Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Білгенге - маржан » Электрондық темекі (вейп) денсаулыққа өте қауіпті

Электрондық темекі (вейп) денсаулыққа өте қауіпті

Қазір жастар арасында элек­тронды темекі танымал. Орта жас­­тағылар да «темекі тастауға кө­мектеседі» деген желеумен вейп сатып алып жүр.  Әлеу­мет­тік­ желіде де электронды те­мекіні жасырын жарнамалайты­нын бай­қаймыз. Назар сала қалса­ңыз, мұнда да «кәдім­гі те­мекіге қа­ра­ған­да вейптің зияны аз» деп бат­титып жа­зып қояды. Бұл рас па? Нар­колог-дәрігерлер не дейді?

Вейпке құмар жастар көп…

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы ұсынған статистика бойынша, әлемде 1 млрд тұрғын темекі шегеді. Оның шамамен 80%-ы экономикасы төмен және орташа елдерде тұрады. Сондықтан олар элек­тронды темекінің таралымын шектеуге үндеу жасады. Ұйым өкілдері электронды темекіні балалар мен жасөс­пірімдерге темекі және онымен байла­ныс­ты сала­лардың өндірушілері сататы­нын хабар­лады. Маңыздысы, олар осы жолда мың­даған тартымды хош иістерді қолданып, жастардың назарын аудара­ты­нын алға тартады. Сол үшін ДСҰ мемле­кеттерді темекіге қарсы тиісті саясатты қабылдауға, қоғамды электронды теме­кінің зиянынан қорғауға және олардың балаларға, жасөс­пірімдерге және басқа да осал топтарға таралуына жол бермеуге шақырды. Жоғарыдағы мәліметке көз жүгіртіп  жатып, көлікте бірге келе жатқан таны­сымның сөзіне қайран қалдым. Оның айтуынша, электронды темекі қарапайым темекіге қарағанда зиянсыз. Сол үшін темекінің осы түрін сатып алуды ойға алған. Әзірге қандай түрін алатынын нақты шешпеген. «Темекі шеккеніме биыл 8 жыл. Тастағым-ақ келеді, бірақ жігерім жетпей жүр. Жақында Алматыға бара жатқанымда бірге келген жолаушы электронды темекісін тартып көруіме болатынын айтты. Көп ойланбай, байқап көрдім. Иісі жоқ, жеңіл екен. Иә, қарапайым теме­кідей ләззат сыйламайтыны тағы бар. Вейпін ұсынған кісі бұл темекі түрінің шылымға қарағанда зиянсыз екенін, кейбіріне темекі тастауға көмектесетінін айтты. Содан бері вейп сатып алуға аң­сарым ауып жүр», – дейді елорда тұрғыны Абылайхан Маратұлы. Иә, электронды темекі жастар ара­сында жоғарыдағы пункт бойынша сұраныста екен. Жастар дейміз-ау, мектеп жасындағы балалар да вейп сатып алып жүр. «Бұл қалай деп?» таңырқаған болсаңыз, әлеуметтік желідегі парақшалар мен Olx сайты арқылы іздеп көріңіз. Бағасы 3 мың теңгеден бастап, 27 мың теңгеге дейін жетеді. Тіпті, бұдан да қымбат тұратын түрлері болуы мүмкін. Қазір дүкен сөрелеріндегі темекі бағасы 540-1 300 теңге екенін ескерсек, элек­тронды темекіні сатып алуды кез келген­нің қалтасы көтермейтіні тағы бар.

Басты мәселе бағада емес, құрамында болып тұр. Көпшілік вейп құрамында тек хош иістендіргіш аэрозоль бар деп ойлайды. Нарколог-дәрігерлер болса, электронды темекіде хош иістендірілген сұйық пропиленгликоль мен глицерин май мен никотинді аэрозоль барын айтады. Нарықта  никотині жоқ вейп түрлері де бар. Жасөспірімдер осы кейінгі түріне қызығып, артынша никотині бар вейп сатып алуға көшеді екен.

Зияны қандай десеңіз

Жоғарыда жазғанымыздай, қоғамда «электронды темекі шылымнан қарағанда зиянсыз» деген жаңсақ пікір бар. Жа­қында Қырым федералды университеті ғалымдары электронды темекі буы өкпе тінін бұзатынын дәлелдеп шықты. Никотині жоқ құрылғы да адам ағзасына айтарлықтай зиянын тигізеді екен. Олар жүргізген зерттеу бойынша, егеуқұйрыққа вейп сұйықтығын берген. Осылайша, 40 күн ішінде егеуқұйрықтың өкпесі іри бастаған. Сол үшін мамандар электронды темекіге әуес болмауға шақырады. Нұр-Сұлтан қалалық Психотерапия және наркология диспансерлік орталығы­ның нарколог-дәрігері Тоқтар Қойшы­беков те электронды темекінің зиянын сан мәрте айтып жүр. Мәселен, маман пропиленгликоль мен глицерин майы қызып, тыныс алу жолдарынан өтіп, өк­пеге жетпей тұрып қалатынын алға тар­тады. Артынша бұл тыныс алу жолдарын жауып, өкпеге ауа жетуін те­жейді. Сал­дарынан өкпе дертіне шал­дығу көбейеді. Одан бөлек, кейбір мамандар электронды темекі құрамында формальдегид барын, бұл химиялық элемент ағзаға түскесін бауырда жи­налатынын жазады. Олардың айтуынша, вейп құрамындағы улы заттың тәтті болуы тәуелділікке әкеледі. Сол үшін «электронды темекі шылым шегуді тастауға көмектеседі» деу қате пікір екенін түсінген жөн. «Қалай болған күнде де, электронды темекі шылымға қарағанда зиянсыз деуге болмайды. Оның құрамында пропилен­гликоль, глицерин, никотин бар. Осы­лайша, өкпеге газ емес, майлы сұйықтық түседі. Ол ерімейді, әсерінен өкпені за­қымдайды. Темекі индустриясы жасөс­пірімдерді «вейп зиянсыз» деп сендіріп отыр. Сондықтан олар шылымды элек­тронды темекіге алмастырады. Статис­тикалық мәліметтер елімізде халықтың 2%-ы вейп қолданатынын айтады. Ме­ніңше, бұл статистика дұрыс емес. Өй­т­кені жасөспірімдерден сауалнама алса­ңыз, олар «темекі шекпейміз» деп жазып береді. Шынтуайтына келгенде, өздері шылым шегеді, вейп сатып алады», – дейді «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық қозғалысының жетекшісі Жәмилә Жеңісқызы. Әлемдік ұйымдар электронды теме­кімен күреске барынша назар аударуды сұрап жатқанын білеміз. Осы тұста еліміздегі темекі шегуге қарсы ұлттық қозғалыс өкілдері «Халық денсаулығы» кодексінде электронды темекіні шылым­мен теңестіруге қол жеткізген. Бұл өз кезегінде темекі тауарын сататын орында вейптің де перде астына жасырылуын, құрамында не барын ашық жазуды талап ете алады. Сондай-ақ елімізде электронды темекіні қоғамдық орында шегуге тыйым салынған. Егер біреудің көпшілік орында вейп пайдаланғанын көре қалсаңыз, әрекеті үшін айыппұл арқалайтынын ескерте аласыз. Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығы жариялаған үнпарақта да шы­лым шегуді тастау үшін электронды те­мекіге жүгіру қате екені жазылған. Ор­талық сарапшылары темекі тартуды тастау үшін бірнеше әдіс барын айтады. Мысалы, «суық индейка», мінез-құлық те­рапиясы, никотинді алмастыру тера­пиясы мен аралас терапияны бірге алып жүру керек. Қызығы сол, мамандар темекі тартқыңыз келгенде сағыз шайнауды әдетке айналдыруға кеңес береді. ХХІ ғасырдың басында басталған электронды темекі өндірісі қазір кең етек жайған. 466-дан астам түрі әлемнің түк­пір-түкпірінде сатылымда тұр. Мы­салы, 2005 жылы әлемде бір ғана вейп өндіретін зауыт болса, бүгінде жалпы саны 460-тан асқан. Сондықтан да ДСҰ электронды темекінің таралымын шектеуге шақырып жатыр. Соның ішінде елімізде де маман­дар мен ұйым өкілдері жасөспірімдер мен жастар арасында электронды темекінің зиянын барынша насихаттап жүр. Әрине, бұған назар салып тыңдар құймақұлақтар табылса-шы…

Бүкіл әлемде темекі шегу көрсеткіштері төмендеді. Егер, оң нәтиже болмаған жағдайда бүгінде темекі шегушілердің саны 300 миллион адамнан көп болар еді. Әлем бойынша он адамның жетеуі темекі шекпейді.

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа есебіне сәйкес, қазіргі таңда 5,6 миллиард адам темекіге қарсы озық стратегиялық шарамен қамтылды. Бұл дегеніміз, әлем халқының 71%-ы.

Иә, біз әңгімемізді көңілге жұбаныш сыйлайтын жалпы мәліметпен бастап отырмыз. Алайда, бұл тақырыпта Қазақстан қоғамын алаңдататын мәселе бар.

Атағы емес атауы жер жарып тұрған электронды темекі деген шықты. Жастар «вейп» деп атайды. Қазір жасөспірімдердің бұл өнімге қызығушылығы неге артып кетті? Тәтті дәмі, хош иісі және ерекше дизайны ма? «Сырты бүтін, іші түтін» деген сөз дәл осы электронды темекі жайлы айтылғандай. Вейпті көбісі заманауи өнертабыс деп ойлайды. Дегенмен, сұйықтықты буға айналдыру құрылғысын алғаш 1927 жылы американ өнертапқыш Джозеф Робинсон ұсынды. Ол бұл аппаратын медицина мен косметология саласында қолдануды мақсат етті. Өкінішке қарайоның бұл идеясы жүзеге аспады.

Электронды темекіден жасөспірімдердің гүл өмірі күлге айналып жатыр. Қоғамдағы басты мәселенің бірі жасөспірімдердің осы зиянды затты қолдануымен байланысты болып отыр. Көшеде жүргенде тек қана жасөспірімдердің ғана емес, ересектің де қолынан электронды темекіні байқаймыз. Темекі түтінінің жастарға ғана емес, үлкендерге де жалпы барлық адамның бола­шағына зиян келтіретінін білеміз. Көзге тартымды, түрлі-түсті түр сипаты болғанымен, одан келер залал көп. Жүрек-қан тамырларының жұмысына, өкпе мен бүйрекке әсер етіп қана қоймай, вейпті қолдануды тоқтатпаса, қатерлі ісікке шалдығу қаупі бар екенін есте сақтаған жөн. Қостанай облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Гүлсім Бисимбаеваның айтуынша, 18 жасқа дейін шылымды қолданған жағдайда оған тәуелді болу мүмкіндігі жоғары. Психолог электронды темекінің құрамында синтетикалық, химиялық заттар болатынын айтады.

«Электронды темекіні балалар өзіне қажет болған соң алмайды, оны үлкендер көрсеткен соң қабылдап дағдыланады. Бұл ангина сияқты бір мезетте жазылатын дерт емес. Жасөспірімдер зиянына көп мән бермейді, қабылдауға келген уақытта ғаламтордан электронды темекінің жағымды жағы жайлы ақпаратты көрсетіп тұрады. Америка елінде бір топ адамның электронды темекіден зардап шеккенін көргеннен кейін ғана оған назар аударып, тыйым сала бастады», – дейді психолог.

Соңғы жылдары мектеп қабырғасында электронды темекіні пайдаланушы жасөспірімдер көбейіп тұр дегенді жиі еститін болдық. Қостанайдағы №115 жалпы білім беретін мектеп директоры Кенжебек Шайхыбеков аталған мәселенің маңыздылығы ескеріліп, жеке жоспар құрылып, сол бойынша іс-шаралар тұрақты жүргізіліп жатқанын айтады.

«Мектеп оқушыларымен аталған тақырып жөнінде акциялар және сынып сағаттары өткізілуде. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың 114-бабымен танысып, жалпы мектепішілік ата-аналар жиналысында да айтылады», – деп мәлімдеді мектеп директоры.

Абай Құнанбаев атындағы №27 мектеп директоры Айымгүл Балтабаеваның айтуынша, сынып сағаттарында балаларға темекі шегудің ағзаға зияны туралы бейнероликтер мен презентациялар көрсетілген. Оқушыларды спорттық жарыстарға және шығармашылық сипаттағы конкурстарға үнемі қатыстыру да осы мәселемен күрестің бір жолы деп есептейді.

Бүгінде бүкіл әлем болып электронды темекіге шектеу қоюда. Олардың қатарында Бразилия, Малайзия, Дания, Норвегия, Аргентина және т.б. бар. Біздің елімізде электронды темекіні заңсыз қолданған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартады.

«Электронды темекіні кәмелетке толмағандардың өздері сатып алмайды, өйткені олар жауапкершілік шараларын біледі, негізінен ересектер темекіні сатып алады. Осы жылдың басынан бастап ҚР ӘҚБтК 441-бабы бойынша екі мектеп оқушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп мәлімдеді Қостанай облысының полиция департаментінен.

Қазір электронды темекі айналымына тыйым салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін оның ағзаға зиянын түсініп, электронды темекіні пайдалануды тоқтатуы керек. Тренд пен бренд қуып жүрген заманда жастардың қолында тұрған болашағымыз бұлыңғыр болып кетпесе игі.  Еліміз «Денсаулық – зор байлық» деп бекер ұрандатпады. Саламатты өмір салтын ұстану әр адамның өз қолында.

Қараша айының үшінші бейсенбісі – халықаралық темекі шегуден бас тарту күні. Айтулы дата 1977 жылдан бері аталып өтіп келе жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер шарында 1 миллиардтан астам адам шылым шегеді. Олар жылына 5,7 млрд дана темекі өнімдерін пайдаланып, 1 млн тонна тұқыл тастайтын көрінеді. Ал қазір электронды темекіні тұтыну жастар мен жасөспірімдер арасында ерекше қарқын алып барады. Қоғам белсенділері электронды темекілердің адам ағзасына тигізетін кері әсері әлі толық зерттелмегенін айтады. IQOS ағылшын тілінен қазақшаға аударғанда «мен темекіні тастаймын» деген ма­ғына береді. Бұл – батареямен қуатталатын темекі өнімдерін қыздыратын құрылғы. IQOS өндірушілер жоғары температурада зиянды түтін емес, бу шығады деп сендіреді. Бұл технологияны темекі нарығына ену үшін сәтті ойлап тапқан қадам деуге бола­ды. Қазір жастар арасында темекіні осын­дай қыздыру әдісімен шегу сәнге айналған. Электронды темекі өндірушілер өз өнім­дерінің адам ағзасына зиянсыз екендігіне сендіре түсетін жарнаманың артуына бай­ланысты олардың танымалдығы артып, тұтынушылар көбейіп отыр. Ал Қырым Фе­дералды университеті ғалымдары элект­ронд­ы темекіден немесе вейптерден шыға­тын бу өкпе тінін бұзатынын дәлел­деді. Тіпті, никотин қосылмаған құрылғының өзі де адам ағзасына аса зиян. Егеуқұйрыққа жүргізілген эксперимент нәтижесінде вейп сұйықтығы құйылған жануардың өкпесі 40 күннен кейін іри бастаған. Бұл дәлел шылым шегушілер арасында кең тараған электронды темекінің зияны аз деген пікірді жоққа шығарады. Никотиннің адам өміріне қаупі туралы ақпаратты тарату ешқашан тоқтаған емес, алайда одан темекі шегушілер саны азаймай отыр. Дәл қазір электронды темекі шығаратындардың дәуірі жүріп тұр. 2005 жылы әлемде тек бір ғана зауыт болса, бүгінде олардың саны 460-тан асқан. Қазақстанда 2019 жылы жүргізілген «Гадс» зерттеу нәтижесі бойынша ер-азаматтар арасында темекі қолдану азайса, әйелдер мен жасөспірімдер арасында темекі қолдану көбейгенін көрсетеді. Еліміздегі әрбір бесінші жеткіншек электронды темекінің дәмін татқан. Ал тұрақты түрде тартып жүргендердің саны белгісіз. Денсаулық сақтау министрлігі осындай дерек келтіреді. Алайда бұл бағытта нақты статистиканы жүргізудің мүмкіндігі жоқ екенін мойындап отыр. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап, кез келген сауда орнына бұл тауарды сөрелерге ашық қойып, саудалауға заңнамалық негізде тыйым салынды. Егер кәсіпкер бұл талапты орындамаса, 180 мыңнан бастап, жарты миллион теңгеге дейін айыппұл төлейді. Қазір дүкендерге кірсеңіз, шылымның кез келген түрі жарнамаланбайды, өнім түгел жабық тұр. Бірақ электронды темекіге келгенде аталған талап жүрмейтіні байқалады. Электронды және бір реттік темекіге әлемнің 35 елі тыйым салған, 65 мемлекет арнайы шара қабылдаған. Өкінішке қарай, бұл тізімде Қазақстан жоқ. Аталған мәселе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын да алаңдатып отыр. Соңғы статистикалық дерек: жер шарында 13-15 жастағы 44 миллион жасөспірім темекіге тәуелді. Бір ескерер жайт, бұл тек классикалық темекіні тұтынып жүрген жасөспірімдердің саны. Халықаралық ұйым вейп сияқты заманауи өнімдерді тұтынатын балалардың қарасы бұл зерттеудің сыртында қалып отырғанын айтады. Сонымен қатар электронды темекіні жарнамалау үшін ірі өндірушілер әлеуметтік желіні, танымал адамдарды пайдалана бастаған. Жастарды еліктіру үшін шылымның 15 мыңнан аса дәмін ойлап тапқан. Ұлыбританиялық денсаулық сақтау қайырымдылық ұйымы таяуда шылым шегушілерді тексергенде елдегі түтінсіз темекі тартушылар екі есе көбейгенін анықтаған. Электронды шылым шегушілер 2010 жылы 9 пайыз болса, 2012 жылы 22 пайызға жеткен. Темекінің жаңа түрін қолданушылардың барлығына жуығы – бұған дейін де шылым шеккен адамдар. Олардың 40 пайызы «электрондық темекі шексек, шылымның залалды әсерінен құтыламыз» деп үміттенген. Лондондағы шылымның денсаулыққа әсерін зерттейтін орталық мамандарының айтуынша, электронды темекінің құрамында никотин ғана бар. Түтінсіз темекінің иісін шығару үшін құрамына тағы не қосқаны да жете тексерілмеген. Көптеген елде мұндай мәселені реттеп отыратын арнайы үкімет комиссиясы электрондық темекінің түрлерін қалай классификациялап, оларды стандарттық сапаға қалай келтіреміз деп ақылдасып жатыр. Азиза РАМАНҚҰЛ, пульмонолог дәрігер:

Электронды темекіге құмарлық – психологиялық тәуелділік белгісі

– Қазір электронды темекілер жастар арасында сәнде. Қалада қарасаңыз vape shop атты дүкендердің санының көбейіп жатқанын байқауға болады. Жалпы vape дегеніміз ағылшын тілінен аударғанда «булану» деген мағынаны білдіреді. Құрамында глирецин, пропиленгликоль, ароматты қоспалар бар. Бұл қоспалар вэйп апараты ысыған кезде реакцияға түсіп, адамның денесінде зиянды 31 қосынды түзіледі. Ең қауіптісі диацетил деп аталады. Диацетил вэйпті қолданатын адамдардың 75 пайызының жағдайында облитерациялық бронхиолит, қалыпты өкпе тінінің дәнекер тінмен орын басуы секілді өзгерістерге ұшыратады. Не себепті жастардың арасында электронды темекіні көп пайдаланып жатыр? Себебі бағасы қолжетімді, қалада кез келген жерден алуға болады, сатып алуға заңмен шектеу жоқ. Жастардың ойынша қолында вэйпті буландырып тұрса, ол өзін сәнді сезінеді. Бұл да психикалық тәуелділік деп ойлаймын. Қазір нақты вэйп қолданғаннан кейін тыныс алуым өзгерді деген шағыммен келген науқастар жоқ, алайда жалпы кейбір тыныс алу жолдарының симптомдарының басым болуына, инфекциядан кейін дамыған болар деген күдікпен шағымданып келіп жатқан науқастар бар. Әрбір адамның денсаулығы – үлкен бақыт. Қолда бар алтынның қадірін біліп жүрген абзал.

Темекі, кальян, электрон және қыздырылатын темекі – қайсы зиянырақ?

Татьяна Фоминованың пікірінше, Қазақстанда темекі шегушілерге темекіден зияны азырақ баламалары туралы толық ақпарат жоқ. Көбісі оларды «жарнамалық қадам» деп есептейді.

«Менің байқауымша, біздің темекі шегушілер екі түрге бөлінеді. Біреуі нарықты зерттейді, қолданып көреді және таңдау жасайды. Ал басқалары, барлық гаджет зиян деп сендіретін темекіге қарсы шығушылардың жұмысының арқасында ештеңені өзгертпеуді және ештеңеге сенбеуді жөн көреді. Менің жеке ортамда қыздырылатын темекі мен вейптерге өтіп жатқандардың саны ай сайын артып жатыр, яғни денсаулыққа қамқорлық жасау үрдісі бар және ол күшейіп жатыр. Өкінішке қарай, оның дамуына кедергі келтіріп, үнемі жалған сөз айтылады. Бұл барлық зерттеудің жалған екені, балама темекі кәдімгі темекі сияқты зиян екені және тағы басқа туралы жалған ақпараттар. Әрине, темекіні жай ғана тастап кету жақсыраұ, бірақ көп адам бірден және бір жола тастай алмайды», — дейді Tastau.kz негізін қалаушысы.

Қандай да бір себептермен темекіні тастай алмайтындар кейбір ғылыми деректерді білуі керек дейді маман. Әртүрлі баламаның қауіптілігі бойынша дәрежесі әртүрлі. Зияны ең азынан зияны көбіректерге дейін қарап көрейік.

Темекі қыздыру жүйелері

Олардың айырмашылығы шегу кезінде никотиннің көзі табиғи темекі болады. Темекі қыздыру жүйелері темекі қоспасымен толтырылған арнайы стиктермен қолданылады. Сырттай олар темекіге өте ұқсас. Ал олардың түбегейлі айырмашылығы – темекі сияқты тұтанбайды. Атауынан көрініп тұрғандай, олар темекіні қатаң белгіленген температураға дейін қыздырады, бірақ тұтанбайды — темекі шегушілер түтінмен жұтатын ондаған зиянды канцерогендік заттар жоқ.

The Journal of Internal and Emergency Medicine рецензияланған медициналық басылымында жарияланған темекіні қыздыру жүйелерінің (ТҚЖ) зияны бойынша дәрежесін зерттеудің бірінде дәстүрлі темекіден темекіні қыздыруға толық өту зерттеуге қатысушылардың ағзасында елеулі өзгерістерге әкелгені жайлы айтылады. Атап айтқанда, өкпе қатерлі ісігі мен жүрек-тамыр аурулары қаупінің айтарлықтай төмендеуі байқалған.

Краснодар темекі, махорка және темекі өнімдері институтында (РФ ФМБҒУ ТМТРҒЗИ) ТҚЖ-ның төмендетілген зияны туралы ұқсас қорытындыға келді. Директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Евгения Гнучих «темекіні қыздыру жүйелері темекіге қарағанда уыттылығы 95% аз. ДДСҰ темекі шегуден болатын аурулармен байланысты 9 зат бойынша 99%-ке дейін төмендегенін байқадық» деген дерек келтірді.

Сонымен бірге ТҚЖ-ның вейп немесе «бірреттіктерден» айырмашылығы, қолдан жасау мүмкін емес екені де маңызды. Сонымен қатар нарыққа шығарылған жері түсініксіз, технологиялары тіпті «контрафакт корольдеріне» де тым күрделі стиктер жеткізілмейді.

«Егер темекіні қыздыру жүйесін вейппен салыстырсақ – бұл көбіне темекі шегудің имитациясы. Бұл шылымқорға ыңғайлы және түсінікті. Сонымен қатар ТҚЖ әлдеқайда аз бу береді, ал оның дәмі табиғи темекінің дәміне негізделген. Менің ойымша, бұл темекіден бас тартуға жақсырақ және оңайрақ көмектеседі, бірақ ең бастысы – бұл қыздырылатын темекі өндірушілерінде сертификаттаудың болуы. Темекі компаниялары ондаған жылдар бойы денсаулық сақтау және қоғам белсенділерінің назарында тұр. Олардың зерттеулер мен әзірлемелерге қомақты бюджеттері бар. Мен оларға вейптерге арналған белгісіз сұйықтық өндірушілерге қарағанда көбірек сенемін», — деп қорытындылады Татьяна Фоминова.

Электронды «бу бөлмелері»

Никотинді жеткізудің электрон жүйелері — бұл вейптер, электрон темекілер, темекіні қыздыру жүйелері. Зерттеушілер оларды қауіп-қатер шкаласына енгізді, онда 100 балдың ішінен 15 балдан төмен алды.

2015 жылы Public Health England (денсаулық сақтау министрлігінің британиялық аналогы) есеп жариялады. Онда электрон темекінің буы (оның ішінде темекі қыздыру жүйелері) түтінге қарағанда 95% зияны аздау екендігі айтылған. Алайда мұнда бәрі оңай емес. Никотині бар электрон гаджеттер әртүрлі болып келеді. Вейптердің қауіп-қатер дәрежесін мұқият зерттеген жөн, соның ішінде «бірреттіктердің» де, кейінгі уақытта оған қазақстандық жасөспірімдер үйір болып барады.

Жақында қазақстандық парламенттің вейптерге, соның ішінде бірреттік подтарға толық тыйым салу туралы шешім қабылдауы кездейсоқ емес. «Бірреттіктердің» танымалдылығының көшкін тәрізді өсуімен біздің еліміздегі бұл нарық толығымен ашық емес болып шықты. Стандарттар мен бірыңғай МЕМСТ-тің болмауына байланысты дүкендерде ұсақ өндірушілердің контрафактілік өнімдері де сатылды.

«Бірреттік подтарды зияндылық дәрежесі бойынша темекіден кейін екінші орынға қою керек еді, бәлкім олар кальянмен екінші орынды бөліскендері де жөн. «Бірреттіктердің» негізгі зияны — сертификаттаудың болмауы. Олардың құрамында не бар екені тек өндірушілерге аян. Осылай вейптер туралы да айтуға болады: оларды толтыруға арналған белгісіз сұйықтықтарда жақсы ештеңе жоқ. Шынында, қазір вейптерге тыйым салынған кезде жағдай одан сайын нашарлауы мүмкін. Өйткені контрабанданың өз ережелері бар», – дейді Татьяна Фоминова.

Кальян

Кальянның зияны аз дейді. Бұл — қате түсінік. ДДСҰ мәліметтері бойынша кальянның «жанкүйерлері» темекі шегушілермен бірдей ауруларға тап болуы мүмкін. Мұның себебі қарапайым: түтінді жұтады. Ал түтіннің құрамында – тура сондай ауыр металдар және басқа канцерогендер бар. Кальянды қорғау үшін олар түтіннің өтетін сумен сүзілетіні жайлы жиі айтады, бірақ бір сағат кальян шегу кезінде адам 100-200 есе көп түтін жұтады. Мұны Краснодар темекі және махорка институтының 2000 жылдардың басында жарияланған зерттеулерінің бірі дәлелдейді. Түтінді су арқылы сүзгенде зиянды заттардың концентрациясы расында төмен болады, бірақ бұл түтіннің көлемі зияндылық деңгейін едәуір арттырады.

Темекі

Дәстүрлі темекі — бұл никотинді адам ағзасына жеткізудің ең зиянды әдісі. Бұл туралы көп зерттеудің келтірілген деректер айтады. 1962 жылы the UK Royal College of Physicians темекі шегудің ағзаға әсерін сипаттайтын есеп жариялады. Сол кездің өзінде дәрігерлер зиянның негізгі көзін – темекі жанған кезде пайда болатын түтінді анықтады. Оның құрамында 7 000-нан астам зат бар, олардың көп бөлігі сөзсіз зиян. Темекі шегушінің қанына қатерлі ісікті тудыратын заттар — канцерогендердің 50-ден астам түрі түседі.

«Никотиннің бір тамшысы жылқыны өлтіреді» деген сөз тіркесі ақиқатында шындықтан алыс. Темекі шегушілерді қызықтыратын никотиннің өзі емес, түтіннің компоненттері зиянын тигізеді. Бұл туралы британиялық ғалымдар жүргізген зерттеулердің қорытындыларында айтылады.

Олар былай дейді: «…Никотин қауіпті зат емес. Қауіп-қатердің негізгі көзі — түтін. Егер никотинді ағзаға түтінсіз жеткізуге болса, онда темекі шегуден болатын зиянның көп бөлігін болдырмауға болады».

Сан-Диегодағы Калифорния университетінің (АҚШ) медицина мектебінің ғалымдары электронды темекінің ми, жүрек, өкпе және тоқ ішек жұмыстарына кері әсерін зерттеді. Зерттеу нәтижелері вейптің аталған органдардағы қабыну процестерінің дамуына ықпал ететінін көрсетті.

Зерттеу зертханалық тышқандарға күніне үш рет JUUL электронды темекі буландырғыштарын, жалбыз бен мангоны қоса алғанда, бірнеше ең танымал дәмдерді қолданды. Содан кейін мамандар денеде қабыну белгілері пайда болатынын байқады. Ең күшті өзгерістер эксперименттік субъектілердің миында болғаны анықталды: онда қабынуға жауапты бірнеше маркерлер пайда болған.

Алынған нәтижелер мамандарды алаңдатуда, өйткені мидың мазасыздық, депрессия және тәуелді мінез-құлыққа жауап беретін бөліктерінде қабыну байқалды. Бұл нашақорлық пен тәуелділікке әкелуі мүмкін.

Ғалымдар сонымен қатар, электронды темекінің бір айлық әсерінен кейін, асқазан-ішек ауруларының даму қаупінің жоғарылағанын көрсететін тоқ ішектегі қабыну факторларының көрінісін тапты.

Ғалымдар жүректің қабыну белгілеріні байқады. Жүрек иммуносупрессиясының жағдайы жүрек тінін инфекцияға осал етуі мүмкін.

Тышқандардың өкпесінде мамандар тіндердің қабыну белгілерін таппады, бірақ үлгілерде ген экспрессиясының көптеген өзгерістері байқалды. Бұл электронды темекінің өкпе денсаулығына ұзақ мерзімді әсерін одан әрі зерттеуді қажет етеді.

Зерттеушілер әрбір органның қабыну реакциясы электронды темекінің қандай дәмі қолданылғанына байланысты өзгеретінін анықтады. Мысалы, жалбыз аэрозольдарын жұтқан тышқандардың жүректері манго аэрозольдарын жұтқандармен салыстырғанда бактериялық пневмонияға сезімтал екені анықталды.

Темекі шегудің зиянын азайтудың 7 әдісі

Мойындайық (мойындадық): адамға темекі шегуден бас тарту қиын. Бірақ, бұл зиянды әдеттен арылуға мүмкіндік бар. Бүгін біз кейбір ережелерді сақтай отырып, никотиннің шылым шегушінің ағзасына кері әсерін азайтуға және обырдың даму қаупін төмендетуге болатынын білген жөн.

Бақыт Түменова, дәрігер, «Аман-саулық» ҚҚ президенті, және қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері бойынша сарапшысы, темекіге қарсы күрес- бұл ерік-жігер мен адамның қалауы. Мұнда ешқандай тыйымдар болмауы қажет, қойылған міндетті шешуге көмектесетін барлық мүмкін нұсқаларды пайдалану керек.

«Соңғы уақытта әлем қатты өзгерді, ескі консервативті тәсілдер өзін-өзі жойды, бүгінгі таңда зиянды әдеттен бас тарту үшін оған зияны төмен балама қолдануды ұсынатын зиянды төмендету тұжырымдамасы жұмыс істейді»,- деп толықтырды Бақыт Түменова.

Темекі шегудің зиянын азайтудың 7 әдісін қарастырайық

1. Оянғаннан кейін бірден темекі шегуге болмайды

Таңертең оянған адамдар ең алдымен темекі шегеді, оларда ұйқыдан кейін кем дегенде бір сағаттан кейін шылым шегетіндерге қарағанда өкпе обырын дамыту қаупі бар.Пенсильвания штатының медициналық колледжінің ғалымдары жүргізген ғылыми эксперимент көрсеткендей, темекі шегетін адамның бір сағат ішінде темекі шегуден бас тартқандармен салыстырғанда обыр дамуының жоғары қаупі екі есеге артып отырғандығын көрсетті.

2. Аш қарынға темекі шегуге болмайды

Никотин асқазан шырынын өндіруді күшейтеді, ол қорытуға арналған өнімдер болмаған кезде асқазан мен ішектің шырышты қабығын бұзады. Бұл қышқыл балансының бұзылуымен, гастрит, асқазан жарасы және 12 ұлтабар жарасының дамумен байланысты.

3. Көп су ішу

Күні бойы көп су ішу. Бұл бүйректің жұмысын ынталандыруға мүмкіндік береді, уыттарды ағзадан тез шығаруға және несептегі никотин концентрациясының ұлғаюынан аулақ болуға мүмкіндік береді.

4. Аш асқазанға темекі шегуге болмайды

Никотин сілекейде ериді және асқазанға түсіп, оның шырышты қабығын тітіркендіреді, асқазан сөлінің көп бөлінуіне және қышқылдықтың жоғарылауына ықпал етеді, бұл гастрит, ойық жара, колит немесе іш қату қаупін тудырады.

5. Спортпен жүйелі айналысу

Ауыр дене күші темекі шегушілер үшін қауіпті: ол жүрек жұмысын тездетеді, ал никотин артерияны тарылтып, қанның жүректен кетуіне кедергі жасайды.

6. Таза ауада көбірек серуендеу

Саябақта жылдам қарқынмен серуендеу өкпеде жақсы газ алмасуға мүмкіндік береді, соның арқасында олардың ішінен ӨСОА (өкпенің созылмалы обструктивті ауруы) тудыруға қабілетті улы заттар шығарылады.

7. Темекіні қыздырудың электрондық жүйелеріне өту

Егер никотиннен мүлдем бас тарту қиынға соқса, электрондық темекі немесе темекіні қыздыру жүйесі сияқты түтінсіз баламаларды пайдаланыңыз.

Темекіні электронды қыздыру жүйесі арқылы пайдалану кәдімгі темекімен салыстырғанда қаншалықты зияны төмен?

Ғалымдар олардың темекіден 95%-ға зияны аз екенін айтады. Темекінің барлық зияны кептірілген темекі жапырағының жоғары температурада жанатын өнімдерінен жұтылатын түтіннен болады. Түтін — бұл жану өнімдерінің бөлшектері және өкпеге түсетін ыстық улы газдар. Темекіні жылыту жүйелері түтін шығармайды, өйткені оларда жану процесі жүрмейді. Осылайша, оның басты айырмашылығы жану процесінде болып табылады, ол мүлдем басқа физикалық, химиялық және биологиялық әсерлер береді.

«Зияны төмен балама ұсына отырып, біз өмір сүру сапасын жақсарта отырып,әрбір адамның таңдау құқығын құрметтейміз», — деп толықтырды Бақыт Түменова.

Таңдау — темекі шегушілерде. Алайда ең дұрысы — бұл, әрине, темекі шегуден толығымен бас тарту.

 

С.МАРАЛБАЙ, Д.БАТЫРБЕК, А.АЙДАРҚЫЗЫ

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*