Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Түркістан » Ұлттық Ұланның №6506 әскери бөлімінде мерекелік шара өтті

Ұлттық Ұланның №6506 әскери бөлімінде мерекелік шара өтті

Түркістан облысы орталығында жаңадан құрылған әскери бөлімнің алаңында елдікке бастайтын мерейлі мерекеге орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күніне арналған шарада «Ұлттық Ұлан» сарбаздарының әскери шеруі өтіп, облыс әкіміне Қолбасшының баянаты жасалды.
Облыс әкімі Д.Сатыбалды құттықтау сөзін сөйлеп, халықтың мызғымас тыныштығы үшін еңбек етіп, күндіз-түні қызметте жүрген жас сарбаздар мен сұрапыл соғыста ерлік көрсетіп, жеңіске жетуге ат салысқан ардагерлерге өз лебізін білдірді. Қызметтерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген қызметкерлер мен еріктілерге грамота мен алғыс хаттар үлестірілді.
Әскери шендер салтанатты түрде табысталды.
Қос мереке-абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Сондықтан да ардагерлер салған сара жолдан жаңылмай, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайта түсу үшін қажырлылықпен қызмет ете берейік!

Келес ауданында 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай аудан орталығындағы «Жеңіс» саябағындағы “Даңқ” мемориалды тақтасына гүл шоғын қою рәсімі өтті. Ісшараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, мемориалға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
– Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен, Жеңіс күнімен құттықтаймын. Елімізден сан мыңдаған жауынгерлер түрлі соғыстар майданына аттанып, ақтық демі қалғанша шайқасты. Бүгін біз боздақтардың рухына тағзым етеміз. Ортақ жеңіс үшін өмірлерін құрбан еткен қаһармандарымыздың ерлігін мәңгі жадымызда сақтау – біздің азаматтық парызымыз. Елімізде ешқашан соғыс болмасын деп тілеймін, — деді аудан басшысы Жәнібек Есенұлы.
«Бейбіт күн жасасын әлемде» атты іс-шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шаулиев, аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев, аудан әкімі аппаратының басшысы Бахтияр Абдрахманов, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ахмет Мұхамеджанов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шералы Сәрсенұлы, ауған және еңбек ардагерлері, мекеме басшылары, аудан тұрғындары қатысты.
Алдымен жиналғандар қаза тапқан батыр бабаларымызды бір минут үнсіздікпен еске алды. Келес аудандық орталық мешітінің бас имамы Жорабай Дулатбаев марқұмдардың рухына арнайы құран бағыштады. Бұдан кейін аудан әкімі, аудандық мәслихаттың төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, тыл және еңбек ардагерлері, мекеме, бөлім басшылары “Даңқ” мемориалды тақта алдына гүл шоқтарын қойды.

Ал, Шардара ауданында 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 79 жылдық мерейтойы және 7 мамыр –Отан қорғаушылар мерекесіне орай, аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім басшысы,подполковник Е.Жұманов және бірқатар мекеме басшылары жеке радилокациялық бөлімін, аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімі және Шардара шекера бөлімінің қызметкерлерін айтулы мейраммен салтанатты түрде құттықтады. Шара «10216-Е» әскери бөлімінде өтті.
Жиында алғашқы болып сөз алған Б.Шомпиев мерекені мән-маңызына тоқталды.
«Құрметті, ер азаматтар, бейбіт өміріміздің сақшылары! Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, қажымас қайрат, мықты ерік-жігер, таусылмас бақыт тілеймін. Ел халқына шат — шадыман күлкі мен тыныш өмір сыйлауда әскеріміздің атқарып жатқан қызметтері ұшан — теңіз. Армиямыздың айбынын асқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді кірпік қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін! Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Біз осындай жандардың ержүрек істеріне сай сый — құрмет көрсете отырып, олардан өнеге алып өсетін жас ұрпақ Отанына адал қызмет етеді деп сенеміз.»— деді.
Сондай-ақ, әскери бөлім басшылары мен қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар азаматтар Алғыс хаттармен марапатталды.Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, отан қорғаушы азаматтарға патриоттық әндер тарту етілді.

Соынмен бірге, мереке қарсаңында Отырар ауданында жастар өкілдері мен еріктілер тыл ардагері Батырбеков Іңкәрбек пен Әбдрайымов Базарбай қарияларымыздың үйінің ауласына абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара 7-мамыр Отан қорғаушылар күні, 9 — мамыр Жеңіс күні және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында өтті.
Шара барысында үй-жайлардың маңайларын арам шөптерден тазартып, күл-қоқыстарын шығарып, қора-қопсыларын тазаласты.
Сонымен қатар, отырарлық жастар Тыл ардагерлерін 7 мамыр – ҚР Отан қорғаушылар және 9 мамыр – Жеңiс күні мерекелерімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
Мереке қарсаңында көңілдері көтеріліп, жарқын әңгімелескен ардагерлер аудан жастарына ыстық ықыласы үшін ризашылығын білдіріп, ақ баталарын берді.

Сонымен бірге,  Түркістан облысы Полиция департаменті Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, оларды отансүйгіштікке баулу мақсатында ерекше шара ұйымдастырылды.
Ол қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан милиция сержанты Досжан Шайырбекұлы Шірікбаевқа өзі білім алған «Шаян» мектеп-лицейінен «Батылдық бұрышын» ашып, өскелең ұрпаққа ер есімін танымдық ұлықтау шарасы болды.
«Батылдық бұрышын» Досжанның әкесі Шайырбек Шірікбаев пен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Айдос Тілесұлы Арғынбеков ашты.
Іс-шараға қатысқан Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің ардагерлері мен марқұмның сыныптастары естелік әңгімелерімен бөлісіп, оқушылар арнау өлеңдерін оқыды.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*