Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Түркістан » Түркістан қаласында білім беру саласы қарқынды дамып келеді

Түркістан қаласында білім беру саласы қарқынды дамып келеді

Білім – елдің болашағын айқындайтын маңызды сала. Сондықтан мемлекет тарапынан білім беру жүйесін жетілдіруге, оқушылардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесінде ауқымды реформалар жүзеге асырылып, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи технологиялар енгізілуде. Сонымен қатар, педагог мәртебесін көтеру, олардың әлеуметтік қолдауын күшейту және кәсіби дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білімді ұрпақ – елдің ертеңі. Балаларымыз жан-жақты білімді, отаншыл әрі бәсекеге қабілетті болып өсуі – басты мақсатымыз», – деп атап өткен болатын. Бұл қағида бүгінде еліміздің білім беру жүйесіндегі барлық оң өзгерістердің негізгі бағытына айналды.

Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан қаласында да өз жалғасын тауып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру сапасын арттыру, заманауи әрі қауіпсіз мектептер салу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Осы міндеттерді жүйелі жүзеге асыру аясында Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен өңірде, соның ішінде Түркістан қаласында білім инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді.
2025 жылы қаладағы 4 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 7 мектепте ағымдағы жөндеу аяқталды. Сонымен қатар «Келешек мектептері» жобасы аясында 1200 және 2000 орындық екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде оқушыларға қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасы қалыптасып, үш ауысымды оқу мәселесі толық шешімін тапты. Қала мектептерінде апатты жағдайдағы ғимараттар жоқ.
Бүгінде 38 мемлекеттік мектеп 100 пайыз интернет желісіне қосылған. Барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамту мақсатында 124 949 дана кітап мектептерге таратылды. Қала бойынша 17481 оқушы ыстық тамақпен қамтылып отыр.
Білім сапасы көрсеткіштері де жақсаруда. 2024-2025 оқу жылында 178 оқушы «Алтын белгі» иегері атанып, 250 түлек «Үздік аттестат» алды. 9-сынып бітірушілерінің 350-і үздік аттестатқа ие болды. 11-сыныпты тәмамдаған 3 063 оқушының 2 468-і ҰБТ-ға қатысып, олардың 53,1 пайызы мемлекеттік грант жеңіп алды.
Пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларда да жетістіктер бар. 2024-2025 оқу жылында 108 оқушы облыстық, 9 оқушы республикалық олимпиадаларда жүлдегер атанса, 2025-2026 оқу жылының алғашқы жартыжылдығында өткен облыстық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарында 76 оқушы жүлделі орын иеленді.
Сонымен қатар биылдан бастап қала мектептерінде үйірме ретінде «Яссауитану» пәні енгізілді. Бұл бастама жас ұрпақтың рухани-танымдық көкжиегін кеңейтуге бағытталған.
Жалпы, Түркістан қаласында 249 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның ішінде 86 мектеп, 152 мектепке дейінгі ұйым және 6 мектептен тыс мекеме бар. Бүгінде жалпы білім беретін мектептерде 60 мыңға жуық оқушы білім алса, мектепке дейінгі ұйымдарда 17 776 бала тәрбиеленуде. Қаладағы білім беру ұйымдарында 5 606 педагог қызмет етеді.

Түркістан қаласы бойынша 59 772 оқушы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 3268 оқушы 11-сыныпты тәмамдап, үлкен өмірге қадам басып отыр. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 2686 түлек қатысады. Сонымен қатар, 243 оқушы «Алтын белгіге», 254 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанып, білім сапасының артып келе жатқанын көрсетті.

Түркістан қаласында білім беру саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табады. Басты мақсат – әрбір оқушыға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, олардың қабілеті мен дарынын жан-жақты дамытуға қолайлы жағдай жасау. Осы бағытта білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Мемлекет тарапынан педагог мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін жетілдіру, тәжірибе алмасуына жағдай жасау, әлеуметтік қолдау көрсету және шығармашылық әлеуетін дамыту бағытындағы мемлекеттік бастамалар білім беру сапасының артуына оң ықпал етуде. Себебі білімді ұрпақ тәрбиелеуде мұғалімнің орны әрдайым ерекше.

Сонымен қатар, мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар білім мазмұнын жаңғыртуға, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға, инклюзивті білім беруді дамытуға және заманауи білім беру стандарттарын енгізуге бағытталған.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*