Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Спорт » ЕРСҰЛТАН МҰЗАППАРОВ «ШЫМКЕНТ БАРЫСЫ – 2023» ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

ЕРСҰЛТАН МҰЗАППАРОВ «ШЫМКЕНТ БАРЫСЫ – 2023» ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

Шымкент қаласында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай қазақ күресінен «Шымкент барысы» қалалық іріктеу турнирі дүркіреп өтті. Жеңіл атлетикалық спорт кешеніндегі сайыста салмағы 90 келіден асатын, жалпы 18 балуан күш сынасты.
Турнирдің ашылу салтанатында Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық қазақ күресі федерациясының президенті Балтабай Асанов іс-шараның маңызы зор екеніне тоқталып, ұлттық спортқа қолдау жалғаса беретінін айтты.
– Ұлттық спорт түрлері ата-бабаларымыздан келе жатқан асыл мұрамыз. Біз оны көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз аз емес. Шаһарда қазақ күресінен әлемдік деңгейде биік тұғырлардан көрінген, әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Сайыстың Отан қорғаушылар мерекесіне орай өткізілуінің де өзіндік символикалық мәні бар. Отан қорғау үшін күш те керек, рух та керек. Мұндай турнирлердің ұлттық спортты дамыту, нағыз отан қорғаушыларды тәрбиелеуде маңызы зор, – деді қала мәслихатының төрағасы.
Сонымен, әлем және Азия чемпионатының жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберлері қатысқан сайыстың жеңімпаздары анықталды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов бүгінгі белдесулерде топ жарған балуандарды марапаттап, жерлестерімізге алдағы додаларда сәттілік тіледі. Жеңімпазға 1 миллион теңге, екінші орынға 500 мың, үшінші орынға 300 мың теңге сыйақы берілді.
Айта кетсек, «Шымкент барысы» қалалық іріктеу турнирінде белгілі балуан Ерсұлтан Мұзаппаров жеңіске жетті. Жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Мейіржан Әбдімәліков екінші орынға ие болды. Енді олар шілде айында Астана қаласында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық жарысында Шымкенттің намысын қорғайды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*