Жыл басында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, үшінші мегаполистің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарын таныстырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл қаланың даму перспективасы ескеріле отырып, жаңа бас жоспар бекітілетінін, жыл соңына дейін шет аудандардың тұрғындары ауыз сумен және электр қуатымен толық қамтамасыз етілетінін баяндаған болатын.
Осы орайда, Шымкент қаласы Еңбекші ауданына жаңадан қосылған Қарабастау, Жұлдыз, Қаратөбе, Тоғыс, Жыланбұзған, Айнатас елдімекендеріне су құбырлары тартылуда, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы «Исфиджаб» тұрғын алабын ауызсумен қамтитын компания анықталуда. Есептік кездесуде қала әкімі Мұрат Әйтенов Еңбекші ауданы тұрғындарын инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы ауқымды жобалармен таныстырды. Ауданның ауызсумен қамтылу көрсеткіші қазір 94 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін сапалы ауыз су мәселесі толық шешімін табады. Сондай-ақ қазір Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Қаратөбе, Оңтүстік шағынаудандарын табиғи газбен қамту үшін жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Газдандыру жұмыстары 2025 жылдың соңында толық аяқталады. Былтыр аудан аумағындағы 9 елдімекендегі 2 мыңнан аса абонентке электр желісі тартылды. Қазір Қарабастау Жаңақұрылыс, Исфиджаб шағынаудандарын сапалы жарыққа қосу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетейік, аудан аумағындағы 29 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігіне бүгінде инженерлік жүйелер тартылған. Жергілікті халықтың 94,5%-ы ауыз сумен, 98,3%-ы электр жарығымен, 90,7%-ы табиғи газбен қамтылған. Аудандағы өзекті мәселенің бірі — кәріз жүйесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Ұлағат шағынауданында басталған кәріз құрылысы жыл соңына дейін аяқталап, жүйелер толық іске қосылады. Жұлдыз тұрғын алабындағы 27 көпқабатты тұрғын үйді кәріз жүйесімен қамту мақсатындағы құрылыс жұмыстары да өндірістік кестеге сай жүргізілуде. Жоспарға сәйкес мамыр айында пәтерлерді абоненттеу жұмыстары басталады. Кездесу барысында аудан әкімдері мен сала басшылары азаматтар тарапынан түскен барлық сұрақтарға жауап берді. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға халықтың талап-тілектерін дер кезінде орындап, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін ескертті.