Бүгін Түркістан қаласында 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай ауқымды «Музей түні» мәдени шарасы басталды. Жиын «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен таңғы сағат 10:00 мен түнгі 00:00 аралығында жалғасады. Рухани кеште келушілерге тарихи жәдігерлер мен ұлттық құндылықтарды насихаттайтын түрлі мәдени бағдарламалар ұсынылуда. Сондай-ақ, «Музей түні көріністері» көрмесін тамашалау, «Ойлан, тап!» викториналық сайысы, «Экспонат сөйлесін» интерактивті медиа жобасы, «Тарихи ескерткіштер жайлы музейлік квест» және «Қолжазба құпиясы: сия, таңба, хикмет» интерактивті қойылымы ұсынылады.
Іс-шара барысында Музей педагогикасы бөлімінің ұйымдастыруымен ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған «Жаншуақ» жобасының қорытынды танымдық сабағы өтті. Жыл бойы жүзеге асқан жоба аясында ашылған «Инклюзияны қолдау кабинеті» балалар үшін мейірім мен шабытқа толы, таным көкжиегін кеңейтетін ерекше орта қалыптастырды. Сонымен қатар, тарихи-мәдени ескерткіштер мен рухани құндылықтарды қорғау, музей жәдігерлерін қадірлеу мен насихаттау бағытындағы тәрбиелік жұмыстарға белсене атсалысқан ұстаздар мен оқушылар «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Одан бөлек, сағат 19:00-де «Ясауи» музейінде өтетін «Түнгі музей» шарасының ашылу салтанаты өтеді. Келушілерді рухани атмосфераға толы ерекше кеш, танымдық бағдарламалар мен мәдени әсерге бай мазмұнды шаралар күтеді. Кешкі сағат 18:00-ден 00:00-ге дейін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы аумағына кіру барлық келушілер үшін тегін болады.
«Музей түні» шарасы аясында тұрғындар мен қала қонақтары ұлттық мәдени мұрамен жақынырақ танысып, тарих пен руханиятты ұштастырған ерекше бағдарламалардың куәсі болды. Мұндай бастамалар музейлердің қоғам өміріндегі маңызын арттырып, тарихи құндылықтарға деген қызығушылықты күшейтуге ықпал етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мәдени іс-шараның басты мақсаты – музей қорларында сақталған баға жетпес мұраларды кеңінен насихаттап, жастардың тарихи санасын қалыптастыру. Сонымен қатар келушілердің музей кеңістігімен еркін танысуына мүмкіндік жасап, танымдық әрі рухани мазмұндағы демалыс мәдениетін дамыту көзделген.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары