Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Түркістан » ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА ІРІ ҚАРА СҮЙЕГІН ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ АШЫЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА ІРІ ҚАРА СҮЙЕГІН ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ АШЫЛАДЫ

Бүгінде Түркістан облысы еліміздегі инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің біріне айналды. Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, индустриялық инфрақұрылымды жетілдіру және инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету нәтижесінде бірқатар ірі жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді.

Осындай маңызды жобалардың бірі жақында Ордабасы ауданы Темірлан елді мекенінде іске қосылмақ. Қытайлық Huating Biotechnology компаниясы аудан аумағында ірі қара мал сүйегін терең өңдейтін зауыт құрылысын қолға алған. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 9 млрд теңгені құрайды.

Қазіргі таңда 10 гектар аумақта өндірістік кешеннің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, қажетті құрал-жабдықтар жеткізілген. Зауытта негізінен үш бағыт бойынша өнім шығару жоспарланған. Атап айтқанда, мал сүйегі мен қанын өңдеу арқылы дәрі-дәрмек өндірісіне қажетті пептон, авиаотын өндірісінде қолданылатын май және фарфор өндірісіне арналған көмір дайындалады. Сонымен қатар 2027 жылдан бастап мал қанын өңдеу арқылы мал шаруашылығына қажетті жем өндіру көзделіп отыр. Кәсіпорын жылына 5 мың тонна сүйек өңдеуге қауқарлы.

Жоба толық іске қосылғаннан кейін 30 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл өндіріс өңірдегі шикізатты терең өңдеу үлесін арттырып қана қоймай, қалдықсыз өндіріс технологиясын дамытуға және экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға ықпал етеді.

Huating Biotechnology компаниясының басшылығы Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, облыс әкімдігі тарапынан көрсетілген қолдау жобаның жедел іске асуына оң әсер еткенін жеткізді.

Айта кетейік, аталған жоба облыста жүзеге асырылып жатқан импортты алмастыруға бағытталған өндірістердің бірі. Жалпы Түркістан облысында жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге басымдық беріліп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда.

Аталған өндіріс орны агроөнеркәсіптік кешенде пайда болатын жануар тектес шикізатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өңірде шикізатты сыртқа шығармай, оны терең өңдеу арқылы қосымша құн қалыптастыруға жол ашылады.

Зауыттың іске қосылуы жергілікті кәсіпкерлер мен мал шаруашылығы бағытындағы шаруашылықтар үшін де жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Өндіріс орны қажетті шикізатты өңір аумағынан қабылдау арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы кооперациялық байланысты нығайтуға ықпал етпек.

Инвестициялық жобаның жүзеге асуы Ордабасы ауданының өндірістік әлеуетін арттырып, өңір экономикасының әртараптануына серпін береді. Сонымен қатар заманауи технологияларды енгізу арқылы өндіріс тиімділігін арттыру және экологиялық талаптарды сақтау бағытында да маңызды қадамдар жасалмақ.

Мұндай ірі жобалардың жүзеге асуы Түркістан облысының инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарының нәтижелілігін көрсетеді. Өңірде өндіріс орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп күтілуде.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*