Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Түркістан » Есірткіден аулақ болу – әрбір азаматты ұстанымына айналуы керек

Есірткіден аулақ болу – әрбір азаматты ұстанымына айналуы керек

Жыл сайын маусым айының 26-шы жұлдызында «Халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күні» аталып өтіледі. Түркістан облысы аумағында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, 26 маусым «Халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күні» аясында нашақорлыққа қарсы айлық профилактикалық іс-шаралар өткізілуде.

Көптеген тағдыр иесінің тажалына айналған нашақорлық бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Негізінен, өмірі үшін арпа­лысқан жандар қоғам індетінің құрсауынан шыға алмасы­ анық. Шын мәнінде, ересектермен қатар, жастар арасында нашақорлық фактілері өршіп келеді. Ресми дерек бойынша әрбір бесінші жас есірткіге тәуелді екенін біле тұра, қауіпті кеселдің тамырына балта шабу әсте мүмкін емес.

Нашақорлық – бүкіл қоғам­ның қа­сіреті, болашағымызға үлкен қа­уіп төн­діретін індет. Нашақорлықпен күресуге жалғыз адамның шамасы келмейді. Бұл жерде заң сақшылары, нарколог мамандар, ата-аналар және сіздер мен біздер әрбір азамат шетте қалмау керек. Дүниедегі ең қымбат нәрсе ол сенің өмірің. Сенің өмірің өз қолыңда.

Нашақорлық туралы қаншама айтылып, көрсетіліп жүрсе де, оның азаймағаны рас. Сондықтан бұл дертпен жалғыздықта күреспей, ел болып, халық болып алдын ала аламыз. Нашақор жандардан дүниеге дені сау перзент келуі екі талай, себебі есірткі дүние есігін әлі ашпаған, іште жатқан сәбидің ағзаларын улайды, сондықтан жастар ойланайық, болашақ ұрпағымыздың өміріне балта шаппайық.

Қарныңның ашатыны есірткіге жастардың ішінде мектеп оқушыларының тәуелділігі. Жалпы жасөспірімдер батысқа еліктегіш болып келеді. Сериалдардағы әртүрлі образдағы әртістер, денелеріне түрлі сурет (наколка) салдырып, темекі, есірткі шеккен қыз-жігіттерді көрген жастар қалай солар сияқты кейіпке енгенін білмей де қалып жатыр. Бір‑біріне еріп, бір рет қана қолданамын да тастаймын деген небір жастар есірткіге қалай тәуелді болып қалғанын сезбей де қалуда. Есірткіге тәуелді болу деген міне осы.

Бұған дейін де, бұдан кейін де есірткі адамзат тарихында ең қауіпті дерт болып саналып келеді. Қазіргі таңдағы тамыры тереңге жайылып, шешімі әлі күнге дейін табылмаған өзекті мәселе де осы-есірткіге тәуелділік. Кеше ғана бақыттан басы айналып, өміріне риза жандардың, бүгінде абыройынан айырылып, жақындарына жеккөрінішті болуы, айтыңызшы, кімнің және ненің арқасында?!

Ал енді, барлығына тек кесірін тигізіп келген есірткіні жақыннан тануға тырысайық. Есірткі деген не? Оның түп-тамыры қайдан шықты? Пайдасы бар ма, зияны қандай?

Негізінен есірткіні Қытай императоры әрі емші Шэнь-Нунь дәрілік өсімдік ретінде жарыққа шығарған екен. Ішек, ұмытшақтық, жөтел ауруларының алдын алмақшы болған есірткі, осылайша оп-оңай жолмен кеңге таралыпты-мыс. Бір нәрсеге, бір нәрсе себепші деген сөзді, осы сәтте, еріксіз еске түсіресің.

Қазіргі кезеңде есірткі саудасына әлем бойынша барлық елдерде шектеу қойылған. Себебі айдан анық. Есірткінің мақсаты да осы-мемлекетті ұлттық санасынан айырып, адамдардың ой-санасын өзіне тәуелді ету. Надандық, санасыздық деген жаман ағымдарды қолдайтын, жастарды бір-біріне қарсы қойып, жануарлар қатарына, тіпті, одан төменгі деңгейге жардан лақтырғандай, бір сәтте құлатып жіберетін мәдениет-есірткі мәдениеті деп аталады.

Адамның бойындағы асыл қасиеттердің барлығы Алладан берілген сый. Ал бойындағы еңбекқорлық, адалдық, сыйластық деген кереметтей мінез құлықтарды бойкүйездік пен еріншектікке айырбастап қоғамға ылаң салып жүрген жандар да табылып жатады. Адам баласының бойынан ұят деген ұлы қасиет кеткенде, оны арсыздық билеп алары сөзсіз. Ал арсыз адамның бойын маскүнемдік, нашақорлық сынды қасиеттер жаулайды. Бұл қазіргі қоғамның бас қатырар мәселесіне айналып бара жатқан кеселдер десек артықтық етпес.

Жастар-болашағымыздың кепілі деп жатамыз ғой. Алайда, есірткіге тез беріліп, жалған ағымға сеніп қалатын ол-жастар екеніне ешкімнің де таласы жоқ деп ойлаймын. Сондықтан, еліміздің келешегі, жастарымыздың болашақ өмірі үшін, мектеп қабырғасынан бастап, есірткінің нағыз орны толмас қасірет екенін оқушылардың санасына сіңіріп, үлкен өмірге дайындауымыз керек. Жасырмау керек, қазірдің өзінде бесіктен әлі белі шықпаған мектеп оқушыларының өзі шылым шегуге әуес. Барлығы осыдан бастау алады емес пе? Алдымен шылым, кейін ішімдік, ал одан кейін не боларын айтпасам да, біліп отырсыздар. Мектепте, жоғарғы оқу орындарында қылмыстық істер мен құқық бұзушылық жағдайлар тоқтаусыз орын алып жатыр. Мұның барлығы, білесіздер ме, отбасындағы тәрбиенің жоқтығы. Қазақ атам “Баланы жастан…” деген мақалды бекер айтпаған. Бала отбасында не көрсе, міндетті түрде оны қайталайды. Яғни таяқтың екі ұшы бар, бірі нашақорлыққа салынған бала, екінші ұшы сол балаға дұрыс тәрбиесін бере алмаған ата-ана. Бірақ, “қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым” дегендей, санасы жоқ балалары үшін ата-ананың зар қақсауы қаншалықты дұрыс?!

Еліміз бойынша есірткіге тәуелді жандарды оңалту тұрақты жүргізілгенімен, есірткі тектес заттар формасы түрленіп шығуда. Жылдар бойы есірткіні өңдейтін қаншама орталық, зертхана секілді арнайы орындар жойылғанымен, синте­тикалық есірткі пайданалатын жастар қатары жетерлік. Жалпы, зерттеулерге көз жүгіртсек, синтетикалық есірткіге интернет және электронды тапсырыс беру арқылы қол жеткізуге болатындығы дәлелденген. Мектеп жасындағы жеткін­шектер ауыз сала бастаған есірткі жарнамалайтын және тарататын Алматы қаласының өзінде 73 интернет-ресурс анықталған. Айта кетейік, егерде есірткіні жарнамалауға жол берген жандар анықталса, Қылмыстық кодекстің 299 бабының 1-1-бөлігімен жауапқа тартылады екен. Әрине, талай жанның тағдырымен ойнаған олардың тиісті жазасын алуы – құптарлық жағдай.

Қазіргі таңда елімізде заңсыз есірткі сатумен айналысқан қылмыскерлермен күрес жүргізіліп, заңға да күшейтулер енгізілуде. Алайда, қоғамдағы есірткі саудасымен айналысатындар мен нашақорлар санын азайту үшін қарапайым халықтың да қосар үлесі орасан. Біз секілді жеткіншектер бала жастан жақсы мен жаманның айырмасын ажырата біліп, игі істерге талпыныс жасауы қажет. Баланы даңғыл жолға салуда ұстаздар мен ата-ананың берген тәрбиесі де әсер ететіні анық. Себебі, баланың оң мен солды ажыратуына ықпал жасайтын бірден-бір жандар. Баланың саналы болып өсуі үшін бойын барынша зиянды әдеттерден алшақ ұстауға бағыттау қажет. Сонымен қатар, баланы қашанда назарда ұстаған жөн. Себебі, әлеуметтік желінің әсерінен нашақорлыққа салынып, бейтаныс жандардың арбауына түсіп қалып жатқан замандастарымыз да бар. Есірткіден келер қауіпті азайту үшін заңды да барынша қатаңдату керек деп білемін. Қажет болған жағдайда Қытай мемлекетіндегідей өмір бойына бас бостандығынан айыру жөніндегі заң қабылданғаны дұрыс. Себебі, есірткі сатумен айналысатын жандар қанша отбасын ойрандады. Біреудің ата-анасын зар жылатып, балсын әкесіз, анасын жұбайыз қалдырды. Сол  себепті қоғамдағы бұл кеселді бірігіп жеңуіміз қажет.

Бастапқыда дәрілік зат ретінде ойлап табылған есірткінің қазіргі таңда басқа мақсатта қолданылатыны өкінішті дүние. Талай жанның өмірін қиып, сал ауруына шалдықтырып, ақыл- есінен айырған бұл зиянды препараттан жастардың бойын аулақ ұстау үшін де мектеп қабырғасында үгіт-насихат жүргізу қажет деп білемін. Қоғам болып күрессек есірткінің жолына тосқауыл қоярымыз хақ.

Есірткіні қолданатын жасөспірімдер түрлі дертке шалдығатыны сөзсіз. Өз-өзіне қастық ойлаған есірткіге құмар адамдар қаншама. Олардың дұрыс жолды таңдап, жаман әдеттен бойын аулақ ұстауын қатты қалаймын. Өйткені мен үшін елімнің әрбір азаматы – қымбат. Мен жаспын және мен осындай дұрыс емес жолда адасқан жандарға қатты жаным ашиды.

Сондықтан да одан сақтану, онымен күресіп, жеңу, бойын есірткіден аулақ ұстау – біздің, яғни өскелең жастардың ұстанымы болуы керек. Өзімізді зиянды нәрселерден аулақ ұстап, бақытты өмір салтын ұстанайық! Денсаулық – ең басты байлық. Салауатты өмір салтын ұстанып, қоршаған ортаны аялай білейік. Санамызды әрқашан таза ұстап, зиянды әдеттерден аулақ болайық. Жастар – еліміздің жарқын болашағы.

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*