Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Түркістан » ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының кезекті мәжілісі өтті. Жиынға құқық қорғау органдары мен жауапты басқармалардың басшылық құрамы және аудан, қала әкімдігінің жауапты өкілдері қатысты. Өткен жылы атқарылған жұмыстар, биылғы 4 айдағы көрсеткіштер сараланып, алдағы жоспарлар бекітілді. Мәжілісті Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізіп, жауаптыларға жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.

– Балалардың құқығын қорғау, қауіпсіздігін сақтау – аса маңызды міндет. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылды. Дегенмен әлі де кемшілікке жол беріп отырған аудандар бар. Реттеңіздер. Жасөспірімдер арасындағы суицид пен ерте жүктіліктің алдын алу бағытында жұмысты жандандыру керек. Мектептердегі психологтардың жұмысын жүйелеу қажет. Соныман қатар алда ҰБТ тапсыратын сәт жақындап келеді. Жасөспірімдермен тиісті жұмыс жүргізіп, қауіпсіздігін қадағалау қажет. Балалардың мереке күндеріндегі және жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуі тиіс, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Күн тәртібінде балалардың қауіпсіздігін сақтау, ерте жүктілік пен суицидтің алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықты алдын алу, мүгедектігі бар балалардың отбасылық, әлеуметтік жағдайы, сондай-ақ «Соңғы қоңырау» мерекесі мен жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздік талаптары және мектеп психологтарының жұмысын жетілдіру талқыланды. Мәжілісте жауапты өкілдердің есебі тыңдалды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық деректері көп тіркелген аудандардың есептері тыңдалып, нақты міндеттер жүктелді.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстарды назарға алып, аталған бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ өзекті мәселелер бойынша тиісті мекемелер тарапынан нақты шаралар қабылданып, олардың орындалуы тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы қауіпсіздік мәселелерін күшейту мақсатында білім беру ұйымдарында алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізіле беретіні айтылды. Атап айтқанда, оқушылармен профилактикалық кездесулер өткізу, тәуекел тобындағы жасөспірімдермен жеке жұмыс жүргізу және ата-аналармен тығыз байланыс орнату бағыттары ерекше назарға алынды.

Түркістан облысы аумағында жазғы демалыс кезеңінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін сауықтыру лагерьлері мен қосымша білім беру орталықтарының жұмысы күшейтілмек. Бұл шаралар жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамытуға да мүмкіндік береді.

Сондай-ақ цифрлық ортадағы қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінде көтеріліп, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізу қажеттігі атап өтілді. Мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтардың біліктілігін арттыру арқылы балалармен жұмыс сапасын жақсарту міндеті қойылды.

Жиын барысында көтерілген ұсыныстарды тиімді іске асыру үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі айтылды. Бұл бағытта Ертай Алтаев жауапты органдарға нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оның орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*