Арыс қаласында ұлттық спорт түрі – көкпарды дамыту және оны өткізу барысында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жиын өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Жиналысқа қала әкімі Қайсар Маңқараев төрағалық етіп, құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау саласының өкілдері, көкпар федерациясы мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Мұндай форматтағы кездесулер ұлттық спортты жүйелі дамытуға және оны өткізу кезінде туындауы мүмкін тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Басқосуда Түркістан облыстық «Көкпар федерациясы» қоғамдық бірлестігі бекіткен «Жаппай көкпар» спортының ережелері егжей-тегжейлі талқыланып, облыс көлемінде өтетін дүбірлі көкпарлар ереже аясында өтуі керектігі айтылды. Оның ішінде көкпар өтетін орындарда қоғамдық тәртіптің сақталуы, қауіпсіздік және жаппай әрі командалық көкпарды дамыту мәселелері қаралды. Ол үшін ойын қатысушылары көп шоғырланған спорттық сайыста жергілікті құқық қорғау, прокуратура, денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп әрекет ету жағы пысықталды.
Жиында Арыс аудандық көкпар федерациясының төрағасы Абдулла Сүйінбаев баяндама жасап, саланы дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Ол көкпарды жүйелі түрде өткізу, жастарды ұлттық спортқа тарту және жарыстарды ұйымдастыру барысында қауіпсіздік талаптарын күшейтудің маңыздылығына тоқталды.

Жиын қорытындысында ұлттық спортты дамыту, қауіпсіздік талаптарын күшейту және ұйымдастыру жұмыстарын жүйелеу бағытында тиісті тапсырмалар берілді. Сонымен қатар алдағы уақытта көкпар жарыстарын өткізу кезінде бірыңғай талаптарды сақтау және жауапты мекемелердің өзара үйлесімді жұмыс істеуіне баса назар аударылатыны айтылды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары