«Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы» дейміз. Алайда жылдар жылжыған сайын жас ұрпақтың денсаулығына жауығатын қатерлі заттардың қатары көбейіп барады. Абыройдан айыратын алкоголь мен естен тандыратын есірткіден арыла алмай жүргенде ұрпақ санасын улайтын тағы бір тұйыққа тап болдық. Мерейімізді өсіре ме деп жүрген мектеп оқушыларының ендігі ермегі – электронды шылым.
«Әкел, бір тартып көрейінші. Уау, қаншаға сатып алдың?». Әдетте, жастар арасындағы электронды темекіге деген құмарлық осылай басталады. Қатарластарына қызығады. Өкініштісі сол, жастық шақта жұққан жаман әдет кәріліктің ауылына қадам басқанға дейін қалмайды. Жөн сұрасаң, жөтеліп отырғаны…
Бу һәм у
«Соверенді» сорғанша, соны қолдансын! Иә, электронды шылымның зияны аз деп түсінетін үлкендер бар. «Тәйт» демеген соң бозбалалар былай тұрсын, мектеп табалдырығында жүрген кішкентай қыздар да дәмін татуға асық. Иісі де әтір сияқты баурап алады емес пе? Сорған сайын сорлап жатқанын қайдан білсін?
«Электронды темекі мен айкостың шылымға қарағанда зияны аз» деген пікірдің жансақ екенін арнайы зерттеулер дәлелдеп берді. Осы ретте Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығы басшысы Салтанат Назароваға хабарласқан едік.
– Электронды темекінің құрамына манго, жеміс-жидек, крем сияқты заттар қосылатындықтан жастарды тез баурап алады. Шын мәнінде, көбінде никотин бар. Шылымнан шығатын аэрозольдың құрамында никотин, канцерогенді химикаттар, ұшпа органикалық қосылыстар, өкпе ауруымен байланысты хош иістер, никель, қалайы және қорғасын сияқты ауыр металдар болуы мүмкін. Вейптің қаптамасындағы никотин жоқ деген жазуға бейқам қарауға болмас. АҚШ-та жүргізілген зерттеу сол елде сатылатын вейптерің 99 пайызында никотин бар екенін көрсетті.
Темекі шегуге арналған сұйықтықтың температурасы жоғарылаған кезде бу шығаруға арналған қыздыратын құрылғы ерін мен ауыз қуысының шырышты қабығын, сондай-ақ тыныс алу жолдарын күйдіреді. Темекі сұйықтығының құрамына кіретін диацетил тыныс алу жолдарының шырышты қабығын зақымдайды, оның салдары тыныс алуды тарылтатын бронхит болуы мүмкін.
Никотин қатты тәуелді етіп, жасөспірімдердің миының дамуына зиян келтіреді десек, артық айтқанымыз емес. Мидың назар аударуға, оқуға, көңіл күйге жауап беретін бөлігі зақымдалады, – дейді Салтанат Назарова.
Маманның сөзіне сүйенсек, 2019 жылдан бастап әлемде EVALI деп аталатын өкпе аурулары көбейіп жатқан көрінеді. EVALI – электронды темекі немесе вейптің әсерінен болатын өкпенің зақымдануы. Бастапқыда ол VAPI (вейпингпен байланысты өкпе ауруы) ретінде танымал еді. АҚШ-тың денсаулық сақтау өкілдері мен ғалымдары аурулардың негізгі себебін Е дәрумені ацетатымен (кейбір электронды темекілердің құрамдас бөлігі) байланыстырады. Е дәрумені ацетатынан бөлек, буға айналатын сұйықтықта ықтимал себептер ретінде қарастырылатын көптеген зат пен өнім көздері бар екенін де естен шығармаған жөн.
«Айколар» айкос шеге ме?
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мамандары ұйымдастырған жасөспірімдер арасындағы сауалдамаларға көз жүгіртсек, электронды темекі ең көп қолданылатын жаңа темекі өнімдерінің бірі көрінеді. 11-15 жастағы балаларға жүргізілген «Мектеп жасындағы балалардың денсаулығына қатысты мінез-құлқы» зерттеуі көрсеткендей, электронды темекіні тұтынушы оқушылар саны (соңғы 30 күнде тұтынған) олар есейген сайын артып келе жатқанын айқындап берді. Әсіресе ұлдардың үлесі басым. Сонымен, соңғы 30 күнде кем дегенде 1-2 күн ішінде электронды темекі тұтынудың таралуы ұлдар арасында 11 жастан бастап 15 жасқа дейін 3,5 есеге, ал қыздар арасында 11 жастан 15 жасқа дейін екі есеге артады екен. 15 жастағы ұлдардың 14 пайызы және қыздардың 6 пайызы вейптерді қолданып көрген.
Сауалдама нәтижесінде электронды темекіні қолданудың негізгі себептері анықталды. Сауалдамаға қатысушылардың 75,6% пайызы хош иістерді ұнатса, 72,7 пайызы темекімен салыстырғанда зиянды емес деп есептейтін көрінеді.
Бойжеткендер арасында электронды темекі сәнге айналып бара жатқаны жасырын емес. Тіпті қыздар бір-бірінің туған күніне вейп сыйлайтын «дәстүр» пайда болыпты. Әсем безендіріліп, кішкентай құтыға, қорапшаға толтырылған бұл өнімдер әлдебір инновация, сәнді тауар ретінде көздің жауын алады. Мәселен, вейптерде батарея заряды, картридждегі өнімі қанша қалғанын көрсететін индикатор-лампа қарастырылған. Сәйкесінше жастар оны девайс, гаджет деп таниды.
Жалпы, IQOS-тегідей темекіні қыздыратын немесе темекісі картриджге сығымдалған электронды темекілерді балаларға сатуға біраздан тыйым салынған. Снюс секілді шайналатын темекі де, насыбай да тыйымға ілікті. Ал вейптер және оны толтырғыштар заңның олқылығын пайдаланып нарыққа жол тартты. Ол қандай олқылық? 2009 жылы қабылданған қолданыстағы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс тек темекі (табак) жапырағынан дайындалатын өнімдерді ғана реттейді. «Темекі бұйымдары – шегу, сору, шайнау немесе иіскеу үшін пайдалануға дайындалған шикізат материалы ретінде толық немесе ішінара темекі жапырағынан жасалған өнімдер» делінген онда.
Ал жастар буландыратынына қарап, «парилка» деп атайтын вейптерде темекі-табак жоқ, ол синтетикалық никотинмен (СН) толтырылады. Ұлттық заңнамада СН туралы ештеңе айтылмаған. Дәл осы кемшілікті «никпэк» сатушылар да өз пайдасына жаратады. Никпэк дегеніміз – снюстың орнын басқан, темекісі жоқ елітуші қоспалардан тұратын фильтр-пакет.
Соңғы уақытта ТМД көлемінде, соның ішінде Қазақстанда жастардың вейп пен никпэктен зардап шегіп, улану деректері кездеседі. Кейбір вейптер көп рет соруға арналған. Бұлардың барлығы бекітілген мемлекеттік стандартсыз, бақылаусыз жасалатындықтан, онда нақты қанша никотин бары беймәлім. Мәселен, бір дана шылымда орташа есеппен 1-2 миллиграмм никотин болса, бір никпэкте оның көлемі ондаған есе асып түсуі мүмкін.
Жарнамасы жер жарады
– Темекі індеті – халықтың денсаулығына қауіп төндіретін ең ауыр кеселдің бірі. Жыл сайын темекі зиянынан 8 млн-нан астам адамның өмірі қиылады. Олардың 7 млн-нан астамы – темекі шегушілер мен бұрын темекі тұтынғандар, 1,2 миллионға жуығы – темекі шекпейтін, бірақ темекі түтінінің әсеріне ұшырағандар.
Мәселені түбегейлі шешудің жолдарын қарастыру маңызды. Темекі өндіру компанияларының белсенді жарнама жұмысы және темекі бағасының төмен болуы алаңдатады. Жасөспірімдер мен жастар арасында темекі шегудің алдын алу жұмыстары мықтап қолға алынуға тиіс, – дейді С.Назарова.
Бұған дейін «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының көшбасшысы Жәмила Садықова электронды шылымның акцизін қымбаттатуды ұсынған болатын.
– Қыздырылатын темекінің әр данасына акциз енгізуден бөлек Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің жақсы тәжірибесі бар – электронды шылым құрылғысының құнынан 50 пайыз алым төленеді. Мысалы, бір рет қолдануға арналған электронды шылымның бағасы 2 мың теңге болса, акцизі мың теңге болады. Соның есебінен құны 3-3,5 мың теңгеге қымбаттайды. Біз де осындай акциз енгізсек, электронды шылымның қолданысын шектеп, сол шектеулі сауданың өзінен жақсы табыс көруге мүмкіндік аламыз. Яғни ондай саясаттан мемлекет ұтады. Украинада электронды шылым акцизінен жыл сайын 200 млрд теңгедей кіріс түсіп отырған. Біз жыл сайын 80 млрд теңге кіріс кіргізе аламыз. Бұдан тек табак индустриясы ғана зардап шегеді.
Әзірге вейптердің айналымына тыйым салынбағандықтан, тек депутаттардың ұсынысы күйінде қалып келе жатқандықтан, бұл нарықтан салық өндіру керек. Яғни нарықта бар кезінде жақсы салық өндіріп қалу қажет. Ол бюджеттің кірісіне түседі. «Түтінсіз» шылымға тыйым 2020 жылы салынды. Екі айдың ішінде тыйым күшіне енді де, нарық одан ауыр зардап шеккен жоқ. Қазір сол кезде елге кіргізіліп үлгерген қалдығы сатылып жатыр. Кейін мүлде нарықтан жоғалады. Денсаулық сақтау министрлігі қолдаса, вейптердің сатылымына да бір жылдың ішінде тыйым орнатуға болады, – дейді Ж.Садықова.
Шетелдегі ахуал
Өткен ғасырда Батыста ерлердің көбі трубка мен сигара тартып, шылымға сұраныс аз болыпты. Содан АҚШ заңының олқылығын пайдаланған American Tobacco қожайыны Джеймс Дьюк басқа бағытты тапты. Темекіні әйелдер мен балаларға жарнамалай бастады. Сөйтіп, дегеніне жетті. Нәзік болмыс иелері көкшіл түтінді түйдек-түйдек бұрқыратуды ерлермен тең болудың, ал жасөспірімдер ересек көрінудің нышаны деп қабылдады. Бұл әлемде ауыр дерттің белең алуына соқтырды. «Тарих қайталанып жатыр», дейді сарапшылар. Жарнама арқылы әйелдер мен жастар арасында электронды темекі шегу өркен жайды.
Жалпы, синтетикалық індеттен дамыған елдер қатты зардап шегеді. Вейпингтің кең таралуы АҚШ-та адамдардың өкпесінің зақымдалуына және өліміне әкеліп соқтырды. Коронавирус пандемиясы басталғанға дейін Америка Құрама Штаттарында вейп пайдаланғандардың «өкпенің ауыр кеселіне» шалдығуының 2 500-ден астам оқиғасы тіркелді. 50 адам қайтыс болған. Осыған орай Американың бұрынғы президенті Дональд Трамп бұл өнімді шектеуді тапсырған. Нью-Йорк штаты 2019 жылдың қыркүйегінде бірінші болып, электронды темекілерге тыйым салды.
2020 жылдың басында бүкіл АҚШ-та электронды темекілерге арналған жұпар толтырғыштары бар картридждердің көп түрін сатуға тыйым салынды. Шектеу жастар көп тұтынатын жалбыз, жеміс-жидек, кәмпит дәміне ие сұйықтықтарды қамтыды. Тек сұранысы шамалы темекі және ментол иісі шығатын толтырғыштар нарықта қалды.
Ал Мексикада ел президенті электронды темекі сатуға тыйым салатын қаулыға қол қойды. Темекіге қарсы күрес туралы жалпы заңдағы жаңа реттеу аясында жаңа буын темекі өнімдері саналатын электронды темекілерді бүкіл елде таратуға және сатуға шектеу қойылған.
Электронды темекінің кесірінен темір тордың ар жағына тоғытылған әлемге танымал баскетболшы Бриттни Грайнердің оқиғасы ел аузында жүр. Ол биыл ақпанда Мәскеу әуежайында кеден тексерісі кезінде ұсталған еді. Кеденшілер жүгінен Ресейде тыйым салынған наша майы бар вейп құтыны тапқан. Оқиғадан кейін АҚШ мемлекеттік департаменті мен көптеген америкалық жұлдыз Кремльді Грайнерді босатуға шақырған. Бірақ сот оны кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Бұған қоса 1 миллион рубль айыппұл салынды. Б.Грайнер АҚШ құрамасы сапында екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған болатын. Екі дүркін әлем чемпионы деген атағы да бар.
«Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы» дейміз. Алайда жылдар жылжыған сайын жас ұрпақтың денсаулығына жауығатын қатерлі заттардың қатары көбейіп барады.
Бұлай деп білім ошақтарының басшылары да, қоғам белсенділері де, дәрігерлер қауымы да дабыл қағып жатыр. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартатыны» рас екен. Жаһан жұрты «жаман тұмаумен» жанталасып жатқанда жас ұрпақ жағымсыз әдетке әуестеніп, әлеуметті әлекке салды. «Қараусыз қалған мал – қасқырдың олжасы» демекші, ел ертеңін қатерлі дерттен қорғаймыз деп жүргенде бар бәленің бастауы саналатын «Дайрабайдың көк сиырынан» көз жазып қалған екенбіз. «Қой терісін жамылған қасқырдай» кейіп танытып, шылымның вейп дейтін электронды түрі пайда болды. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегеніңіз осы. Әсілінде, көк сиыр да, көк түтін де емес, құрамында түрлі химиялық қоспасы бар будың уын жұтып жатыр жастарымыз. «Есесіне, құрамында никотин жоқ» деп ақталады у ұрттап жатқандарын ұмытып. Расымен, солай ма? Мәселен, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске қол қойған болатын.
«Кодекстің 110-бабында 248-тармақ бар. Онда «Темекі бұйымдары – шегу, сору, шайнау, иіскеу немесе тұтынудың өзге де тәсілдері үшін, оның ішінде темекіні қыздыруға арналған жүйенің немесе кез келген өзге де аспаптың көмегімен пайдаланатындай етіп дайындалған шикізат ретінде темекі жапырағынан және (немесе) темекі өсімдігінің басқа да бөліктерінен толық немесе ішінара жасалған өнімдер», деп айқын жазылған. Вейп дегеніңіз – «кез келген өзге аспап». Ендеше, вейп те қоғамдық орындарда ашықтан-ашық ұсынылмауға, пайдаланылмауға және сатылмауға тиіс. Анығында олай болмай тұр. Жасөспірімдер арасында вейп эпидемиясы белең алып барады», деп ашынады Nur Otan партиясының қоғамдық кеңесінде сөз сөйлеген «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық қозғалысының жетекшісі Жәмилә Садықова.
Оның айтуынша, аталған Кодекстің 261-тармағында тұтынудың электронды жүйелері ретінде құрамында никотин бар немесе жоқ сұйықтықты құрылғылар айқындалған. Себебі вейпке никотинді қалауыңыз бойынша қостырып алуыңызға болады. Мәселен, бала вейп сатушыға келіп, «маған 10 миллилитр никотин құйып беріңізші», дейді. Сатушы сұрағанын құйып береді. Ұлттық қозғалыстың жетекшісі осы мәселені барынша назарға алу керегін айтып, дабыл қағып отыр.
«Балалар вейп сатылатын дүкендерге келіп, шылымның бұл түрін, оның сұйықтығын емін-еркін сатып алып жатыр. Оны түрлі пабликтерден көріп жүрміз. Вейпті әдетте «флешка», «фломастер» деп атап жатады. Оның негізгі құрамы – пропиленгликоль. Бұл заттың құрамында никотин бар. Тиісінше, мұны біз темекі өнімі деп ашық айта аламыз. Бүгінде осы өнімнің отаны саналатын Сан-Франциско округінің өзі (АҚШ) мұндай сұйықтықтардан бас тартып отыр. Керісінше, қазақстандық жасөспірімдердің, әсіресе мектеп оқушыларының арасында бұл өнім кең тарап барады. Оларды вейптің түрлі хошиістендіргіштері, шайырдың, маракуйя, манго сынды жемістердің дәмі қызықтырады. Бір сөзбен айтқанда, вейп шегу сәнге айналды», дейді қоғам белсендісі, кәсіпкер Қайрат Құдайберген.
Өкініштісі, өнімнің осы түрін онлайн саудалаушылар көп. Дүкенде ашық сатылып жатқан соң, онлайн сауданың өрісі тіпті кеңейді. Қызылды-жасылды жарнамасы көзді арбайды. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Мәселен, Instagram әлеуметтік желісінде вейп сатумен айналысатындардың (Elf bar мен Elf shop) көптеп кездесетініне көзіміз жетті. «Бақсақ бақа екен» демекші, онлайн сауда Қазақстанның кез келген қаласында бар деуге де болады. Құны 2 200 теңгеден басталады. Тапсырыс берушіге тегін жеткізу қызметі де қарастырылған. Яғни үйден аттап шықпай-ақ құмарыңызды қандырып, көңіл хошыңызды келтіре аласыз. Көптің көзіне түскісі келе бермейтін жасөспірімдерге де керегі осы емес пе?
Оқушыларға орынсыз айып тағып жатқан жоқпыз. Бірқатар білім ошағындағы мектеп басшыларымен де сөйлестік. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжан жаман әдетке ұлдар да, қыздар үйір екенін айтады. Ал баланың әуестігі байқалған кезде мектеп басшылығы мен ұстаздар қауымы оқушының ата-анасын шақырып, түсіндіру жұмыстарын қолға алады. «Денсаулыққа зиян келтіретін заттар туралы түсіндіру іс-шаралары үздіксіз ұйымдастырылады. Әрине, вейпті зиянсыз деп айтатындар да бар. Өз басым бұған сенбеймін. Зиянсыз шылым болушы ма еді? Сондықтан бұл бұйымдарды оқушыларға сатуға қарсымын. Қандай да бір шектеу деген болу керек», дейді гимназия директоры.
А.Ахметжанның бұл сөзін елордадағы №78 мектеп-гимназияның директоры Жанар Жұмабекова да растап отыр. «Вейп деп жүрген электронды шылымға 7-9-сынып арасындағы оқушылар әуес. Мектеп қабырғасында оқушыларға нашақорлықтың, электронды шылымның адам ағзасына зияны жөнінде көп айтамыз. Медицина саласының мамандары келіп, арнайы дәріс өткізеді. Тақырыпқа қатысты бейнероликтер көрсетіледі. Сынып сағаттары ұйымдастырылады. Әрине, баланың денсаулығына мұғалімдермен қатар ата-аналар да айрықша мән беруге тиіс. Себебі ұстаз бен ата-ананың алдында ортақ мақсат тұр. Бұл – жасөспірімді жаман әдеттен аулақ ұстау», дейді мектеп-гимназияның директоры.
Сонымен, өскелең ұрпақ неліктен санаға салмақ түсіруге құмар? Бұл сұрақтың жауабын іздеп психолог мамандардың пікіріне құлақ түріп көрдік. «Ересектерге еліктеп шылым шеккен жасөспірімдер бұрын да болған, қазір де бар. Бұл үрдіс әсіресе 14-16 жас аралығындағы өтпелі кезеңде көптеп кездеседі. Алайда вейп сынды әртүрлі электронды шылымдар балалардың қызығушылығын екі есе арттырды. Әлеуметтік желідегі жарнамаларды, вейпке қатысты қызықты оқиғаларды көрген сайын, жаман әдет жас ұрпақтың санасына сыналап ене бастады. Ақыр соңында балалар «мың рет естігенше, бір рет көр» деп вейптің дәмін татып көруге асығады. Жасөспірімдердің өсу, қалыптасу кезеңінде олар үшін ата-ананың, ұстаздың айтқан ақылынан гөрі, айналасындағы құрбы-құрдастарының пікірі маңызды. Бұл жастағы балалардың психологиялық ерекшелігі де осы. Олар ең алдымен көптен қалмауға, топтан бөлінбеуге тырысады. Психологияда бұл үрдіс конформизм деп аталады. Жас бала үшін құрдастарынан алшақтап, «ала қарға» атанудан жаманы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бұл – топтық сананың ықпалы», дейді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкері, PhD докторы, психолог Балабек Сақтағанов.
Оның айтуынша, балалар ең алдымен ересек адам ретінде көрінгісі келеді. Оларға неғұрлым «шекпе, жолама» деген сайын, соғұрлым қызығушылығы арта түседі. Алайда бұған қарап шылым шеккен барлық бала ғұмыр бойы соның соңында кетеді деуге тағы болмайды. Ес кірген кезде еліктеу де сап тыйылады. Десе де «баланы жастан» деп, жаман әдеттің алдын алған дұрыс.
Ал psyhelp.kz онлайн порталының маманы, ғылым магистрі, психолог Индира Әшімхан электронды шылым қазіргі заманның сәні екенін айтады. «Жастар еліктеу мен солықтауға бейім келеді. Өзін «дәлелдеуге», «ерекшелеуге» асығатын жасөспірім осындай ең жеңіл жолды таңдап, іштей бір жетістікке жетеді. Сән, тренд деген бар. Ол – түрлі жарнамалар арқылы бейсаналы түрде жүріп жататын процестер. Оның артында үлкен бизнес жатыр. Өкінішке қарай, жастар мұны түсінбейді», дейді психолог маман. Оның айтуынша, ата-ана баласымен жай ғана әңгімелесу арқылы шылымның барлық зиянды жақтарын түсіндіру қажет. Өзін үлгі етіп, баламен сенімділік қарым-қатынас орнатқаны жөн.
Жастардың электронды шылымға еліктеу себебін түсінген секілдіміз. Енді оның салдары, зияны қандай? «Электронды шылым ең алдымен ауыз қуысына әсер етеді. Соның кесірінен патогенді флора, түрлі саңырауқұлақтар өсіп шығады. Бұдан соң бу адам ағзасындағы тыныс алу жолдарын зақымдайды. Шырышты қабаттар қабынып, жедел респираторлы аурулар пайда болады. Әрине, ауру белгілері бірден байқала қоймайды. Белгілі мерзім өткеннен кейін көктем, күз маусымдарында шылымға әуес адамдарда бронхит асқынады. Оған шылымның құрамындағы түрлі химиялық заттың әсерінен бронх демікпесі, аллергия сынды түрлі ауру қосылады. Себебі никотин мөлшері аз болғанымен, оның орнын хошиістендіргіштер, майлар толтырып тұрғанын ескеру қажет», дейді резидент-пульмонолог Жарқын Нұрышев.
Жастар мұның барлығын жақсы біледі. Біле тұра ағат қадам жасайды. Әрине, еліміздегі алкогольден, шылымнан бас тартқан тұтас ауылдар туралы естиміз. Ауылдың аясында қалып қоймай, осы үрдісті ұлт болып, мемлекет болып қостап әкететін кез келген секілді. Алайда оның «ауылы әлі алыста». Мәселен, FinReview.info сарапшылары Қазақстанда отандық бюджеттің қоржынын қампайтып отырған шетелдік 30 ірі компания барын айтады. Былтыр ел бюджеті 6,4 трлн теңгегеден аса сомаға толыққан болса, салықтық түсімдердің үштен бірі осы 30 шетелдік компанияға тиесілі. Мұны неге айтып отырмыз? Төлемдердің көш басында 1,6 трлн теңге салық төлеген мұнай-газ секторы тұрған болса, одан кейінгі орынға темекі өндірісі жайғасқан. «Джей Ти Ай Қазақстан», «Филип Моррис Қазақстан» және «Бритиш Американ Тобакко Қазақстан Трейдинг» сынды үш компания бюджетке азды-көпті 240,2 млрд теңге салық төледі. Темекі өнімдерінен түсетін салықтың көптігі сонша, тіпті металлургия саласын басып озды. Металлургтер бюджетке небәрі 161,5 млрд теңге салық аударған екен.
Шылымның ел экономикасына тигізер пайдасы мен оны шегетін адамдардың шығынын осыдан-ақ аңғара беріңіз. Соған қарамастан салымыз суға кетпейтін секілді. Нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда мақұлдау сәтіне дейін оларды талқылау алаңы ретінде құрылған «Ашық НҚА» порталында «Құрамында никотин бар өнімге қойылатын талаптардың» техникалық регламенті талқыланып жатыр. Бұл құжатта ең алдымен ашық үлгідегі электронды тұтыну жүйелерін, ашық үлгідегі никотинді, сондай-ақ никотинсіз сұйықтықтарды жеткізудің электронды жүйелеріне құюға арналған ауыспалы контейнерлер мен ыдыстарды Қазақстан нарығына шығаруға жол бермеуге қатысты бастама көтерілді. Сондай-ақ аталған техникалық регламентте бір рет пайдаланылатын электрондық тұтыну жүйелерін (бір рет пайдаланылатын электрондық шылымдарды) Қазақстанның нарығына шығаруға жол бермеу мәселесі де көтерілуде. Құжат биылғы 15 қазанға дейін талқыланады.
Бұл қадам ең алдымен оқушыларды, жасөспірімдерді жаман әдеттен арылту мақсатында жасалып отырғаны анық. Бүгінде әлемдегі 25 мемлекетте вейпті сатуға заңмен тыйым салынған. Қазақстан бұл қатарға қайтсе де қосылуы керек.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Жер шарында 1 млрд-тан астам адам шылым шегеді. Темекі тұтынушылар жылына 5,7 млрд дана табак өнімдерін пайдаланып, 1 млн тонна тұқыл тастайтын көрінеді. Бейресми мәлімет бойынша әлемде 40 миллиондай адам электронды темекі тартады. Жер шарында өмір сүріп жатқан адамдардың 90 пайызы күйзелістен құтылу үшін темекіге жүгінеді екен. Ал сіз электронды темекі тартасыз ба?