Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Спорт » ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА СПОРТ АРДАГЕРЛЕРІ АРАСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА СПОРТ АРДАГЕРЛЕРІ АРАСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Түркістан облысы Жетісай ауданында спорт саласының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан талантты бапкер, білікті басшы, Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ құрылғанына 5 жыл толуы мен клуб директоры Таласхан Битуреевтың 50 жас мерей тойына орай кіші футбол мен волейболдан 50 жастан асқан ардагерлер арасында халықаралық турнир ұйымдастырылды.

Аудан спортын дамытуға бағытталған айтулы шараға Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыс аумағындағы аудан-қалалардан, көршілес Өзбекстан Республикасынан командалар қатысып, өзара бақ сынасты. Турнир барысында әр команда өздерінің жоғары дайындықтарын көрсетіп, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті.

Тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар достық қарым-қатынасты нығайтып, өңіраралық байланыстарды дамытуға мүмкіндік берген маңызды шараның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Тұрышбек Елшібаев пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, қала әкімі Нұрлыбек Бахтияров пен спорт ардагерлері қатысты.

Шара барысында 30 жылға жуық уақытын спорт саласына арнаған Таласхан Битуреевқа құрмет көрсетіліп, арнайы құттықтаулар табысталды. Шәкірттері арғымақ мінгізіп, алғыстарын айтты.

Аудан жастары мен жасөспірімдерінің бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту арқылы дені сау ұрпақ, болашақ чемпиондарды тәрбиелеу ісінде сүбелі үлес қосып келе жатқан Таласхан Мырзабекұлы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Алтын қыран» орденімен, сондай-ақ «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Бұдан бөлек облыс әкімі мен Жетісай, Мақтаарал аудандары әкімдерінің, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хаттарына ие болған. Волейбол спортынан ҚР спорт шеберлігіне үміткер, спорт саласының үздігі ретінде де көпшілікке жақсы таныс.

Тартысты өткен турнир қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жекелеген ойыншылар арнайы кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Тағылымы жарыс өңір спортының дамуына тың серпін беріп қана қоймай, ардагер спортшылардың тәжірибесін кейінгі буынға үлгі етуге үлкен септігін тигізді.

Айта кетейік, айтулы спорт додасына кіші футболдан 10 команда, волейболдан 8 команда қатысты.

Турнир аясында ардагер спортшылар арасындағы ойындар тек бәсекелестік сипатта емес, өзара тәжірибе алмасу алаңы ретінде де жоғары бағаланды. Көп жылдық тәжірибесі бар қатысушылар жас спортшыларға ойын тактикасы, командалық үйлесім және дене дайындығын сақтау бойынша пайдалы кеңестер беріп, спорт мәдениетінің сабақтастығын көрсетті.

Сонымен қатар мұндай халықаралық деңгейдегі жарыстар өңірдің туристік және мәдени беделін арттыруға да ықпал етеді. Әр өңір мен көршілес елдерден келген қонақтар Жетісай ауданының инфрақұрылымымен, қонақжайлығымен және спорттық әлеуетімен танысып, оң пікір қалыптастыруда. Бұл болашақта өңіраралық ынтымақтастықтың кеңеюіне жол ашады.

Ардагер спортшылардың қатысуы салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызды құралы ретінде ерекше мәнге ие. Жасы ұлғайғанына қарамастан белсенділік танытқан қатысушылар жастарға үлгі болып, спортпен тұрақты айналысудың денсаулыққа пайдасын нақты көрсетіп берді. Бұл қоғамда спортқа деген қызығушылықты арттыруға серпін береді.

Сонымен бірге ұйымдастырушылар тарапынан көрсетілген жоғары деңгейдегі ұйымдастыру жұмыстары турнирдің сапалы өтуіне мүмкіндік берді. Спорт алаңдарының дайындығы, төрешілік жүйенің ашықтығы және қауіпсіздік шараларының сақталуы жарыстың әділ әрі тартысты өтуіне негіз болды.

Жалпы алғанда, Жетісайда өткен бұл халықаралық турнир тек спорттық жарыс қана емес, ардагерлерді құрметтеу мен салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған маңызды қоғамдық оқиға болды. Мұндай шаралар өңір спортының дамуына серпін беріп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етеді.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*