Түлкібас аудандық Мәдениет үйінде Түлкібас ауданы әкімдігі мен «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының ұйымдастыруымен ерекше кездесу өтті,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.
Іс-шараға бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Махмұд Сабырхан және әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Төрехан Сабырхан арнайы келіп, аудан жастарына рух сыйлады. Бұл кездесу жас спортшылар үшін үлкен тағылымға толы, есте қаларлық шара болды.

Кездесу «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Жүнісов Ержан Әліұлының төрағалығымен өтіп, аудан әкімінің орынбасары Ғани Құрманбай қатысты. Жиынға ауданның құрметті азаматтары, бокстан тәжірибелі бапкерлер, жас спортшылар мен оқушылар жиналып, чемпиондармен еркін форматта пікір алмасты.
Жас спортшылар қос чемпионға спорт жолындағы алғашқы қадамдары, жетістікке жету барысында кездескен қиындықтар, тәртіп пен еңбекқорлықтың маңызы туралы түрлі сауалдар қойды. Өз кезегінде Махмұд пен Төрехан Сабырхан спорттағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жеңіске жетудің басты қағидаларына кеңінен тоқталды.

Шараға чемпиондардың әкесі әрі алғашқы жаттықтырушысы Айдархан Сабырханұлы да қатысып, балаларының жетістіктеріне қолдау көрсеткен аудан басшылығына және ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді.
Сонымен қатар, кездесуде Түлкібас ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Келесбек Жартыбаев және ішкі істер органдарының ардагері, партия ардагері Өтепбай Маткерімов сөз сөйлеп, ел намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғап жүрген чемпиондарға ризашылықтарын жеткізіп, алдағы жарыстарда толағай табыс тіледі.
Кездесу аясында аудандық спорт мектебінде бокстан әлем чемпиондары Махмұд және Төрехан Сабырхан жас спортшылармен тағы бір мәрте жүздесіп, шеберлік сағатын өткізді. Чемпиондар спорттағы тәртіп, табандылық, мақсат қою және өз-өзіне деген сенімнің жетістікке жеткізетін басты факторлар екенін атап өтті.

Жас былғары қолғап шеберлері үшін бұл жүздесу үлкен мотивацияға айналып, олардың спортқа деген құлшынысын арттырды. Шара соңында қатысушылар чемпиондармен естелік суретке түсіп, қолтаңба алып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары