Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Түркістан » Түркістан облысында 1 тәулікте орын алған 31 қылмыс ашылды

Түркістан облысында 1 тәулікте орын алған 31 қылмыс ашылды

Түркістан облысында Ішкі істер министрінің бұйрығымен 20-30 маусым аралығында республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Тәртіп сақшылары қоғамдық орындар мен көшелерде түрлі қылмыстардың алдын алып, оның ішінде жасөспірімдер мен оларға қатысты құқықбұзушылықтардың жолын кесті. Одан бөлек, заңсыз және тыйым салынған жарылғыш құралдарды, заттарды, оқ-дәрілерді, атыс және суық қаруларды, есірткі құралдарын сақтайтын және тасымалдайтын адамдарды анықтау; көші-қон заңнамасының сақталуы; іздеуде жүрген адамдарды ұстау; ішкі істер органдарында есепте тұратын адамдарды және қару иелерін мекенжайлары бойынша тексеру, олармен профилактикалық сауықтыру іс-шараларын жүргізу; саяжай, қараусыз қалған үйлер, жалдамалы пәтерлер, сондай-ақ, шалғайдағы учаскелер, фермерлік және шаруа қожалықтарын тексеру жүзеге асырылды. Жалпы іс-шара барысында ауыр және аса ауыр қылмыстардың, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша да жұмыстар жүргізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ерлан Асқаров айтып берді.
Спикердің айтуынша, полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың бұйрығымен департамент аппаратының жауапты басқармалары қала, аудандарға шығып, жұмысты ұйымдастыру мен әдістемелік көмек көрсетуге жауапты болып бекітілген. Іс-шараның бір тәулігінде облыс көлемінде 38 қылмыстық құқықбұзушылық фактілері тіркеліп, оның 31-і ізі суымай ашылды. Профилактикалық есепте тұратын 1 065 тұлға мекенжайлары бойынша тексеріліп, барлығы 659 әкімшілік құқықбұзушылық фактілері анықталды. Атап айтсақ, ұсақ бұзақылық жасаған 5 азамат, көпшілік орындарды  ластаған 94 тұлға, қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішкен 41 тұрғын мен түнгі уақытта қараусыз жүрген 68 жасөспірімге қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары орындалған. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларына тікелей себеп болатын және соған алып келетін құқықбұзушылықтар бойынша көлік құралын мас халде басқарған 5 жүргізуші бойынша жинақталған құжаттар сот органдарына жолданып, автокөлікті қарама-қарсы бағытта басқарған 6 жүргізуші анықталған.
– Сіздермен бөлісетін тағы бір жаңалық – 2024 жылдың 19 сәуірінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл заңда электронды темекі өнімдерін – вейптер, хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға және жарнамалауға тыйым салынған. Бұл тауарлардың айналымы бұдан былай ҚР Қылмыстық кодексінің 301-1-бабы 1-бөлігінің қолданысына жатады және 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарын жүргізуді, 200 сағатқа дейінгі мерзімде қоғамдық жұмыстарға тартуды не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуды көздейді. Жеткізу мен өндіру үшін осы баптың екінші бөлігіне сәйкес, 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не қоғамдық жұмыстарға 600 сағатқа дейін тарту, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Егер ҚР Қылмыстық кодексінің 301-1-бабының алғашқы екі бөлігінде көзделген әрекеттерді қылмыстық топ аса ірі мөлшерде немесе бірнеше рет жасаса, кінәлілер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондықтан Түркістан облысының барша тұрғындары мен қонақтарынан заңнаманың талаптарын білуді және оны мүлтіксіз сақтауды сұраймыз, – деді Ерлан Ержігітұлы.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*