Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Спорт » ЖЕТІСАЙЛЫҚ БАЛУАНДАР 15 МЕДАЛЬ ИЕЛЕНДІ

ЖЕТІСАЙЛЫҚ БАЛУАНДАР 15 МЕДАЛЬ ИЕЛЕНДІ

Жетісай ауданында соңғы жылдары бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Аудан аумағында жаңа спорт кешендері мен алаңшалар бой көтеріп, тұрғындар игілігіне берілуде. Соның нәтижесінде жас спортшылар түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.

Осындай игі бастамалардың нақты көрінісі ретінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ мен «Ой қамшы» әдеби-тарихи білім жобасының бастамасымен, Оразгелді ата ұрпақтарының демеушілігімен «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні» мерекесіне орай «Елім менің – Қазақстан» ұранымен еркін күрестен халықаралық турнир ұйымдастырылды.

Возможно, это изображение текст

Ауқымды жарысқа көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан республикаларынан, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен келген 32 команда құрамындағы 500-ге жуық балуан қатысып, 17 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады.

Турнирдің ашылу салтанатына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, спорт ардагері, халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Жаңбырбаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев, спорт жанашыры Құнанбай қажы Мұсаев бастаған ел ағалары, сондай-ақ Мақтаарал аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғабит Жанаев қатысты.

Возможно, это изображение боевые искусства и текст

Жасөспірімдер арасында достық қарым-қатынасты нығайту, жаңа таланттарды анықтау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткен байрақты бәсекеге арнайы қонақ ретінде еркін күрестен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов, грек-рим күресінен Олимпиада және Әлем чемпионаттарының жүлдегері, өзбекстандық Ихтиер Наврузов қатысты.

Тартысты өткен жарыста боз кілемде бабы мен бағы қатар шауып, қарсыласын қоғадай жапырған балуандар мен олардың жаттықтырушылары арнайы медалдармен, аудан әкімінің дипломдарымен, чемпиондық белбеулермен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ұйымдастырушыларға ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының алғыс хаттары табысталды.

12–14 күндері аралығында 2011–2013 және 2014–2015 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен турнир қорытындысы бойынша командалық есепте Қырғызстан балуандары 2 алтын және 3 қола медальмен ІІІ орынды иеленсе, Өзбекстан құрамасы 4 алтын, 4 күміс және 5 қола медальмен ІІ орынға тұрақтады. Ал қазақ балуандары 12 алтын, 13 күміс және 26 қола медальмен жалпыкомандалық есепте көш бастады. Оның ішінде 6 алтын, 4 күміс және 5 қола медаль жетісайлық жасөспірім балуандардың еншісінде.

Возможно, это изображение текст

Айта кетейік, екі күнге созылған турнир аясында ұйымдастырушылар тарапынан өмірден өткен ата-баба рухына құран бағышталып, ас берілді. Ел ағалары елдің амандығы мен бірлігін тілеп, жас спортшыларға ақ батасын беріп, өнегелі әңгімелерін айтты. Бұл да шараның тәрбиелік мәнін арттыра түсті.

© Jetpisbai.kz

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*