Нерв жүйесі организмнің барлық функциялық жүйелерін, ағзалар мен тіндерін біртұтас бірлікте байланыстыратын, біріктіретін жүйе. Ол ұдайы өзгеріп тұратын сыртқы ортаның ықпалдарына организмнің бейімделу мүмкіншіліктерін қамтамасыз етеді. Сол себептен нерв жүйесінің бұзылыстары организмнің осы бейімделу қабілетінің бұзылыстарына әкеледі. Осының нәтижесінде дамитын көптеген дерттердің негізінде нервтік реттелудің бұзылыстары жатады.
Нерв жүйесі бұзылыстарының этиологиясы.
Нерв жүйесінің бұзылыстарына әкелетін себептік ықпалдар экзогендік және эндогендік болып екі үлкен топқа бөлінеді.
Экзогендік себептік ықпалдарға: биологиялық (микробтар мен вирустар және олардың уыттары), химиялық (улы заттар, металдар, этил немесе метил спирттері, кейбір дәрі-дәрмектер, мәселен стрихнин, хлороформ, кураре ж. б., гипоксия), физикалық (барометрлік қысым, иондағыш сәулелер, ыстық немесе суық температуралар, электр ағыны, электромагниттік толқындар ж. б.) механикалық (жарақат, ми шайқалысы), психогендік (жан-күйзелістері, жағымсыз эмоциялар) ықпалдар жатады. Сонымен бірге нерв жүйесінің бұзылыстары адамның ішетін тағамында витаминдердің аздығынан, әсіресе жас балалардың тамағында нәруыздардың (протеиндердің) жетіспеуінен дамуы мүмкін. Бұл келтірілген себептік ықпалдармен бірге адам үшін сөздің маңызы өте үлкен. Бір ауыз сөзбен адамның жанын жаралауға немесе науқас адамға дем беріп, сауықтыруға болады.
Эндогендік ықпалдар туа біткен немесе жүре пайда болған болып бөлінеді. Туа біткен эндогендік себептік ықпалдарға тұқым қуалайтын нерв жүйесінің аурулары (Даун ауруы, фенилкетонурия, шизофрения, эпилепсия, микроцефалия т. с. с.) және нәресте басының туылу кезіндегі жарақаттанулары жатады. Жүре пайда болған эндогендік ықпалдарға мида қан-айналымының бұзылыстары (ми тамырларының спазмы, тромбозы немесе эмболиясы, қан құйылу), өспе өсуі, эндокриндік дерттер (қантты диабет, туа біткен гипотиреоз, тиреотоксикоз ж. б.), аутоиммундық үрдістер ж. б. жатады. Бұл көрсетілгендерден басқа нерв жүйесі нервтік-рефлекстік (травмалық шок), шартты-рефлекстік жолдармен бұзылулары мүмкін.
Жоғарыда көрсетілген себептік ықпалдардың әсерлері олардың қарқынынан және әсер ету ұзақтығына байланысты. Кейде әлсіз әсерлер ұзақ мерзімде әсер еткенде нерв жүйесінде көрнекті өзгерістер дамуы мүмкін. Бұл кезде ұзаққа созылған әсерлердің жиынтық өлшемі (дозасы) сол ықпалдың бір рет әсер еткен өлшемінен кем болады.
Жүйке жүйесі – бұл адам денесінің маңызды және күрделі бөлігі. Ол өмірдің барлық қырын бақылайтын үлкен желі іспетті. Ас қорыту, сезу, сезіну, тыныс алу осының барлығы жүйке жүйесінің күрделі функциялары. Жүйке жүйесінің зақымдануы бас ауруы, концентрациялық қиындықтар, тердің шамадан тыс бөлінуі сынды ауруларға алып келеді. Қаланың күнділікті күйбең тіршілігінен шаршаған адамдардың көкейінде, жүйке жүйесін қалай нығайтуға болады? – деген сұрақтың бары анық. Бұл сұраққа жауап тапқыңыз келсе төмендегі кеңестерді оқып көріңіз.
- Стрессті азайту
Адамның жүйке жүйесі парасимпатикалық және симпатикалық болып екіге бөлінеді. Біріншісі ағза тыныққан кезде жұмысқа кіріседі. Осы сәтте ас қорыту, ұйқы сияқты ағзаны қалпына келтіру кезеңдері жүреді. Ал, симпатикалық жүйке жүйесі ағза іс-қимылға кіріскенде әрекет етеді.
Біз үнемі стрессте жүрген кезде симпатикалық жүйке жүйесі белсенді түрде жұмыс істейді. Бірақ дене ұзақ уақыт бұндай күйде жүре алмайды. Осылайша, жүйке жүйесі шаршайды. Нәтижесінде, ұйқысыздық, жиі суық тию және басқа да жағымсыз әсерлер пайда болады.
Симпатикалық жүйке жүйесіде тынығу қажет, сондықтан стресстен аулақ болу қажет.
- Тыныс алу жаттығулары
Тыныс алу жаттығулары парасимпатикалық жүйке жүйесінің қызметіне жақсы жағдай жасайды. Былайша айтқанда, арнайы тыныс алу жаттығулары денеңізді демалуға және өзінің емдік қабілетін оятуға белгі береді.
Тыныс алу жаттығулары йоганың ажырамас бөлігі болып табылады. Жүйке жүйесін нығайтудың басқа да жолдарын іздесеңіз йогаға жазылыңыз. Өйткені, осы тәжиірбе мыңдаған жылдар бойы өзінің оң нәтижелерін берген.
- Жүйке жүйесінің диетасы
Табиғи жолмен жүйке жүйесін нығайтудың ең жақсы жолы – пайдалы тағамдарды жеу.
Жүйке жүйесі қоректік заттар, дәрумендер мен минералдарды көп талап етеді. Атап айтқанда, Омега-3 және пайдалы майлар, D дәрумені мен В тобындағы дәрумендер және магний.
- Жаяу серуендеу
Табиғат аясында 30 минут жаяу серуендеу жүйке жүйесіне өте тиімді әсер етеді. Әсіресе, таңғы уақытта серуендеу пайдалы.
- Массаж
Жүйке жүйесін нығайтудың өте жақсы тәсілі. Тұрақты түрде массаж жасату парасимпатикалық жүйке жүйесінің демалуына көмектеседі.