ҚР Президенті өз Жолдауында нашақорлық, зиянды заттардың азаматтардың, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырған болатын. Азаматтарымыздың, жастарымыздың дені сау, жаман әдеттерден аулақ болуына, қоршаған табиғи ортаның таза болуы үшін күш салуға үлкен мән беріліп отыр.
Осы бағытта, Шымкентте жыл соңына дейін 5 спорт кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Аманжолұлы брифинг барысында мәлімдеді. Бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені белгілі. Қалада статистикалық есеп бойынша 1075 спорттық нысан жұмыс жасауда. Сондай-ақ, 2023 жылдың ақпан айында қаламызда «Үстел теннисі спорт кешені» пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін демеуші есебінен Жаңа ипподром құрылысы мен «SPORT LIFE» футбол орталығының құрылысы, бюджет есебін «Металлург» стадионының, №12 спорт мектебінің қосымша корпусының, №20 спорт мектебінің спорт кешенінің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, қалада бұқаралық спорттан бөлек, ұлттық спорт түрімен шұғылданатын азаматтар саны артқан. 2022 жылдың статистикалық қорытындысына сәйкес, шымкенттіктердің 42 пайызы, яғни 498 852 адам дене тәрбиесімен айналысып, спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Ұлттық спорт түрлерімен шұғылданатын азаматтар оның 4.1 пайызын құрап отыр. Мегаполисте ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дамыту мақсатында Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы жұмыс істеп келеді. «Кешенді спорт клубында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыcпақ, жекпе-жек, жамбы ату, конкур, көкпар, теңге ілу, бәйге бойынша 10 бөлім жұмыс істеп тұр. Бүгінде ұлттық спорттың 10 түрінен 107 оқу тобы жасақталып, онда 1082 спортшы жаттығып жүр.
Ал, жас спортшыларды өз саласының білгір 54 оқытушы-жаттықтырушысы баптап жүр», — дейді мамандар. Қазіргі таңда ұлттық спорт түрінен ҚР Еңбек сіңірген 2 жаттықтырушы еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, ҚР жасөспірімдер, жастар, ересектер құрама командасының тізімінде 1 ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, 4 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 8 ҚР спорт шебері, 111 Спорт шеберіне үміткер және І спорттық дәрежедегі 57 спортшы бар.