Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тікелей тапсырмасымен заңсыз жер қойнауын пайдалануды анықтау бойынша жұмыстар үздіксіз атқарылуда.
Осы бағытта бүгін полиция департаментінің үлкен мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен жер қойнауын пайдалану мәселелері туралы жиын өтті, деп жазады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Аталған жиынға полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов, облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Б.Әбдешов, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қ.Абдуалиев, Жер қатынастары басқармасының басшысы Т.Ерғали, басқа да құрылым, департамент басшылары, облысқа қарасты аудан әкімдерінің орынбасарлары, полиция басқарма, бөлімдері бастығының орынбасарлары және карьер иелері қатысты.
Күн тәртібінде «жер қойнауын пайдалану» мәселелері талқыланды. Қаузалған мәселе аясында бірқатар баяндамалар жасалып, өңірде жер қойнауын пайдаланушылар, құмды-қиыршық тас, құрылысқа арналған саз топырақты заңсыз артып әкетіп жатқандарға көрілетін шара, алдын алу жайттары талқыланды. Ал карьер иелері құрылым басшыларына өздерінің көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.
«Заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларды анықтау мен халық арасында бұл заң бұзушылыққа қатысты қылмыстық және әкімшілік іс қозғалатыны туралы, оның салдары мен қаупі бойынша арнайы құрылған мобильді топпен әрі қарай да жұмыстар жалғасын табады. Карьер иелері тарапынан айтылған шағымдар ескерілді, осы кемшіліктерді болдырмау бойынша тиісті құрылымдар өздеріңіздің құзыреттеріңізге сай іс-әрекеттерді жоғары деңгейде атқарыңыздар! Нәтижесі менің назарымда болады», — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Оралбайұлы.
Полиция полковнигі Қ.Сахов өз баяндамасында «Полициямен табиғатқа залал келтірушілерді анықтау мақсатында рейдтік жұмыстар тәулік бойы жалғасуда. Жыл басынан бері полициямен 19 қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша 142 тұрғын анықталып, заңсыздықтың жолы кесілді. 100-ге тарта техника (экскаватор, погрузщик, КАМАЗ т.б. ауыр жүк көліктері) анықталып, айыптұраққа қойылды. 63 әкімшілік іс қозғалып, Экология департаментімен 24 хаттама толтырылды. Полиция тарапынан заң бұзушыларды анықтау бойынша жұмыстардың жүргізілуі тоқтамайды»-деп мәлімдеді.
Сонымен қатар тұрғындар арасында заңсыз жер қойнауын пайдаланғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын, ал қайталау кезінде пайдаланылған құралдар мен заттар алынатынын түсіндіру бағытындағы шараларды тиісті сала қызметкерлерімен бірлесіп күшейтуді ұсынды.
Айта кетейік, Сайрам ауданы әкімінің 2023 жылғы 12 шілдедегі №25 өкімімен құрылған жұмысшы топ құрамының мүшелері болып, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Н.Көшеровпен бекітілген «Аудандарда жер қойнауын заңсыз пайдаланушылармен күресу бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру» туралы алгоритіміне сәйкес, 19.04.2024 жылы Манкент ауылдық округі аумағындағы 184 орамында ақсу су арнасынан ЖК Алиевке берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 12,5 га жер телімінде жер қойнауын заңсыз пайдаланып HYUNDAI эксковаторы және Howo ауыр жүк көлігімен (Тас) қазба жұмыстары жүргізіліп жатқаны анықталды және бейне, фотокамераларға түсіріліп 102 нөміріне хабарланды. Полиция басқармасының маманы көлік жүргізушілерден түсініктеме алынды. эксковатормен ауыр жүк көлігін заңды шешім қабылданғанға дейін айыптұраққа қойылды.
Жалпы, Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес күшейтілген. Облыс аумағында 100-ден астам карьерлердің жұмыстары жаппай тексеріліп жатыр. Рейдтік шаралар өткізіліп, айыппұл салынуда. Жыл басынан бері келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 11 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылған.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жер байлығын заңсыз игергендерді біржолата тоқтату туралы қатаң тапсырма берді. Таяуда облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте өзекті тақырып тағы да талқыланды. Бұл бағытта атқарылған жұмыс нәтижелері баяндалды. Өзендердің арнасын бұзып, тау-тасты, тарихи орындарды қопарып, заңсыз құм, тас және өзге де пайдалы қазба алып жатқан кәсіпкерлердің әрекеті өткір сыналды.
Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың баяндауынша, Сайрам ауданының аумағындағы 3 жер қойнауын пайдаланушы Ақсу өзенінің су қорғау белдеуінде орналасуына байланысты келісімшарттарының қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған.
Сондай-ақ «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ерекше қорғалатын аумақтарына кіруіне байланысты Арыс қаласының аумағында орналасқан үш жер қойнауын пайдаланушы жұмысын тоқтатты. Ордабасы, Сауран, Төлеби және Түлкібас, Шардара аудандарында орналасқан кен орындарының су қорғауы белдеуіне орналасуына және келісімшарттық міндеттемелерін орындамауына байланысты келісімшарттың қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылды. Табиғатқа залал келтірген мекемелер қазған жерді тегістеу керек.
— Бұл мәселе не үшін болып жатыр? Әрбір мемлекеттік орган өз міндетін дұрыс атқарып отырса, бірде — бір заңсыз карьер болмас еді. Олардың жұмысын біржолата тоқтату керек.Халықпен кездесу кезінде де осы мәселе жиі көтеріледі. Тұрғындарымыз заңсыз карьерлерден зардап шегуде. Карьер қазғаннан өзендер мен бұлақтар тартылып жатыр. Оның үстіне ауыр көліктер миллиардаған қаражатқа салынып жатқан тасжолдардың тас — талқанын шығарып жатыр. Оларды қорғағандардың өзін қылмыскер, деп санаймын, — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімінің тапсырмасымен, полиция департаментінің бақылауымен өңірде арнайы іс-шара жүргізілуде. ПД-нің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері мен табиғатты қорғау тобының инспекторлары жұмылдырылған шара барысында анықталған ауыр жүк көліктері айыптұраққа қойылды.
Аталған жайттар бойынша тиісті құжаттар жинақталып, шешім қабылдау үшін Экология департаментіне жолданды. 16 қылмыстық іс қозғалды. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстың барлық аумағында жалғасын табады.Одан бөлек, облыс аумағында орналасқан 45 жер қойнауын пайдаланушылардың пайдалы қазбаларды өндіру аумақтарына маркшейдер маманымен бірлесіп мониторинг жұмыстарын жүргізілді. Маркшейдермен зерделенген кен орындарының қорытындыларын заң аясында тиісті шара көру үшін құзырлы мекемелерге жолданатын болады.
Облыста кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 175 жер қойнауын пайдаланушы бар. Басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан. Олар келісімшарт және лицензия негізінде жұмыс жасайды. Сонымен қатар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келісімшарт берілген қатты пайдалы қазбаларды өндіруге және барлауға арналған 13 мекеме алтын фосфорит, барит, мыс, көмір және құрамдас металдар өндіреді. Созақ, Кентау, Түлкібас аудандарында алтын, фосфор, барит барлау, темір барлау кен орындары жұмыс істейді.
Жалпы айтқанда, көптеген өңірлерде кең таралған пайдалы қазбаларды – қиыршық тасты, құмды, сазды, қара топырақты және олардың басқа да түрлерін заңсыз өндірудің көптеген фактілері байқалады. Ал қоршаған ортаға келтірілген залалдың жалпы сомасы миллиардтаған теңгені құрайды. Бұдан басқа, ластанған ауаның салдарынан халық денсаулығының нашарлауы, сондай-ақ заңсыз әрекеттердің салдарынан инфрақұрылымның бұзылуы алаңдатарлық үрдіс болып отыр.
Түркістан облысы аумағындағы заңсыз жер қойнауын пайдаланушылармен күресу бойынша Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен бірлесіп іс-шара жоспары бекітілгені белгілі. Аталан іс-шараға сәйкес, қос мекеме өкілдері заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бойынша таяуда Ордабасы ауданына рейдтік іс-шара жұмыстарын жүргізгенін айта кетейік. Нәтижесінде, ауданда орналасқан қыш зауыттары жер қойнауын заңсыз пайдаланып жатқанын анықтап, заң аясында экология департаментіне шара көру үшін ұсыныс жолданды. Бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналыспақ.
Сауран ауданының мобильді тобы заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша 6 деректі анықтаған. 4 техника айып тұрағына апарылып, тиісті шара қолданылған. Одан бөлек, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы облыс аумағындағы заңды кен орындарының жұмыстарын бақылау үшін тау-кен инженері – маркшейдер маманымен зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда Арыс қаласындағы кен орындарына тиісті мамандармен зерделеу жұмыстары жүргізілуде, алдағы уақытта нәтижесі туралы қосымша ақпарат беріледі.