Бұқаралық спортты дамыту және тұрғындар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау мақсатында Шардара ауданында «Қыс – 2026» аудандық марафоны ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Айта кетерлігі, бұл спорттық шара аудандар арасында алғашқылардың бірі болып өткізіліп, көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Қыс мезгілінде өткен бұл марафон Шардара жұртшылығы үшін нағыз спорт мерекесіне айналды.

Ауқымды іс-шараға Шардара қаласының 200-ге жуық тұрғыны қатысып, жоғары белсенділік танытты. Марафонға кәсіби спортшылармен қатар, спортты өмір салтына айналдырған қарапайым тұрғындар, жастар мен орта жастағы азаматтар, тіпті аға буын өкілдері де қатысты. Бұл – аудан халқының спортқа деген ынтасының артып келе жатқанын көрсететін жарқын көрініс болды. Үлкені мен кішісі бір мақсатта бас қосып, бір-біріне қолдау көрсетіп, бұқаралық спорттың шынайы рухын сезіндірді.
Марафон бағыты Шардара қаласындағы Абай алаңынан басталып, орталық стадионға дейін жалғасты. Жалпы жүгіру қашықтығы 3 шақырымды құрады. Қатысушылар үшін бағыт қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіліп, медициналық қызмет пен еріктілер жұмыс істеді. Жарыс барысында көрермендер де жиналып, спортшыларға қолдау білдіріп отырды.
Аталған марафонның ашылу салтанатына Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Туребеков арнайы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде мұндай спорттық бастамалардың маңыздылығына тоқталып өтті.
– Бүгінгі Шардара аудандық «Қыс – 2026» марафоны – тек спорттық жарыс қана емес, ерік-жігер мен табандылықтың, бірлік пен белсенділіктің мерекесі. Ауданымызда осындай ауқымды бұқаралық спорттық іс-шараның өтіп жатқаны қуантады. Мұндай марафондар арқылы салауатты өмір салты кеңінен насихатталып, бұқаралық спорттың дамуына серпін береді деп сенемін, – деді Бейсенбай Тасболатұлы.

Жарыс қорытындысы бойынша мәреге алғашқы болып жеткен қатысушылар аудан әкімінің атынан Алғыс хаттармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ерлер арасында:
I орын – Сакен Адырбай,
II орын – Заби Ерасыл,
III орын – Нұржан Әліпбек.
Әйелдер арасында:
I орын – Лаура Кенжебекова,
II орын – Эльза Сатилханова,
III орын – Ақдидар Жұманазар.
Сонымен қатар марафон аясында Шардара СЭС басқарма төрағасы, 54 жастағы Есхожин Рашид Қайратұлы спортты насихаттауға қосқан үлесі үшін «Үздік спортшы» медалімен марапатталды. Бұл марапат көпшілікке үлгі болатын азаматтардың еңбегін бағалаудың айқын көрінісі болды.

Іс-шара соңында аудан әкімінің орынбасары марафонға қатысқан барлық спорт сүйер қауымға алғысын білдіріп, тұрғындарды үнемі спортпен шұғылданып, денсаулықты нығайтуға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Шардарада өткен «Қыс – 2026» марафоны – бұқаралық спортты дамыту жолындағы маңызды әрі үлгілі бастама ретінде есте қалды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары