Түркістандағы «Конгресс холл» кешенінде «Алғашқы махаббат» қойылымының премьерасы өтті. Премьераға қойылым авторы, драматург, ақын, актер Қанат Жүнісов аранайы келіп, спектакльді бірге тамашалады. Түркістанда өткен қойылым аншлагпен өтті.
Оқиға желісінде жоғары сынып оқушылары бозбалалар мен бойжеткендердің алғашқы махаббаты, алғашқы вальсі, жүрек толқытар сәттері мен мектептегі қызықты сәттері арқылы өрбиді. Қанат атты бозбаланың ғашық жүрегіне жыр болып құйылған қызықты да құпиялы махаббаты баяндалды. Спектакльді елімізге белгілі театр және кино актерлары Асылхан Төлепов, Ақнұр Рахат, Азат Асан, Шахмардан Алмаханмен бірге «Jana lep» өнер ұжымы шынайы әрі әсерлі жеткізе білді.
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінің көркемдік жетекшісі Мерей Маханов қойылым алдында туынды жайлы пікірін білдірсе, кеш соңында мекеме басшысы Асқар Кенехан авторға құрмет көрсетіп жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ, «Jana lep» өнер ұжымы жаңа туынды арқылы шынайы эмоция мен терең мағына сыйлауды мақсат еткен. Енді «Алғашқы махаббат» қойылымы да репертуарларына еніп, алдағы уақытта көрерменге қайта ұсынылмақ.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі