«Әділет» партиясы Шымкент қаласында балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған Ашық есік күнін өткізді. Қалалық филиалға көмек пен кеңес алу үшін жиырмаға жуық азамат жүгінді. Өтініштердің басым бөлігі медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, әлеуметтік қолдау және инклюзивті білім беру мәселелеріне қатысты болды.
Азаматтарды «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов, сондай-ақ қаланың тиісті басқармалары басшыларының орынбасарлары Құдайберген Қалдықараев пен Айман Оспанова қабылдады.
Қабылдау барысында қала тұрғындары жүйелі шешімді қажет ететін бірқатар мәселелерді көтерді. Қала тұрғыны Мөлдір Нақыпова целиакия диагнозы қойылған екі баланы тәрбиелеп отырғанын айтып, оларды емдік тағаммен қамтамасыз ету мәселесі бойынша көмек сұрады.
«Балаларымыз медициналық көрсеткіштерге байланысты құрамында глютені жоқ арнайы өнімдерді тұрақты түрде тұтынуы қажет. Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан мұндай тағамдармен қамтамасыз ету бойынша қолдау көрсетіледі. Алайда бұл көмек бала 18 жасқа толғанға дейін ғана қарастырылған. Целиакия кезінде арнайы диетаға деген қажеттілік адамның жасы ұлғайған сайын жойылмайды. Сондықтан осы көмекті кәмелетке толған азаматтарға да жалғастыру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», – деді ол.
Партия өкілдері бұл мәселенің назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Ербол Байқонысов жағдайға қатысты пікір білдірді.
«Бұл мәселенің отбасылар үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Қолданыстағы талаптар мен медициналық стандарттарды бейінді мамандармен бірлесіп егжей-тегжейлі зерделеу қажет. Мәселені шешудің нақты тетіктері айқындалғаннан кейін тиісті ұсыныстарды уәкілетті мемлекеттік органдардың қарауына жолдау мүмкіндігін қарастырамыз», – деді Ербол Байқонысов.
Қабылдау барысында білім беру ұйымдарының тапшылығы мәселесі де кеңінен талқыланды. Ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған қала тұрғыны Ақнұр Ақмолдаева Шымкентте арнайы орталықтардың жеткіліксіз екеніне назар аударды. Ол өз жағдайымен бөлісті.
«Кез келген ата-ана сияқты мен де баламның білім алып, жан-жақты дамығанын қалаймын. Өкінішке қарай, қалада арнайы білім беру орталықтары жеткіліксіз. Ал қолданыстағы түзету мектебіне баламызды орналастыруға бос орын болмағандықтан, мүмкіндігіміз болмады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған білім беру ұйымдарының санын көбейту өте маңызды деп санаймын», – деді ол.
Кездесуде қатысушылар ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алу құқығы тек мектепке қабылдану фактісімен шектелмеуі тиіс екенін атап өтті. Толыққанды инклюзияны қамтамасыз ету үшін балаларға бейімделген орта қалыптастыру, білікті мамандармен қамтамасыз ету, оқу бағдарламаларының икемділігін арттыру және ата-аналарға жүйелі қолдау көрсету қажет.
Келіп түскен барлық өтініштер тіркелді. Бірқатар мәселе азаматтарды қабылдау барысында тікелей шешімін тапты. Қосымша сүйемелдеуді және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын қажет ететін мәселелер «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының бақылауында болады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары