Түркістан облысының Келес ауданында ауыр атлетикадан жаңа жаттығу залы пайдалануға берілді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Бұл – аудан жастары үшін спортпен кәсіби деңгейде айналысуға жол ашатын, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Жаңа нысан «Keles» спорттық-сауықтыру кешенінің базасында ашылып, жасөспірімдер мен жастардың дене дайындығын нығайтуға, олардың спорттық әлеуетін арттыруға бағытталып отыр.

Жаттығу залы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Ауыр атлетикаға арналған арнайы штангалар, жаттығу құрылғылары мен қауіпсіздік құралдары толық орнатылған. Айта кету керек, аталған спорттық жабдықтар Келес ауданының тумасы, Түркістан облысы ауыр атлетика федерациясының вице-президенті Самат Ергешбаевтың демеушілігімен алынған. Бұл – туған жеріне деген жанашырлықтың, өскелең ұрпаққа қолдау көрсетудің айқын көрінісі. Сондай-ақ бұл бастама ауыл тұрғындары мен ата-аналар тарапынан бұрыннан көтеріліп келген ұсыныстар негізінде жүзеге асырылғаны да көпшіліктің ризашылығын арттырды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Түркістан облысы ауыр атлетика федерациясының президенті Алмасхан Жамбаев, федерацияның вице-президенттері, ауыр атлетикадан әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл және 2024 жылы Манама қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Нұрғиса Әділетұлы арнайы қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Танымал спортшылардың қатысуы жасөспірімдер үшін үлкен мотивация болды.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жаңа спорт нысанының тәрбиелік әрі әлеуметтік маңызына тоқталды.
– Ауыр атлетика – үлкен тәртіпті, табандылық пен ерік-жігерді талап ететін спорт түрі. Бұл зал – ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Біздің басты мақсатымыз – жастарды салауатты өмір салтына баулу, олардың қабілетін ерте анықтап, кәсіби спортқа бағыттау. Алдағы уақытта Келес ауданынан еліміздің намысын қорғайтын, әлемдік ареналарда көк туымызды желбірететін чемпиондар шығады деп сенемін, – деді аудан басшысы.
Өз кезегінде Түркістан облысы ауыр атлетика федерациясының президенті Алмасхан Жамбаев биыл Келес ауданымен қатар Леңгір, Түлкібас және Созақ аудандарында да ауыр атлетика залдары ашылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін Түркістан қаласы, Шымкент қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы облыстық мектеп-интернат, Арыс қаласы мен Шардара ауданында 100-ден аса спортшы тұрақты түрде жаттықса, енді бұл көрсеткіш айтарлықтай өседі. Бұл өз кезегінде өңірде ауыр атлетика спортын жүйелі түрде дамытуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Жаңа залдың ашылуы Келес ауданындағы спорт инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, олардың бойында тәртіп пен жауапкершілік қалыптастыруға оң ықпал етпек.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары