Жастар арасында вейп шегетіндердің саны күн сайын артып келеді. Әсіресе оқушылар мини-кальяндарға қатты қызығады. Өйткені вейп темекі секілді емес, одан хош иіс шығады. Никотин де қосуға болады. Бірақ сол хош иістің өзі өте қауіпті. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз ұсынысын жариялаған.
Соңғы жылдары қоғам нағыз «цифрлық бумның» куәсі болды. Жастар жаңа технологияларды белсенді түрде игеріп, өмір салты мен мінез-құлқын өзгертіп қана қоймай, трендтегі өнімдердің теріс әсерін байқамай қалып жатыр. Мәселен, аз уақытта сәнге айналған электронды темекі көпшіліктің назарын аудартып, алаңдатып қойды. Сәнді дизайны, ерекше хош иісі бар электронды темекіні тұтынатын вейперлер қауымы бұл өнімнің денсаулыққа зиянына көз жұма қарайтындай…
Бүгінде мектеп жасындағы оқушылар мен студент жастар арасында электронды темекі шегу үрдіске айналып барады.
Өйткені, жасанды темекі шегу қазіргі жастар мен жасөспірімдер арасында «модаға» айналған. Содан кейін жастар электронды темекіні әдеттегі темекіге қарағанда зиянды емес деп түсінеді. Жастар бұл темекіге неге құмар? Неге жасөспірімдер арасында бұл кеңінен жайылып кетті? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Қолда бар деректерге сүйеніп айтсақ, электронды темекі ең алғаш рет 2003 жылы пайда болыпты. Оны патенттеген адам қытайлық фармацевт көрінеді, аты-жөні – Хон Лик екен. Бір жылдан кейін, яғни 2004 жылы Хон электронды темекіні Қытай нарығында сатқан алғашқы адам болып тіркелген. Іле-шала ол өз өнімін халықаралық айналымға шығарып, жұртқа жаппай тарата бастаған.
Бұл темекіге жастар неге қызығады? Психологтар мен педагогтардың айтуынша, электронды жасанды темекінің құтысы кішкентай ғана. Содан кейін, жағымсыз иіс шықпайды. Әдеттегі шынайы темекінің иісі қолға, адамның киіміне, деміне сіңіп қалады. Электронды темекіде ондай жағымсыз исітер жоқ. Керісінше, әртүрлі тәтті, шырынды иістер қосылып жасалады. Жастардың қызығуының бір себебі сол.
Сонда электронды темекі зисыз ба? Енді осыған тоқталсақ. «Вейпингтің» кең таралуының салдарынан АҚШ азаматтарының өкпесі жаппай зақымданған. Тіпті, өкпе зақымдануынан адам өлімі де тіркелген. Коронавирус пандемиясына дейін АҚШ-та вейп темекі тұтынған 2500 адам өкпенің ауыр дертіне шалдығыпты. Осы жағдайлардан кейін АҚШ Президенті электронды темекілердің барлық түріне тыйым салыпты. Бұл 2019 жылғы жағдай. Іле-шала 2020 жылдың алғашқы айларында Америкада электронды темекілерге арналған жұпар иісті картридждердің сатылуына жаппай шектеу қойылды. Ал Қазақстанда ше? Бізде бұл темекі еркін сатылып, еркін пайдаланылып жатыр.
Тіпті, электронды темекінің зияны туралы көп айтылып, көп жазылып жатса да, Қазақстанда электронды жасанды шылым шегетін жастардың қатары азаятын емес. Қазақстанда электронды темекі салатын дүкендерде жұпар иісті картридждердің алуантүрі сатылады. Қышқыл дәмдісі, тәттісі, балдайы да бар. Біздің зерттеу нысанамызға ілінгендері — «Вейп», «IQOS», (айкос деп атайды), «Снюс», «Паучи» сияқты түрлері сатылуда.
«Снюс» деген түрі – бұл басқаларына ұқсамайтын, түтінсіз темекінің ерекше түрі екен. Мамандардың айтуынша, «Снюс»-тің құрамында никотиннің мөлшері өте көп. Шшнайы темекіден бірнеше есе артық. Айталық, 1 тал темекіде – 1,5 миллиграмм никотин болады. Ал «снюстың» құрамында – 20-250 миллиграммға дейін никотин бар. «Паучи» деген электронды темекіні еріннің астына салып тарту керек. Тәртіті солай. Ал мұның адам денсаулығына, адамның өміріне тигізер залалды орасан.
Әдетте темікіні адамдар үйде немесе кеңседе отырып шекпейді. Ал электронды темекіні үйде, кеңседе, мейрамханаларда отырып та шеге береді жастар. Оның себебі сол – иісі жағымды деген желеу ғана. Жастар «мода» үшін шексе, үлкен кісілер темекі тастау үшін электронды темекі тартып жүрміз деп ақталатын болыпты. Мамандардың айтуынша, электронды темекі шынайы темекіні тастауға көмектеспейді. Өйткені, оның құрамында никотин мөлшері өте көп.
Жастар көп жағдайда мұны әуестікпен тартып үйренеді. Уақыт өте келе бұл тәуелдікке әкеліп соғады екен. Тәтті дәмі мен хош иісіне елітудің ақыры – шылымқұмарлықпен ақталмайды, денсаулықты құртып тынады. Электронды темекі Қытайда пайда болып, өзге елдерден келген, қазақ жастарына шетелден келіп сіңген, жаттың қаңсығы. Еліктегіш жастар сол біреудің қаңсығын таңсық қылып жүр.
Осы арада бір құпия деректі айтайық, мамандардың айтуынша, электронды темекі тартып жүрген оқушыны немесе студентті ата-анасы еш байқамайды екен. Оның себебін айттық. Мұндай темекі шеккен адамның үстінен жағымсыз иіс шықпайды. Бірақ уыздай жас ұл-қыздарымыздың өкпесін күйдіріп, демін үзіп тынатын тажал бұл.
Жетісу облыстық ауруханасының терапия бөлімінің меңгерушісі Сая Қабдірахманованың айтуынша, электронды темекінің ішіндегі қыздырылатын табак әдеттегі темекіден бірнеше есе қауіпті екен. Дәрігер: «Электронды темекінің ішінде никотин және көмір қышқыл газы бар. Одан бөлек, көміртек тотығы мен көгеретін қышқыл және аммиак қоспасы бар. Тағы да шайырлар мен органикалық қышқылдар қатарлы отыздан астам улы заттардың қоспасы бар. Бұл темекі адамның өкпесін ірітіп, өкпені өлтіреді. Мысалы, нақты мысал айтайын. Қырым федералды университетінің ғалымдары осы темекілерден шығатын түтін адамның өкпесіндегі тіндерді бұзатынын дәлелдеген» деп түсіндірді.
Тағы бір мысал айтайық. Ғалымдар электронды темекіні егеуқұйрыққа қолданып көріпті. Эксперименттің нәтижесі өте қорқынышты шыққан. Электронды темекі құрамындағы сұйықтықты құйған егеуқұйрықтың өкпесі қырық күннен кейін іріп кеткен.
Вейпте 31 қауіпті зат бар
Бұл құрылғы ингалятор секілді. Ішіндегі сұйықтық қайнағанда бу шығады. Сұйықтықтың құрамында бірнеше зат бар. Олар:
♦ Глицерин;
♦ Пропиленгликоль (Е1520);
♦ Хош иісті қоспалар;
♦ Никотин (кей кезде қосылмайды).
Вейперлер электронды темекінің зияны жоқ деп ойлайды. Себебі оны шеккенде шайыр бөлінбейді. Дегенмен Беркли университетіне қарасты Лоурен атындағы ұлттық зертхана мамандары вейптен уытты заттардың бөлінетінін анықтады. Буда 31 қауіпті зат болады. Оған қоса, хош иісті сұйықтықты көп жағдайда қолдан жасайды. Содан бағасы да арзан. Ал аккумулятор қызып тұрғанда канцерогенді заттардың мөлшері көбейеді. Аккумулятор жарылып кетуі де мүмкін.
Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, уытты химикаттардың бірі – диацетил. Ол хош иістендіргіштердің 75 процентінде болады. Оны тамақ өнеркәсібі де пайдаланып жатады. Бірақ деммен ішке көп тарта берсе, өкпеде қабыну процестері басталады. Бронхшалар тарылады, тыртықтар пайда болады. Жалпы уытты заттардың әсері аз емес. Олар:
♦ Пропиленгликоль ағзада жиналып, аллергиялық реакцияларды қоздырады. Бауыр мен бүйрекке зиян тигізеді;
♦ Пропиленгликоль мен глицерин ыдырғаннан кейін акролеин мен формальдегид қалады. Акролеин көздің шырышты қабығына әсер етсе, формальдегид жүйке жүйесіне салмақ түсіреді;
♦ Никотин қатерлі ісік ауруына әкеліп соқтырады;
♦ Құрамында никотині бар буды көп жұта берсе, адамның жүрегі айниды, басы айналады. Ас қорыту жүйесі бұзылып, іші өтеді.
♦ Ал бір вейпті бірнеше адам қолданған жағдайда гепатит, туберкулез сияқты аурулар таралуы мүмкін. Жүкті әйелдерге, аллергиямен ауратындарға және кәмелет жасқа толмаған балаларға вейп шегуге болмайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы не дейді?
Бүгінде электронды темекілердің қауіпсіздігі толық зерттелмеген. Адамға «темекі тастауға көмектеседі» дейтін тиімділігі де дәлелденбеген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хош иістендіргіштерді қолданбауға кеңес беріп отыр. Жарнамасына да тыйым салу қажет дейді.
Бүгінде әлемдегі 25 мемлекетте вейпке ресми түрде тыйым салынды.
Қазақстан электронды темекіге тыйым салмақ
Биыл қазан айында денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті никотині бар өнімдерге қатысты техникалық регламентті әзірледі. Оған сәйкес, Қазақстан нарығына ашық түрдегі электронды тұтыну жүйелерін, ауыстырылатын контейнерлер мен ашық түрдегі никотинді, сондай-ақ никотинсіз сұйықтық құюға арналған ыдыстарды шығаруға жол берілмейді.
«Қазақстан нарығына бір рет пайдаланылатын электронды темекі шығаруға жол берілмейді», — делінген бұйрықта.
Бұдан бөлек, электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтарды қаптамасынсыз айналымға шығаруға тыйым салынады. 21 жасқа толмағандарға электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтар сатылмайды.
Сосын құрамында никотин бар ауызбен тұтыну өнімдерін (никпэк, снюс) әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу қарастырылған. Электронды тұтыну жүйелері мен олардың сұйықтығы техрегламент талаптарына сәйкес келген жағдайда ғана нарыққа жіберіледі.
Құжат қоғамдық талқылаудан өтті.
Вейп «эпидемиясы»
Жақында мәжілісте бір реттік вейптерді дүкен сөрелерінен алып тастау бастамасы көтерілді. Депутат Мәди Ахметовтың айтуынша, әлем коронавирус пандемиясымен күресіп жатқанда жасөспірімдер арасында вейп «эпидемиясы» белең алып барады. Ал дүкен сөрелерінде никотині темекіден 2,5 есе жоғары бір реттік вейптер толып тұр.
«Құны 2 мың теңгеден басталатын арзан «у» кәмелетке толмаған жеткіншіктерге емін-еркін сатылуда. Дүкен былай тұрсын, әлеуметтік желіні ашсаңыз, никотинді тауарды тәулік бойы үйіңізге тегін жеткізіп беретін пабликтерде, анонимді телеграм каналдарда жүздеген жарнама самсап тұр. Тапсырыс берушінің жасын сұрап, бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Тіпті, кейбір мектептерде жоғарғы сынып оқушылары бастауыш сыныптарға бір реттік темекінің құнына ақша қосып сатып, әуестендіріп жүр», — дейді Ахметов.
Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының 2019 жылғы зерттеуіне сәйкес, 11 жастан 15 жасқа дейінгі электронды темекі шегетін жасөспірімдер саны 3 есе, ал қыздар арасында 2 есе артқан.
Аккумулятор және буландырғыштан тұратын электронды темекінің құрамында тұрмыстық химия өнімдерінде кездесетін пропиленгликоль, глицерин және түрлі иіс шығаратын хош иістендіргіштер бар. Вейпті қолдану үшін құрылғыға арнайы сұйықтық құю қажет.
Вейперлерге қандай қауіп төніп тұр?
Жастар арасында вейпингтің танымал болуының негізгі факторларының бірі — оның сәнді көрінісі мен ыңғайлы болуында. Электрондық темекінің дизайны мен дәмі ерекше болғандықтан, бұл жастарға өздерінің даралығы мен стилін көрсетуге мүмкіндік береді. Алайда, ғылыми зерттеулер мен медициналық деректер вейперлердің өміріне айтарлықтай қауіп төніп тұрғанын айтады. Электрондық темекіден шығатын аэрозоль құрамында өкпе мен жүрекке зиянды химиялық қосылыстар бар.
Электронды темекінің құрамындағы никотин физикалық тәуелділікті тудырады. Оны қолдануды бастаған орта мектеп оқушылары мен студенттер ғана емес, сонымен қатар жасы кіші балалардың да психоэмоционалды және физикалық денсаулығына әсер етеді. Елімізде вейпті 21 жасқа толмаған ел азаматтарына сатуға тыйым салынған. Бірақ бұл тыйыммен мәселенің шешілуіне ешкім кепілдік бермейді.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) электронды темекі шегушілердің дертіне EVALI атты ресми атау берді. EVALI (E-cigarette, en vaping, product use associated lung injury) «электронды темекі шегуге байланысты өкпенің зақымдануына» қатысты қойылатын диагноз.
Сондай-ақ бір құрылғыны бірнеше адам пайдаланғанда туберкулез бен гепатит ауруларын жұқтыруы мүмкін. Вейптің ең басты дерті — жүрек пен өкпе ауруларына шалдықтырады, соңы қатерлі ісікке ұласады. Ал сұйықтық құрамындағы хош иістендіргіштер аллергия мен бронхты демікпеге шалдықтырады екен.
Қауіпсіздік талаптарын сақтамаса электронды темекінің аккумуляторы қызып, құрылғы жарылып кетуі де әбден мүмкін.
Жақында жуынатын бөлмеде электронды темекі шеккен 9 сынып оқушысы қайтыс болды.Оқиға Мәскеуде болған.Сондықтан мектептерде және қоғамдық орындарда вейпинг қаупі туралы және жастар тәуелділіктен көмек ала алатын ұйымдар туралы ақпараттық науқандар өткізу керек.
Аналар кеңесі «Темекісіз Қазақстан үшін» ұлттық коалициясымен бірге вейпке қарсы петиция жариялап, 20 мыңнан астам қолдаушылардан қол жинағанын айта кеткен жөн. Бұл мәселеге Мәжіліс депутаттары да назар аударып, депутаттық сауалдар жолдады.
Қазақстан қашан тыйым салады?
Электронды темекенінің оқушылар арасында кең таралғаны туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз қозғаған еді.
Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай, — деп атап көрсеткен.
Вейпке шектеу енгізу туралы ұсынысты Үкімет те, Мәжіліс те қолдап отыр. Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев вейптен ел бюджетіне ешқандай қаржы түспейтінін айтты.
Вейптен бюджетке ешқандай пайда түсіп тұрған жоқ. Денсаулыққа да мүлдем пайдасы жоқ. Ал салдары ауыр, балалар шексе, ұлттық қауіпсіздік мәселесі туындап отыр. Сол себепті вейптің айналымын арттырмау үшін тиісті шара қолданып, толығымен тыйым саламыз, — деді Жамаубаев.
Вейпке тыйым салу туралы депутаттар сауалына жауап берген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та вейп-өнімнің айналымына тыйым салу үшін нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізу керек екенін айтты.
Қазіргі уақытта Үкімет вейп-өнімдерді таратуға шектеулерді күшейту мәселесін қарастыруда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша 33 елде никотинді тұтынудың электрондық жүйелері мен вейптерді сатуға тыйым салынған. Сондай-ақ 79 елде бұл өнімдерді қоғамдық орындарда пайдалануға, оларды жарнамалауға, насихаттауға және демеушілікке тыйым салатын немесе қаптамада денсаулыққа зиян екендігі туралы ескертулерді көрсетуді талап ететін кем дегенде бір ішінара шара қабылданған, — делінген Әлихан Смайыловтың жауабында.
Сондай-ақ электронды темекіні таратуға шектеулерді күшейту бойынша түрлі ұсыныстар қаралғанын атап өтті.
Құқықтық актілер туралы» заңның 19-бабының 3-тармағына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер жобаларына қатысты Кәсіпкерлік кодекс белгілеген жағдайларда және тәртіппен реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі. Осы жылғы 31 мамырда мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, азаматтық қоғам мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жанындағы Сараптама тобының отырысы өткізілді. Онда вейп-өнімдерді таратуға шектеулерді күшейту бойынша түрлі ұсыныстар қаралды. Қазіргі уақытта вейп-өнімнің айналымына толық тыйым салуды көздейтін норма реттеушілік әсерге талдау рәсімінен өтуде. Үкімет осы норманы қолдайды. Реттеушілік әсерге талдау қорытындысы бойынша кодекске түзетулер ұсынылатын болады, — деді Әлихан Смайылов.
Қай елдерде қатаң шектеу енгізілген?
2009 жылы Уругвай вейперлерге толығымен тыйым салған әлемдегі бірінші ел болды. Электрондық темекілерді өндіруге, сатуға және пайдалануға шектеу қойылды.
2011 жылы Аргентина электронды темекілерді әкелуге, сатуға және жарнамалауға тыйым салды.
Камбоджа 2014 жылдан бері электронды темекі мен вейп сұйықтықтарын сатуға және пайдалануға тыйым салды. Тайланд та дәл осы жылы электронды темекілерді және оған қатысты өнімдерді импорттауға, сатуға және пайдалануға тыйым салды.
2019 жылдан бері Бразилия мен Үндістан да темекі шегу мен темекі өнімдеріне толығымен тыйым салынған. Бұған электронды темекі мен соған байланысты өнімдерді өндіруге, сатуға, әкелуге және жарнамалауға тыйым салу кіреді.
Австралияның әртүрлі штаттарында әртүрлі ереже қабылданған. Кейбір штаттарда темекі шегуге тыйым салынған немесе қатты шектелген.
Сингапур мен Колумбия да никотині бар электронды темекі мен вейп-сұйықтықтарды өндіруге, импорттауға және сатуға тыйым салынған.Жұмыс орнында вейп не темекі шегуге бола ма?
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексінің 110-бабы 5-тармағының 9) тармақшасына сәйкес темекі өнімдерін жұмыс орындары секілді мекемелерде тұтынуға тыйым салынады. Бұл ереже темекі және электронды темекіге қатысты қолданылады. Сондай-ақ бұл заңда темекі өнімдерін тұтыну, оның ішінде қыздырылған темекі, кальянға арналған темекі, кальян қоспасы, темекіні жылытуға арналған жүйелер, электронды тұтыну жүйелері және түрлі сұйықтықтар да көрсетілген.
Сонымен, жұмыс орнында темекі шегу — бұл тәртіп сақтамай, яғни қызметкердің өзінің еңбек міндеттерін орындамауы, сондай-ақ еңбек тәртібін бұзу болып табылады (Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 76-тармағы).
Осылайша, жұмыс беруші қызметкерге «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы»ҚР нормативтік актісі – ҚР Кодексінде көзделген жұмыс орнында темекі шегуге тыйым салу туралы міндеттемелерді орындамағаны және тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жаза қолдануға құқылы.
Ұлттың болашағы көк түтінге тұншықпасын десек, ұл-қыздарымызды электронды темекіден аулақ ұстайық!