Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің республикалық отырысы өтті.
Іс-шараға ҚХА төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі – ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева және қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев, сондай-ақ Ақсақалдар кеңесінің төрағалары мен мүшелері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан Халқы Ассамблеясы шеңберінде ақсақалдар кеңесін құруды тапсырған еді. Бұл орайда, елімізде 1200-ден астам Ақсақалдар кеңесі құрылып, ел ынтымағын арттыру жолында жұмыс істеп жатыр. Олардың құрамына танымал тұлғалар, қоғамдық пікір көшбасшылары, этномәдени, ардагерлер бірлестіктері мен басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілі кірді. Жалпы, әртүрлі деңгейдегі кеңес құрамында 7 мыңнан аса азамат бар.
Келелі кеңесте сөз алған ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Қазақстанның әр өңірінен келген абыз ақсақалдардың жаңа «Достық үйіндегі» отырысы жақсылықтың нышаны екенін айта келе, бұл нысан барша түркістандықтардың бас қосатын берекелі ғимаратына айналатына сенім білдірді.
– Қазақ қоғамында ақсақалдар – даналық пен әділдіктің символы. Олар бейбітшілік пен бірлікті сақтай отырып, ел арасындағы мәселелерді шешуде әділ төрелігін айтқан. Бүгін де сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз жастарға дұрыс жол сілтеп, ұлттық құндылықтарды, әділеттілікті санасына сіңіруге септігін тигізе алады. Бұл орайда, аса маңызды міндетіміз – адал азаматтарды тәрбиелеу. Президент айтқандай, «Адал азамат» – бұл ең үздік қасиеттерге ие, адал еңбек етіп, табысқа жетіп, адалдық пен әділеттілікті бәрінен жоғары қоятын тұлға». Ақсақалдар кеңесінің қызметі аясында әрбір азаматтың санасына осы құндылықтарды тыңғылықты жеткізу біздің ең басты міндетіміз. Сонымен қатар қоғамдағы бес әлеуметтік кеселмен жалпыұлттық күреске жұмылу, Президент жариялаған жұмысшы мамандықтар жылы аясында, әр өңірде елге сыйлы еңбек адамдарын дәріптей отырып жастарға кәсіби бағдар беріп, еңбексүйгіштікке баулу маңызды, – деді Марат Алмасұлы.
Ғалым Шойкин өз сөзінде ақсақалдардың этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты іске асырудағы рөлінің маңыздылығына тоқталып, олардың қатысуы қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға ықпал ететінін атап өтті.
Басқосуда еліміздің әр аймағынан келген ақсақалдар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, ел бірлігін нығайту жолында халықпен, мемлекеттік құрылым өкілдерімен кездесулердің маңызы жөнінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.
Жалпы, өңірлік Ақсақалдар кеңесінің өкілдері отырысқа оң баға беріп, мұндай шараларды алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді ұсынды.