Шымкент қаласы Полиция департаментінде жеке құрам қызметкерлері арасында «Үлгілі отбасы» байқауы ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қызмет пен отбасы арасындағы үйлесімділіктің маңыздылығын көрсету және қызметкерлердің өзара ынтымақтастығын нығайту.
Байқауға Департаменттің 6 отбасы қатысып, үш кезең бойынша бақ сынады. Қатысушылар шығармашылық қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, құқықтық сауаттылығы, заңнаманы білуі, логикалық ойлауы және түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін танытты.
Мұндай іс-шаралар қызметкерлердің моральдық-психологиялық ахуалын нығайтып, отбасы құндылықтарын дәріптеуге және берік ұжым қалыптастыруға ықпал етеді.
Байқау барысында отбасының қоғамдағы орны, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі және отбасы мүшелері арасындағы өзара сыйластық пен түсіністіктің маңызы кеңінен көрініс тапты. Қатысушылар өздерінің ұйымшылдығы мен бірлігін танытып, отбасындағы татулықтың кез келген жетістіктің негізі екенін көрсетті.
Отбасылық құндылықтарды сақтау мен нығайту – қоғамның тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі. Осындай бастамалар ерлі-зайыптылардың өзара қолдауын арттырып, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, іс-шара қоғамдағы отбасылық және гендерлік саясаттың негізгі бағыттарымен үндесіп, отбасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін құрметтеу, әйелдер мен ерлерге тең мүмкіндіктер қалыптастыру және отбасындағы жауапкершілікті ортақ атқару мәселелерінің маңызын айқындады.
Қызмет пен отбасы өмірінің үйлесімділігі әрбір қызметкердің кәсіби міндеттерін абыроймен атқаруына, моральдық-психологиялық тұрақтылығын сақтауға және ұжымдағы жағымды қарым-қатынасты нығайтуға негіз болады. Ал отбасының қолдауы – жауапты қызмет жолында сенім мен күш беретін маңызды тірек.
Осындай тәрбиелік мәні зор байқаулар отбасылық дәстүрлерді дәріптеп қана қоймай, әр шаңырақтың қоғам алдындағы жауапкершілігін терең түсінуге ықпал етеді. Отбасындағы сыйластық, өзара көмек пен береке қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың нығаюына жол ашады.
Отбасы құндылықтарын ұлықтау бағытындағы игі бастамалар жалғасын тауып, әрбір шаңырақта татулық пен түсіністік салтанат құрсын! Берік отбасы – берекелі қоғамның, ал өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделген қарым-қатынас жарқын болашақтың кепілі.
Үлгілі отбасы – мықты қоғамның негізі.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары