Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Руханият » Кітаппен кемелденген қоғам: жаңа дәуір бастауы

Кітаппен кемелденген қоғам: жаңа дәуір бастауы

Қай заманда болсын, адамзаттың рухани тірегі – сөз, ал сөздің мәңгілік тұрағы – кітап. Уақыт өзгереді, технология дамиды, қоғам жаңарады, бірақ кітаптың адам өміріндегі орны ешқашан төмендеген емес. Керісінше, өркениет алға жылжыған сайын, кітаптың маңызы бұрынғыдан да арта түседі. Себебі кітап – тек ақпарат көзі ғана емес, ол – ойдың тереңдігі, танымның биігі, рухтың азығы бола алатын рухани байлық.

Осы ұлы құндылықты қайта жаңғырту, қоғам санасына терең сіңіру мақсатында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл – жай ғана әкімшілік құжат емес, бұл – ұлттың болашағын айқындайтын, рухани бағыт-бағдарын белгілейтін тарихи шешім.

Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинаған даналығының қоймасы. Әрбір оқылған кітап – жаңа бір әлемнің есігін ашқанмен тең. Ол адамның көкірек көзін ашады, ой өрісін кеңейтеді, дүниетанымын байытады.

Қазіргі қоғамда ақпараттың ағыны тасқындап тұр. Әлеуметтік желі, қысқа форматтағы контент, жеңіл қабылданатын дүниелер көбейді. Бірақ олардың бәрі адамның терең ойлау қабілетін дамыта бермейді. Ал кітап – сабырмен оқуды, саралап ойлауды, талдап түсінуді үйрететіні белгілі.

Сондықтан да Мемлекет басшысы көтерген бұл бастама – қоғамды жеңіл ақпараттан терең мазмұнға бұрудың, үстірт ойдан парасатты пайымға жетелеудің нақты жолы. Кітап – рухани тірек, ұлттық сананың темірқазығы десек артық болмас.

Жарлықтың өзегінде тұрған басты ұғым – «Зерделі ұлт». Бұл сөздің астарында үлкен философиялық мән жатыр. Зерделі ұлт дегеніміз – тек білімді адамдар жиынтығы емес. Ол – ойлай білетін, талдай алатын, саналы шешім қабылдайтын, рухани құндылықтарды бағалайтын зерделі қоғам.

Зерделі ұлт қалыптастыру үшін: әрбір азамат кітап оқуға дағдылануы керек және білім мен тәрбие қатар жүруі тиіс, ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас үйлесуі қажет.

Бұл – ұзақ мерзімді, бірақ аса маңызды үдеріс. Өйткені ұлттың сапасы – оның адами капиталымен өлшенеді. Әрине зерделі ұлт – зиялы қоғамның негізі болып табылады.

Бүгінде кітапхана ұғымы да өзгеріп келеді. Бұрынғыдай тек кітап сақтайтын орын емес, ол – мәдениет пен білімнің, идея мен ізденістің орталығы. Енді кітапхана – ой мен пікір тоғысатын, жаңа идеялар туатын рухани алаңға айналды. Мұнда әрбір оқырман тек ақпарат алып қана қоймай, өз дүниетанымын кеңейтіп, тұлғалық тұрғыдан дамуға мүмкіндік табады. Кітапхана қабырғасында өткен мен бүгін үндесіп, болашаққа бағыт беретін парасатты ой қалыптасады. Заманауи технологиялармен ұштасқан бұл кеңістік – жастардың ізденісіне серпін беріп, шығармашылыққа жетелейтін ортаға айналып отыр. Осылайша, кітапхана – үнсіз білім ордасынан тірі, тынысы бар рухани орталыққа айналған қасиетті мекен.

Жарлықта кітапханаларды жаңғырту, цифрландыру, заманауи форматқа көшіру мәселесінің көтерілуі – өте орынды қадам. Өйткені қазіргі оқырман – жаңа буын. Оның сұранысы да, қабылдауы да басқа. Жаңа форматтағы кітапхана: ашық кеңістік, пікір алмасу алаңы, шығармашылық орталық, цифрлық білім көзі болуы тиіс.

Бұл бағытта кітапханашылардың рөлі бұрынғыдан да арта түседі. Олар енді тек қызмет көрсетуші емес, олар – рухани бағыт беруші, ақпараттық кеңесші, мәдениет насихатшысы. Кітапхана – кешегіден бүгінге, бүгінгіден болашаққа бастар жол деп нық сеніммен айта аламыз.

Әдебиет – халықтың айнасы. Онда ұлттың тарихы да, тағдыры да, мінезі де, арманы да көрініс табады. Қазақ әдебиеті – терең тамырлы, бай мұра. Жарлықта отандық ақын-жазушыларды қолдау, ұлттық әдебиетті дамыту мәселесінің көтерілуі – ұлттық рухты нығайтудың басты тетіктерінің бірі болды. Бүгінгі таңда ұлттық әдебиетті: насихаттау, жаңа буынға жеткізу, әлемдік деңгейде таныту – аса маңызды міндет. Әсіресе аударма ісінің дамуы – қазақ әдебиетін жаһандық кеңістікке шығарудың алтын көпірі. Ұлттық әдебиет әрине ұлттың жан дүниесі болып табылады.

Жастар – ел болашағы. Бірақ қазіргі жастардың кітапқа деген қызығушылығы біркелкі емес. Бұл – заман талабының, ақпараттық кеңістіктің әсері. Осы тұрғыдан алғанда: «Жылдың 10 оқырманы» жобасы, жаңа оқырмандық бастамалар, кітап оқу мәдениетін насихаттау жұмыстары, жастарды тартудың тиімді жолдары болмақ.

Кітап оқу сәнге айналмайынша, қоғам толық рухани жаңғыра алмайды. Сондықтан кітапты тек оқу емес, оны өмір салтына айналдыру қажет. Жастар және кітап: бүгінгі міндет, ертеңгі жеңіс болмақ.

Бүгінгі заман – цифрлық дәуір. Бұл кітаптың рөлін төмендетпейді, керісінше жаңа мүмкіндіктер ашады.

Ұлттық цифрлық кітапхана платформасының құрылуы: кітапқа қолжетімділікті арттырады, шалғай өңірлерге білім жеткізеді, оқырман мәдениетін жаңа деңгейге көтереді. Бұл – білімнің демократиялануы, яғни әрбір азаматтың кітапқа тең қол жеткізуі деген сөз. Бұл әлует әрине цифрлық дәуірдегі кітаптың жаңа мүмкіндіктері деп ай аламыз.

Қандай бастама болмасын, оның нәтижесі – халықтың қолдауына байланысты. Бұл Жарлықта – әрбір азаматтың қатысуын талап етеді. Әр адам өзінен бастаса: күніне 10-15 бет кітап оқу, баласына кітап оқыту, кітапханаға бару, әдебиетті насихаттау – үлкен өзгеріске бастайтыны анық. Өйткені үлкен өзгеріс – кішкентай қадамнан басталады.

Қай кезеңде болсын, ұлттың ұлылығы оның байлығымен емес, рухымен, санасымен, білім деңгейімен өлшенген. Ал сол рухани биіктікке жетелейтін ең сенімді жол – кітап. Бүгінгі қолға алынған бұл бастама – жай ғана саясаттың бір бағыты емес, бұл – тұтас ұлттың болмысын жаңғыртуға бағытталған тағдырлы таңдау.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көтерген бұл бастама – әрбір азаматтың жүрегіне ой салатын, санасына серпіліс әкелетін үндеу іспетті. Өйткені кітап оқу – бір сәттік науқан емес, ол – өмірлік ұстаным, ол – тұлғалық қалыптасудың темірқазығы. Кітапқа бет бұрған адам – өзін табады, ал кітапқа бет бұрған қоғам – өзінің болашағын айқындайды.

Бүгінгі таңда біз тек экономикалық дамуды ғана емес, рухани кемелденуді де қатар алып жүруіміз керек. Себебі рухы әлсіз қоғам – ұзаққа бармайды. Ал рухы мықты, санасы сергек, ойы озық ұлт – қандай сын-қатер болса да, еңсесін түсірмейді. Осындай берік іргетас тек біліммен, тәрбиемен, кітаппен қаланады.

Кітап – өткеннің аманаты, бүгіннің шындығы, ертеңнің бағдаршамы. Әрбір парағы – өмір сабағы, әрбір жолы – ой тереңдігі. Сол себепті кітапты насихаттау – тек мәдени міндет емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі маңызды мәселе деуге болады. Себебі кітап оқымайтын ұрпақ – ойламайтын ұрпаққа айналуы мүмкін, ал ойламайтын қоғам – оңай бағытынан жаңылады.

Бұл бастама арқылы кітапхана да жаңа тыныс алады, оқырман да жаңаша қалыптасады, қоғам да жаңа деңгейге көтеріледі. Әсіресе жастардың кітапқа қайта оралуы – елдің ертеңіне деген сенімді арттырады. Өйткені бүгінгі оқырман – ертеңгі көшбасшы.

Ендеше, бұл Жарлық – қағаз жүзіндегі құжат болып қалмауы тиіс. Ол әр үйдің төрінде, әр адамның жүрегінде, әр жастың санасында өз орнын табуы қажет. Әрқайсымыз күніне бір парақ болса да кітап оқуды дағдыға айналдырсақ, ұлтымыздың рухани келбеті де, интеллектуалдық деңгейі де жаңа биікке көтеріледі деген сенімдемін.

Кітап – үнсіз сөйлейтін ұстаз.

Кітап – таусылмас қазына.

Кітап – ұлтты ұлт ететін ұлы күш.

Сондықтан да бүгінгі бастама – ертеңгі кемел қоғамның кепілі.

Кітапқа бет бұрған ел – ешқашан адаспайды.

Оқитын ұлт – озық ұлт.

Зерделі ұлт – мәңгілік ұлт.

Ендеше, кітапхананың осындай жаңа келбеті қоғамның рухани тынысын кеңейтіп, білімге деген құштарлықты күшейте түспек. Уақыт өзгергенімен, кітап пен кітапхананың адамзат өркениетіндегі орны ешқашан төмендемейді. Керісінше, ол әр дәуірде жаңа мағынаға ие болып, ұлттың ой-санасын алға жетелейтін күш болып қала береді. Сол себепті кітапхана – өткен мен болашақты жалғайтын мәңгілік рухани көпір ретінде өз құндылығын сақтайтыны анық…

 

Е.ДАЙРАБАЙ

 

 

Фото сайтынан maqat-tynysy.kz алынды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*