қатысты. Іс-шара барысында Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Бағлан Асанбаев мемлекеттік қызметтің құрылымын, маңыздылығын түсіндіріп, аталған жиын шәкірттерге мемлекеттік қызметке кіруіне өз септігін тигізетінін атап өтті.
— Қала әкімдігінде мемлекеттік қызметшілердің 20 пайызы 29 жасқа дейінгі жастар. Жас ұрпақтың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыруда бүгінгі жиынның маңызы зор. Қала әкімдігі бұл бағытта әрдайым қолдауға дайын, — деді аппарат басшысының орынбасары.
Сонымен қатар, кездесу барысында Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Ардақ Қансейіт мемлекеттік қызметке азаматтарды іріктеудің жолдары, заңға енгізілген өзгерістерді баяндады. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Өркендеген қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жастарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Осы ретте Шымкент қаласы бойынша 261 жасқа 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несие беру жоспарланып, оған республикалық бюджеттен 1,3 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде шағын несие өндірісті дамытуға және өнім шығаруға арналған кәсіпкерлік бағытына 5 жылға, ауыл шаруашылығы саласына 7 жылға 5,0 миллион теңгеге дейін берілетін болады. Сенімді өкіл (агент) ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, 2023 жылдың 17 наурызында «Агронесие корпорациясы» АҚ-ы және жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы арасында тапсырма шарт түзілді.