Өткен ғасырда Батыста ерлердің көбі трубка мен сигара тартып, шылымға сұраныс аз болыпты. Содан АҚШ заңының олқылығын пайдаланған American Tobacco қожайыны Джеймс Дьюк басқа бағытты тапты: темекіні әйелдер мен балаларға жарнамалай бастады. Сөйтіп, дегеніне жетті: нәзік болмыс иелері көкшіл түтінді түйдек-түйдек бұрқыратуды – ерлермен тең болудың, ал жасөспірімдер – ересек көрінудің нышаны деп қабылдады. Бұл әлемде ауыр дерттің белең алуына соқтырды. «Тарих қайталануда», – дейді сарапшылар. Жарнама арқасында әйелдер мен жастар арасында электронды темекі шегу өркен жайды. Елордалық 15 жасар Алан болашағынан мол үміт күттіретін жас спортшының бірі болған. Республикалық және халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрді. Кейін спортпен қош айтысуына тура келіпті. Себебі темекінің түтініне уланған ағзасы оған мүмкіндік бермейді. Ентігеді, тез болдырады. Тамаққа, жұмысқа, жаттығуға және басқаға зауқы жоқ. Ол шылым шегуді электронды темекіден бастағанын айтады. «Сыныптастарымның бірі кішкентай құтысы бар, фломастерге ұқсас нәрсе әкелді. Вейп екенін кейін білдім. Ол кезде «парилка» деп таныстырды. Түтін емес, бу жұтасың деп мақтады. Ақыры ол қолдан-қолға өтіп, бәріміз татып көрдік. Және оны барлық жерде шегуге болатыны анықталды. Заңмен тыйым салынбапты. Мектептің бұрыш-қуысында, киім ілгіште еркін шегіп жүрдік. Соңынан жолдастарыммен бірге шын темекіге көштік», – дейді Алан. Қазақстанда шынында кереғар, парадоксты жағдай қалыптасты. Балаларға темекі сатуға қатаң тыйым салынған. Алайда олар үшін синтетикалық никотин толтырылатын электронды темекілер, вейптер, сондай-ақ IQOS («айкостар») әбден қолжетімді: интернет және әлеуметтік желі арқылы оқушылар арасында кеңінен жарнамаланады. Салдарынан жастардан темекі тұтынушылардың жаңа легін де дәл осы электронды темекі нарығы тәрбиелейді.
Электронды темекі
Қауіптісі сол, біріншіден, электронды темекілер мен айкостар шылымға қарағанда зияны аз деп насихатталады. Шынында олай емес екенін зерттеулер дәлелдеді. Екіншіден, әсем безендірілген кішкентай құтыға, қорапшаға толтырылған бұл өнімдер әлдебір инновация, сәнді тауар ретінде ұсынылады. Мәселен, вейптерда батарея заряды, картридждегі өнімі қанша қалғанын көрсететін индикатор-лампа қарастырылған. Нәтижесінде, жастар оны девайс, гаджет деп таниды. Үшіншіден, бозбала түгіл, бойжеткендер де туған күнге бір-біріне вейп сыйлайтын жаман дәстүр қалыптасуда. Демек, бұрын қызықпаған қыз бала сыйлық ретінде алған соң әрі достарының көңілін қалдырмау үшін оны татып көруі, сөйтіп тұрақты тұтынуға көшуі ғажап емес. Осындай қауіпті көре отырып, мемлекеттің оған үн қатпауы, тосқауыл мен шектеу қоймауы – болашаққа балта шапқанмен бірдей болар еді. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі Парламентке табыстаған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекс жобасына ұлт жанашырлары асыға күткен өзгерістер енді. Оған сәйкес, электронды темекі дәстүрлі шылыммен теңестірілді. Тиісінше, оны да ғимарат ішінде будақтатуға тыйым салынады. Бұған қоса, «дәстүрлі» және электронды темекілерді ашық сөреде сатуға жол берілмейді. Олар арнайы жабдықталған сөреде шымылдырық артына жасырылуы тиіс. Шылымқор сұраса ғана сатушы әлгі жабық пердені түріп жіберіп тауарды алып береді. Бұдан бөлек, Қазақстанда темекі өнімдерін тек жасы 21-ден асқан адамдарға ғана сату көзделіп отыр. Бұған дейін 18-ге толғандар сатып ала беретін. Осы жаңалықтарды қарастыратын Денсаулық кодексі жобасын Мәжіліс екі оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады. Егер Сенат қолдаса, Мемлекет басшысы қол қойса, жаңа кодекс өмірге жолдама алмақ. ДСМ тұжырымдауынша, темекіге қарсы жаңа шаралар 5 жыл ішінде әлгі жаман әдеті бар қазақстандықтардың санын 5%-ға азайта алады. – Кез келген гипермаркетке, ірі дүкенге кірсеңіз, темекі өнімдері касса алдындағы биік орналасқан әдемі сөреде қаз-қатар тізіліп тұрады. Кассаға кезегіңізді күткенше соны тамашалауға мәжбүрсіз. Бұл әсіресе, жастардың оған деген ынта-ықыласын тудырады. Министрлік әзірлеген жаңа кодекс жобасы бойынша бұл тауар енді жабық сөреге жасырылуы керек. Онда сигареттің қандай түрлері бары алфавиттік ретпен арнайы тізімде жазылады. Шылымқор адам соны оқып, өзіне керектісін таңдап ала алады, – дейді депутат Зәуреш Аманжолова. Құжатта темекі сөресін қай жерге қоюға болмайтыны нақты көрсетілмек. Мәселен, ойыншықтар мен балаларға арналған өнімдер сатылатын сөрелерден аулақ болуы шарт. Үлкен сауда орындарында темекі және электронды темекілер тұратын бөлек орын жабдықталуы тиіс. Бірақ онда менмұндалап тұрар, алыстан көз тартар жарнама не жазу ілуге рұқсат етілмейді: бәрі қарапайым тізіммен шектеледі. Еуразиялық темекіге қарсы коалициясының мәліметінше, Қазақстанда халықтың 20%-ы шылым шегеді. Бұл – әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. «Ұсынылып отырған заңнамалық жаңашылдықтар шылымқорлар санының 20-дан 18-17%-ға дейін азаюына үлес қосады. Базбіреулер үшін бұл аз көрінер. Әйтсе де, тіпті тек темекіге тәуелділер қатарының қарқынды өсуін тоқтатып жатса, соның өзі үлкен жетістік болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, егер темекіге қарсы бастама оны тұтыну көлемін жылына ең болмаса 1%-ға кемітсе, мұның өзі тиімді бастама саналады», – дейді Еуразиялық темекіге қарсы коалициясының төрайымы Жәмила Садықова.
Бу мен шу
Жалпы, IQOS-тегідей темекіні қыздыратын немесе темекісі картриджге сығымдалған электронды темекілерді балаларға сатуға біраздан тыйым салынған. Снюс секілді шайналатын темекі де, насыбай да тыйымға ілікті. Ал вейптер және оны толтырғыштар заңның олқылығын пайдаланып нарыққа жол тартты. Ол қандай олқылық? 2009 жылы қабылданған қолданыстағы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс тек темекі (табак) жапырағынан дайындалатын өнімдерді ғана реттейді. «Темекі бұйымдары – шегу, сору, шайнау немесе иіскеу үшін пайдалануға дайындалған шикізат материалы ретінде толық немесе ішінара темекі жапырағынан жасалған өнімдер» делінген онда. Ал жастар буландыратынына қарап, «парилка» деп атайтын вейптарда темекі-табак жоқ, ол синтетикалық никотинмен (СН) толтырылады. Ұлттық заңнамада СН туралы ештеңе айтылмаған. Дәл осы кемшілікті «никпэк» сатушылар да өз орайына қолданады. Никпэк дегеніміз – снюстың орнын басқан, темекісі жоқ елітуші қоспалардан тұратын фильтр-пакет. Кейінгі кезде ТМД көлемінде, соның ішінде Қазақстанда жастардың вейп пен никпэктен зардап шегіп, улану деректері кездесуде. Бұлар, тіпті қарапайым темекіден қауіпті болып шықты. Себебі оларда никотин дозасы синтетикалық никотиннің шоғырлану көлеміне байланысты. Кейбір вейптер 300 рет соруға арналған. Бұлардың барлығы бекітілген мемлекеттік стандартсыз, бақылаусыз жасалатындықтан, онда нақты қанша никотин бары беймәлім. Мәселен, бір дана шылымда орташа есеппен 1-2 миллиграмм никотин болса, бір никпэкте оның көлемі ондаған есе асып түсуі мүмкін. Соның кесірінен оны тұтынған жастардың ауыз қуысы – толған жара. Үнемі уланып, құсып жүргені. Дәрігерге қаралмаған соң улану дерегі тіркелмейді. Тіпті, емханаға жүгінгеннің өзінде ата-анасы білмеуі үшін уланудың басқа себебін айта салады. Осы өнімдерді блогерлер жарнамалайды. Қынжылтатыны сол, темекі магнаттарының шашпауын кейбір қоғам белсенділері де көтеріп жүр. «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова бірнеше жылдан бері электронды темекінің зияны аз екенін айтумен әлек. Ал экс-депутат, Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасының басқарма төрағасы Светлана Романовская кодекс жобасындағы 21 жасқа дейінгі жастарға темекі сатуға тыйымды «жас азаматтардың жағдайын нашарлататын, Ата заңға қайшы түзету» деп бағалады. Сонда Романовская ханымға сенсек, онкологиялық ауруларға, жүрек-қан тамыр дерттеріне шалдықтыратын, ерте өлуге соқтыратын шылым шегу «жас азаматтардың жағдайын нашарлатпайтын» болғаны ма?
АҚШ бас тартқан өнім
Батыс Қазақстан облысымен шектесетін ресейлік Самара облысындағы «Южный город» білім орталығының директоры Владимир Кильдюшкин бір қызықты тәжірибесін ортаға салды. «Бұл күрестен мектептердің тыс қалатыны дұрыс емес. Біз мысалы, бірден қатаң ұстанымда табандадық: мектеп аумағында тек оқушылар ғана емес, мұғалімдер де шылым шеге алмайды. Бұл талапты бұзған мұғалім не шәкірт орталықтан қуылады. Сабақ үстінде сұранып кетіп, аулақта синтетикалық никотин тұтынатындар болды. Оларды анықтау үшін қулыққа бардық: стоматолог маманды жалдап, 8-9-сынып оқушыларын тегіс тексердік. Маман балалардың аузына үңіліп, тістерінің саулығын бағалады. Сонымен бірге кімнің тілі жасылға боялғанын белгіледі. Әшкереленген фактілерді ата-аналарына, олар үн қатпаса, балаларға қамқорлық саласына жауапты органдарға хабарладық», – дейді Владимир Кильдюшкин. Ресей МемДумасы таяуда электронды темекілер мен вейпті темекіге теңеп, оны қоғамдық орындарда тұтынуға және кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салатын заң қабылдады. Бұл синтетикалық індеттен дамыған елдер де зардап шегуде. Вейпингтің кең таралуы АҚШ-та адамдардың өкпесінің зақымдалуына және өліміне әкеліп соқтырды. Коронавирус пандемиясы басталғанға дейін Құрама Штаттарда вейп пайдаланғандардың «өкпенің ауыр кеселіне» шалдығуының 2 500-ден астам оқиғасы тіркелді. 50 адам қайтыс болған. Осыған орай Америка президенті Дональд Трамп бұл өнімді шектеу ісін қолға алды. Нью-Йорк штаты 2019 жылдың қыркүйегінде бірінші болып, электронды темекілерге тыйым салды. 2020 жылдың басында бүкіл АҚШ-та электронды темекілерді арналған жұпар толтырғыштары бар картридждердің көп түрін сатуға тыйым салынды. Шектеу жастар көп тұтынатын жалбыз, жеміс-жидек, кәмпит дәміне ие сұйықтықтарды қамтыды. Тек сұранысы шамалы темекі және ментол иісі шығатын толтырғыштар нарықта қалды. Мамандардың түсіндіруінше, никотинсіз қоспаның құрамы глицериннен және этиленгликолден тұрады. Олар шектен тыс қызғанда аса улы альдегидтер пайда болады. Электронды темекілерді өндірушілер өз девайсінде температура қадағаланатынын жариялап жатады. Алайда журналистер мен сарапшылар мұның тек шоуға арналған экспонат екенін, саудаға түсетін вейптарда қыздыру шамасы бақыланбайтынын анықтады.
Жақында Ұлыбритания темекіні тастағысы келетін пациенттерге электронды темекіні медициналық құрал ретінде белгілейтін әлемдегі алғашқы ел болуы мүмкін.
«Дәрігер сізге «қыздыруды» тағайындады» – Тұманды Альбионның темекі шегушілері көп ұзамай осы сөздерді естуі мүмкін. Британдық дәрі-дәрмектер мен медициналық тауарлардың айналымын реттеу басқармасы электронды темекі мен түтінсіз өнімдерге лицензия беру жөніндегі нұсқаулыққа өзгерістер енгізді. Ұлыбритания үкіметі рецепт бойынша электронды темекі ұлттық денсаулық сақтау қызметінде қол жетімді басқа дәрі-дәрмектермен бірдей бекіту процедурасынан өтеді деп мәлімдеді. Бұл осы елдегі түтінсіз өнімдерге техникалық регламентке қойылатын талаптардың артуын көрсетеді.
Көптеген жылдар бойы темекі шегушілерге көмектесу үшін электронды темекіні пайдалану керек пе, жоқ па деген пікірталастар болды, өйткені олар толығымен қауіпсіз болып табылмайды. Дегенмен, түтінсіз құрылғылардың азырақ зиянды екенін растайтын жеткілікті ғылыми деректер бар.
«Электрондық темекінің құрамында никотин бар және ол толықтай қауіпсіз емес, бірақ Ұлыбритания мен АҚШ сарапшыларының шолулары сертификатталған электрондық темекінің темекі шегуден гөрі азырақ зиянды екенін анық көрсетті. Медициналық лицензиясы бар электронды темекі одан да қатаң қауіпсіздік тексерістерінен өтеді», — деп мәлімдеді Англияның Денсаулық сақтау департаменті.
Темекінің жануын болдырмайтын түтінсіз құрылғылар темекі түтінінде пайда болатын шайырлар мен улы газ шығармайды. Осының арқасында олар дәстүрлі темекіге қарағанда 95%-ға азырақ зиянды. Пайдалану кезінде олар түтін емес, бу шығарады.
Қазірдің өзінде Англияда электронды темекі – бұл темекі шегушілер жаман әдеттен бас тарту үшін қолданатын ең танымал құрал. Әрбір төртінші темекі шегуші пластырьлар немесе сағыз сияқты никотинді алмастыратын терапия өнімдеріне емес, электронды темекіге сүйенеді. Бағалау бойынша, қазірдің өзінде елде шамамен 3,6 миллион адам электронды темекіні пайдаланады – олардың көпшілігі бұрынғы темекі шегушілер.
«Никотиннің тәуелділікке әкелетінін және сонымен қатар бұл маңызды медициналық проблема екенін ескеру қажет. Дәрігерлердің арсеналына электронды темекі мен темекіні қыздыратын жүйелерді ұсыну және басқа медициналық препараттар сияқты оларға рецепт жазып беру мүмкіндігін енгізу – бұл аталған тәуелділікті бақылау мен көптеген ауыр аурулардың алдын алудағы қисынды қадам», — деп атап өтті қазақстандық маман, дәрігер, «Денсаулық» Ұлттық Қауымдастығының жұқпалы емес аурулардың қауіп факторларын төмендету жөніндегі кеңесшісі Гинтаутас Кентра.
Сарапшы Ұлыбританияда ұзақ уақыт бойы темекі шегумен салыстырғанда түтінсіз құрылғылардың адам денсаулығына тигізетін әсеріне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Егер темекі шегетін адамдардың бәрі бірдей жаман әдеттен бас тартуға дайын емес деп ойласақ, онда темекі шегуден электронды темекіні пайдалануға ауысудың баламасы азырақ зиян әкеледі.
«Ұлыбритания үкіметінің темекінің зиянын азайтуға бағытталған прогрессивті тәсілі темекі шегушілердің көпшілігінде темекіні тастау үшін электронды темекі сияқты ең жақсы баламаларды қолдануға ықпал етті. Сондай-ақ, Ұлыбританияда Еуропадағы темекі шегудің ең төменгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Жақында жеңілдетілген, дәрі-дәрмектер тағайындаудың реттелетін жолы Англияның кедей аудандарында тұратындарға темекінің таралуы пропорционалды емес жоғары жерлерде темекіден бас тартуға қосымша мүмкіндік береді», — деді Грегуар Вердо, Philip Morris International сыртқы байланыстар жөніндегі аға вице-президенті.
Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрі Саджид Джавид электронды темекі елде темекі шегуді төмендетудің маңызды құралы бола алады деп мәлімдеді.
Сонымен бірге, Ұлыбританиядағы электронды темекіге арналған медициналық модель бұл елдегі балама өнімдерді реттеудің көптеген әдістерінің бірі болып табылады және ол түтінсіз өнімдерді коммерцияландырудың басқа жолдарынсыз тиімді болмас еді. Атап айтқанда, темекі шегушілерге қол жетімді ету үшін аз зиянды өнімдерге аз салық салынуы керек деген тұжырымға негізделген сараланған салық салу. Электрондық темекіні немесе темекі қыздыру жүйелерін пайдалану темекі шегушіге темекіден кем дегенде біршама арзан болуы керек, содан кейін ол зиянды азайту бағытында қозғалуға тиімді болады.
Айта кету керек, Ұлыбритания әлемдегі ең қатал темекіге қарсы заң бар елдердің бірі болып табылады. Ол әлемде бірінші болып қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салды, ал теледидарда темекіні жарнамалауға алыс 1985 жылы тыйым салынған болатын.
Электронды темекі: Вейп несімен қауіпті?
Жастар арасында вейп шегетіндердің саны күн сайын артып келеді. Әсіресе оқушылар мини-кальяндарға қатты қызығады. Өйткені вейп темекі секілді емес, одан хош иіс шығады. Никотин де қосуға болады. Бірақ сол хош иістің өзі өте қауіпті. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз ұсынысын жариялаған.
Вейпте 31 қауіпті зат бар
Бұл құрылғы ингалятор секілді. Ішіндегі сұйықтық қайнағанда бу шығады. Сұйықтықтың құрамында бірнеше зат бар. Олар:
♦ Глицерин;
♦ Пропиленгликоль (Е1520);
♦ Хош иісті қоспалар;
♦ Никотин (кей кезде қосылмайды).
Вейперлер электронды темекінің зияны жоқ деп ойлайды. Себебі оны шеккенде шайыр бөлінбейді. Дегенмен Беркли университетіне қарасты Лоурен атындағы ұлттық зертхана мамандары вейптен уытты заттардың бөлінетінін анықтады. Буда 31 қауіпті зат болады. Оған қоса, хош иісті сұйықтықты көп жағдайда қолдан жасайды. Содан бағасы да арзан. Ал аккумулятор қызып тұрғанда канцерогенді заттардың мөлшері көбейеді. Аккумулятор жарылып кетуі де мүмкін.
Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, уытты химикаттардың бірі – диацетил. Ол хош иістендіргіштердің 75 процентінде болады. Оны тамақ өнеркәсібі де пайдаланып жатады. Бірақ деммен ішке көп тарта берсе, өкпеде қабыну процестері басталады. Бронхшалар тарылады, тыртықтар пайда болады. Жалпы уытты заттардың әсері аз емес. Олар:
♦ Пропиленгликоль ағзада жиналып, аллергиялық реакцияларды қоздырады. Бауыр мен бүйрекке зиян тигізеді;
♦ Пропиленгликоль мен глицерин ыдырғаннан кейін акролеин мен формальдегид қалады. Акролеин көздің шырышты қабығына әсер етсе, формальдегид жүйке жүйесіне салмақ түсіреді;
♦ Никотин қатерлі ісік ауруына әкеліп соқтырады;
♦ Құрамында никотині бар буды көп жұта берсе, адамның жүрегі айниды, басы айналады. Ас қорыту жүйесі бұзылып, іші өтеді.
♦ Ал бір вейпті бірнеше адам қолданған жағдайда гепатит, туберкулез сияқты аурулар таралуы мүмкін. Жүкті әйелдерге, аллергиямен ауратындарға және кәмелет жасқа толмаған балаларға вейп шегуге болмайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы не дейді?
Бүгінде электронды темекілердің қауіпсіздігі толық зерттелмеген. Адамға «темекі тастауға көмектеседі» дейтін тиімділігі де дәлелденбеген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хош иістендіргіштерді қолданбауға кеңес беріп отыр. Жарнамасына да тыйым салу қажет дейді.
Бүгінде әлемдегі 25 мемлекетте вейпке ресми түрде тыйым салынды.
Қазақстан электронды темекіге тыйым салмақ
Биыл қазан айында денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті никотині бар өнімдерге қатысты техникалық регламентті әзірледі. Оған сәйкес, Қазақстан нарығына ашық түрдегі электронды тұтыну жүйелерін, ауыстырылатын контейнерлер мен ашық түрдегі никотинді, сондай-ақ никотинсіз сұйықтық құюға арналған ыдыстарды шығаруға жол берілмейді.
«Қазақстан нарығына бір рет пайдаланылатын электронды темекі шығаруға жол берілмейді», — делінген бұйрықта.
Бұдан бөлек, электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтарды қаптамасынсыз айналымға шығаруға тыйым салынады. 21 жасқа толмағандарға электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтар сатылмайды.
Сосын құрамында никотин бар ауызбен тұтыну өнімдерін (никпэк, снюс) әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу қарастырылған. Электронды тұтыну жүйелері мен олардың сұйықтығы техрегламент талаптарына сәйкес келген жағдайда ғана нарыққа жіберіледі.
Құжат қоғамдық талқылаудан өтті.
Вейп «эпидемиясы»
Жақында мәжілісте бір реттік вейптерді дүкен сөрелерінен алып тастау бастамасы көтерілді. Депутат Мәди Ахметовтың айтуынша, әлем коронавирус пандемиясымен күресіп жатқанда жасөспірімдер арасында вейп «эпидемиясы» белең алып барады. Ал дүкен сөрелерінде никотині темекіден 2,5 есе жоғары бір реттік вейптер толып тұр.
«Құны 2 мың теңгеден басталатын арзан «у» кәмелетке толмаған жеткіншіктерге емін-еркін сатылуда. Дүкен былай тұрсын, әлеуметтік желіні ашсаңыз, никотинді тауарды тәулік бойы үйіңізге тегін жеткізіп беретін пабликтерде, анонимді телеграм каналдарда жүздеген жарнама самсап тұр. Тапсырыс берушінің жасын сұрап, бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Тіпті, кейбір мектептерде жоғарғы сынып оқушылары бастауыш сыныптарға бір реттік темекінің құнына ақша қосып сатып, әуестендіріп жүр», — дейді Ахметов.
Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының 2019 жылғы зерттеуіне сәйкес, 11 жастан 15 жасқа дейінгі электронды темекі шегетін жасөспірімдер саны 3 есе, ал қыздар арасында 2 есе артқан.
А. Оралқызы, Е.СЕНБАЙ