Мен отставкідегі полиция полковнигі Қазығұрт ауданы бойынша Ішкі істер органы Ардагерлер ұйымының төрағасы Сағидулла Жұматаев – 30 жылдай құқық қорғау органдарындағы жауапты бөліністерінде қызмет атқардым. Бүгінде осы саланың ардагері, облысымыздың Құрметті азаматымын. Мұның барлығы жастық шағымызда еткен еңбегіміздің нәтижесі деп білемін.
Әр нәрсенің астарына үңіліп, сын көзбен қарау қызметтен қалған кәсіби дағды. Осы орайда бүгінгі полиция қызметінде жүрген жастарымызға көзқарасым оң, оларды өте жақсы түсінемін. Отбасылық жиындарға қатыса алмау, ұл-қызға көп уақыт бөле алмау, кез келген кезде болатын шақыртуларда сақадай сай тұру бұның барлығы таныс дүние. Біздер ардагерлер, жас полицейлермен өтетін әрбір кездесу іс-шараларында антқа адал болуды, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарауды айтып отырамыз. Бұл сала адам өміріне тікелей байланысты, әрбір қылмыстың ақ-қарасын ажыратып, шынайы қылмыскерді ұстау оңай іс емес. Сондықтан барлық жағдайға обьективті түрде қарап, нақты дәлелдерді келтіре отырып, шешім шығара білу қажет.
Өткен жылдарға көз жүгіртсек, қызмет жолымда талай қылмыстарды ашып, кісі өліміне күдіктілерді құрықтадық. Өздеріңізге белгілі оңтүстікте әрбір үйде 1-2 бас болсын, төрт түлік бары рас. Сондықтан бұл жерде мал ұрлығы қылмысы орын алатыны даусыз. Осындай қылмыс кезінде адам өлімі орын алды. Яғни 2006 жылдың күзінде жергілікті тұрғынды өз үйінде өлі күйінде таптық. Осы қылмысты соңына жеткізіп, оқиғаның қалай болғанын анықтап, күдіктіні тез арада ұстаған болатынбыз.
Анықталғандай, Созақ ауданында мал ұрлығын жасамақшы болған ұрыларды егде жастағы үй иесі көріп қалып, кедергі жасамақ болған. Ал арам ойын іске асырмақ болған ұры оны қолындағы таяғымен ұрып өлтіріп, сыбайласымен ізін жасырған. Бұл тек бір жайт, мұндай талай ауыр қылмыстардың басы-қасында болдық деп айта аламын.
Мен Қазығұрт ауданының ұлымын, ІІМ-нің Шымкент арнаулы орта мектебін және Ленинград қаласындағы ІІМ-нің жоғары саяси училищесін үздік тәмамдағанмын. 1978 жылдың қаңтар айында Жамбыл қаласы Завод АІІБ-нің патрульдік қызметіне қатардағы милиция шеніне қызметке қабылдандым. 1986 жылдың шілде айынан басшылық қызметтер атқардым. Жамбыл облысы Свердлов (Байзақ) АІІБ бастығының саяси істер жөніндегі орынбасары, ОҚО ІІББ Криминалдық милиция басқармасының бөлімше бастығы, аса маңызды істер жөніндегі аға уәкілі. Қазығұрт АІІБ бастығының бірінші орынбасары, Қазығұрт ауданы бойынша мемлекеттік тергеу комитеті бастығының бірінші орынбасары, Түркістан қаласы ІІБ бастығының орынбасары, ОҚО ІІББ Қылмыскерлерді іздеу бөлімінің басшысы, Созақ аудандық ІІБ-нің басшысы лауазымдарында қызмет атқарып, 2007 жылдың шілде айынан зейнеткерлікке шықтым.
Жұбайымызбен 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірдік. Үлкен ұлым Сейфулла ҚР ІІМ — нің Қостанай жоғары университетін үздік тәмамдап, Астана қаласында Қылмысты іздестіру саласында қызмет атқарып, қазір ҚР Кірістер комитетінде басқарма басшысы лауазымында. Ал екінші ұлым — Астана қаласы аудандарының бірінде ХҚКО басшысы, кіші ұлымыз ҚР Қаржы министрлігінде бас маман қызметінде. Қызымыз мұғалім. Бүгінде барлығы жанұялы, өз шаңырақтарында тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Әке ретінде перзенттерімнің жетістіктерімен мақтанамын. Жолбастар аға ретінде артымнан ерген тәртіп сақшыларының қызметтеріне сәттілік тілеп, шыдамдылық пен кәсіби шеберліктерін дамыта беруге шақырамын!
Сағидулла Жұматаев
Қазығұрт ауданы бойынша Ішкі істер органының Ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы