«Еліміздің басты құндылығы – адам». Бұл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан сөзі. Президент бұл Жолдауда әрбір қазақстандықтың сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды тапсырмалар берді. Оның ішіндегі ең басты бағыт ұлт саулығына арналып отыр.
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың саны жалпы халықтың 50%-ын қамту көрсеткіші бекітілген, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 458 852 адамды, яғни, қала тұрғындарының 42%-ын құрады. Сондай-ақ, 2022 жылғы жоспар бойынша мегаполис халықының 1000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу көрсеткішін 51%-ға жеткізу болатын, жыл қорытындысы бойынша аталған көрсеткіш 59,9 %-ға асыра орындалды. Одан бөлек, спорт мекемелерінің және жан басына шаққандағы спорттық секцияны қаржыландыру бойынша Абай ауданында 46 мекенжайда, Әл-Фараби ауданында 49 мекенжайда, Еңбекші ауданында 35 мекенжайда, Қаратау ауданында 59 мекенжайда, Тұран ауданында 48 мекенжайда спорттық секциялар жұмыс істейді. Спорт кешендері, стадиондар, футбол манеждері, фитнес-тренажер залдары бойынша Абай ауданында 14, Әл-Фараби ауданында 37, Еңбекші ауданында 8, Қаратау ауданында 34, Тұран ауданында 33 спорттық нысан бар.
Сондай-ақ, биыл Қаратау ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жеті ашық спорт алаңшасын орнату жоспарлануда. Нақтырақ айтсақ, жыл соңына дейін тұрғындардың талабы ескеріліп, Тұранда — 2, Нұртаста — 2, Таскен тұрғын алабында -2, Өтеміс тұрғын алабында – 2 және Шапырашты тұрғын алабында — 1 спорт алаңы бой көтереді.
Жобада жаттығуға арналған Workout элементтерімен бірге, демалушыларға арналған орындар қарастырылған. Заманауи талапқа сай бой көтеретін алаңшалар бұқаралық спортты дамытуға, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.
Спорт алаңшаларына орнатылатын ойын және спорт элементтерінің басым бөлігі Шымкенттегі кәсіпорындарда өндірілген отандық өнімдер.
Өткен жылы Қаратау ауданында осы бағдарлама шеңберінде 26 жоба бойынша аулалар абаттандырылып, ойын алаңшалары орнатылған болатын.
Айта кетейік, Шымкентте ұлттық спорт түрімен шұғылданатын азаматтар саны артып, 20 742 адамға жетті. 2022 жылдың статистикалық қорытындысына сәйкес, шымкенттіктердің 42 пайызы, яғни 498 852 адам дене тәрбиесімен айналысып, спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Ұлттық спорт түрлерімен шұғылданатын азаматтар оның 4.1 пайызын құрап отыр. Мегаполисте ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дамыту мақсатында Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда ұлттық спорт түрінен ҚР Еңбек сіңірген 2 жаттықтырушы еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, ҚР жасөспірімдер, жастар, ересектер құрама командасының тізімінде 1 ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, 4 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 8 ҚР спорт шебері, 111 Спорт шеберіне үміткер және І спорттық дәрежедегі 57 спортшы бар.